Kyzylorda-news.kz. Елдің еңбекпен көркейетінін ескерсек, еңбек адамының қоғамда қашанда орны ерекше, абыройы биік. Халық еңбекке бейім болса, ел ырысқа кенеліп, өзгелермен терезесі теңеліп, бақуатты, бәсекеге қабілетті мемлекет болып нығаяды. Осы орайда кәсіпкерлік саласын өркендетуге арналған жобалар мемлекет тарапынан қолдау тауып, ел игілігі үшін қызмет етуде.
Қармақшы ауданына қарасты Жаңажол ауылында мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсібін жолға қойған еңбеккерлермен біршама. Өткен жылы іске қосылған жаңа жобаның игілігін көріп отырған осындай жанның бірі – жаңажолдық Айдын Мұсаев. Ол «Ауыл аманаты» жобасы бойынша жақында ғана жеңілдетілген несие алып, техника тізгіндеген.
Көпбалалы әке 2012 жылға дейін шаруашылықта еңбек еткен. Кейіннен камаз автокөлігін жалға алып, жеке кәсібін жүргізген. Жазда шебін тасыса, күзде күріш таситын ол береке кілті тынымсыз еңбекте екенін айтады. Отбасын адал кәсібімен асырап отырған ол ауыл тұрғындарын жаңа жобаға қатысып, табыс табуға үндейді. Оның айтуынша, елді мекендегі халыққа бұрын мұндай жеңілдік берілмеген. 2,5 пайызбен несие алу бұл – өте тиімді.
Жоба туралы ауыл әкімшілігінен, теледидар жаңалықтардан естіп, қатысуға бел будым. Алдымен аудандық кәсіпкерлік бөліміне құжат өткіздім. Кейіннен Қызылорда қаласына барып қажетті құжаттарды рәсімдеп, жеңілдетілген несиеге ие болдым. Өзімде бұрыннан тіркеме бар еді. Сондықтан камаз автокөлігіне таңдауым түсті. Көршілес ауылдарға тас, шөп, күріш тасуды жоспарлап отырмын. Алғашқы алты ай несие төлемеймін. Бұл ісін жаңадан бастап жатқан кәсіпкер үшін өте тиімді дер едім. Себебі кез келген кәсіп шығынсыз басталмайды. Шаруасы ширап жүріп кетемін дегенше тынымсыз әрекет пен уақыт қажет. Жалпы «Ауыл аманаты» жобасының бағыты ұнады. Әрі пайызы да көп емес. Мұндай жобалар көбейе берсе, еліміз қуатты елге айналары сөзсіз, – дейді кәсіпкер Айдын Рахманұлы.
Қарапайым болмысымен алысты көздеген кәсіпкер ағамыз жары Шолпанмен 6 перзент тәрбиелеп отыр. Жұбайы ауылдық мәдениет үйінде есепші болып қызмет атқарады. Тұңғыш қыздарын биыл құтты орнына қондырса, енді бірі – студент. Одан кішілері мектеп пен балабақшаға барады.
Менің түсінігімде ер адам аз ұйықтап, көп жұмыс істеу қажет. Қазір «жұмыс жоқ» деп қарап жататын заман емес. Іздеген адамға жұмыс көп. Тіпті мемлекет берген мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, ауылда қажет деген білікті маман, кәсіп иесі атануға болады. Бастысы, «отбасымды адал еңбекпен асыраймын» деген ниеттің болуы. Меніңше, еңбек еткісі келген адамға жұмыс табылады, әрекетіңе қарай табыс та бар. Жалпы, адамды көркейтетін, өмірге құштарлығын арттыратын еңбегі ғой. Өз маңдай теріңмен табыс табатын болсаң, ұстанымың да өзгереді. Жан-жағыңа басқаша қарай бастайсың. Сон-дықтан сылтау іздемей, барынша жалқаулықты қойып, еңбектену керек, – дейді кәсіпкер.
Еңбекке де, кәсіпке де құштар кейіпкеріміздің жоспары айқын, арманы асқақ. Қай кезде де өз биігіне тек таза еңбегімен қол жеткізгісі келетін Айдын Рахманұлын бүгінгі жастарға үлгі болатын нағыз азамат.