Kyzylorda-news.kz Қармақшы ауданы Ақай ауылындағы жеке кәсіпкер Мейрамкүл Рыспанбетова асыл тұқымды ешкі өсіріп, сексек ата төлінің ерекше қасиетін шынайы сезіп, өнімін қажетке жаратуда. Бұл туралы «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының баспасөз қызметі хабарлады.
Ешкі малын өсіруге қызығушылық танытқан біздің кейіпкеріміз «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында өткен жылы 3 млн теңге жеңілдетілген несие алып, 15 бас заанен және альпиский ешкілерін сатып алады. Осылайша сүт бағытында ешкі өсіруге шындап кіріседі.
Бұлар өте ақылды болып келеді екен. Саууға келгеніңді біле қойып, алдыңа кезек-кезегімен тұратынын айтсаңшы. Күніне 3 рет сауамыз. Әр сауғанда бір ешкі 1-1,5 литрден кем емес сүт береді. Алған ешкілерімнің барлығы көктемде төлдеп, бүгінде бірнеше бас лақ өсірудеміз,– дейді кәсіпкер.
Ешкі малы аса жоғары күтімді де талап ете қоймайды. Кәдімгі жем-шөбін уақытылы беріп отырса жеткілікті. Бүгінде кәсіпкерден бойына бар асылды жинаған осы асыл тұқымды ешкі сүтін, майы мен құртын сатып алушылардың қатары да молайған. Олардың көпшілігі түрлі дертке шалдыққан науқастар мен жаңа туған балаға қосымша қорек ретінде сатып алушылар екен.
Мейрамкүл Бекайдарқызының айтуынша, ешкі малын өсіру тыңнан келген жақсы идея болды дейді. Алдағы уақытта мал басын молайтып, өнімдерімді сыртқа шығарып сату жоспарда бар екенін айтты.
Фото: egemen.kz