Kyzylorda-news.kz  Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы саласы тұрақты дамып келеді. Биыл егіс алқаптарының құрылымы оңтайландырылып, суды аз қажет ететін дақылдардың көлемі көбейтілді. Суармалы суды үнемді пайдалану, агротехникалық шараларды күшейту арқылы өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі артып отыр. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев мәлімдеді.

– Ауыл шаруашылығын дамыту – біздің өңір үшін басым бағыттардың бірі. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында салада өсім байқалды. Нақтырақ айтсақ, 31,5 млрд теңгенің өнімі өндірілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жоғары көрсеткіш. Биыл 189 мың гектарға жуық жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде дәнді дақылдар 92 мың гектарды, мал азықтық дақылдар 73 мың гектарды, ал картоп, көкөніс, бақша өнімдері 17 мың гектарды құрап отыр. Су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында күріш алқаптарының көлемі өткен жылмен салыстырғанда қысқартылып, биыл 80 мың гектар жерге күріш егілді.

 Бүгінде күріш алқаптарының басым бөлігінде түптену, түтікке шығу, масақтану кезеңдері жүріп жатыр. Агроқолдау шараларының нәтижесінде егістік жерлерде үстеп қоректендіру, арамшөптерді жою жұмыстары уақтылы жүргізілуде. Облысқа белгіленген су лимиті - 3,9 млрд текше метр. Қазіргі уақытта Шардара су қоймасынан Сырдарияның төменгі ағысына қажетті көлемде су жіберіліп жатыр. Бұдан бөлек, қашыртқы суын тиімді пайдалану үшін облыс көлемінде 238 насос қондырғысы іске қосылды. Суды үнемдеу мақсатында биыл 60 мың гектар күріш алқабы лазерлік әдіспен тегістелді. Сонымен қатар, су үнемдеу технологияларын қолдану көлемі екі есеге артып, 8 мың гектардан асты. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады, – деді Талғат Тұрсынұлы. 

Сыр өңірінде ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау көлемі жыл сайын артып келеді. Қазіргі таңда күріш, балық өнімдері, қамыс сынды тауарлар әлемнің бірнеше мемлекетіне жөнелтіледі. Сонымен бірге, ауыл халқының әл-ауқатын арттыруды көздейтін «Ауыл аманаты» жобасы аймақта қарқынды жүзеге асуда. Жоба арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, ауыл кәсіпкерлігі мен кооперативтер саны артып келеді.

- Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы өнімдері бүгінде әлемнің 19 мемлекетіне экспортталып жатыр. Жыл басынан бері жалпы көлемі 37 мың тоннадай өнім шетелге жөнелтілді. Экспорттың негізгі бөлігін күріш құрайды. Бұл өнім Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Грузия, Ирак сияқты елдерге шығарылады. Сонымен қатар, балық өнімдері мен қамысқа да сұраныс жоғары. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарына үлкен мүмкіндік берді. Соңғы екі жылда өңірде жүздеген жоба қаржыландырылып, мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Шағын кәсіпкерлік дамып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бағытында да кәсіпорындар көбейді. Асыл тұқымды мал басы көбейіп, жылыжайлар ашылды. Біз әр жобаны жүзеге асыруда кәсіпкерлерге бағыт-бағдар беріп, оларды сүйемелдеу жұмыстарын жүргізудеміз. Ауылдағы ірі шаруашылықтар да бұл бастаманы қолдап, елді мекендердің әлеуметтік дамуына үлес қосуда. Соның бір айғағы - Сырдария ауданы Бесарық ауылындағы «Абай Дәулет» серіктестігінің қолдауымен ашылған өндірістік орталық. Мұнда бірнеше жоба іске қосылып, жаңа жұмыс орындары ашылды. Бұл - ауылдағы кәсіпкерліктің жандануының нақты көрінісі, - деді басқарма басшысы.

Ауыл шаруашылығында өнім көлемі артуда.jpg

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Тағы да оқыңыз: