Kyzylorda-news.kz М.Шәменов ауылының тұрғыны Пұсырмановтар отбасы ерте көктемнен еңбек етіп, бүгінде адал істің жемісін көріп отыр.
Алғашында өз ұлының шағын көшет отырғызатын орыннан басталған іс, қазір отбасын ұйыстырған кәсіп түріне айналған.
Аядай ауладағы ауқымды бастаманы тәуекел етіп бастаған бұл шаңырақ, өз өнімдерін қолжетімді бағада ауылдағы дүкен сөрелеріне шығарып отырады.
Сондай-ақ қызанақ және кияр көшеттерін аудан тұрғындары мен көрші аудандарға сатылымға шығаруда.
Тіршіліктің тиімді тетіктерін тапқан отбасы, жылыжай шаңырақтың ортақ ісі мен бас біріктіретін берекелі мекеніне айналды дейді.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес баға тұрақтылығын сақтауда, тұрғындардың негізгі сұранысқа ие бау бақша өнімдерін жергілікті жерден тұтынуда Пұсырмановтар отбасының жаңа бастамасы үлгі болары анық.
Сонымен қатар елді мекендерде кәсіпкерлікті дамыту бойынша «Ауыл аманаты» жобасы аясында жеңілдетілген несие алған кәсіпкерлердің оң бастамасы қарқынды жүзеге асуда.
2023 жылы Т.Жүргенов ауылынан 2 кәсіпкер және Жаңаталап ауылынан 1 кәсіпкер аталмыш жобаның игілігін көрді. Жаңаталап ауылдық округінен Асқар Аптихалов пластик терезелер дайындау цехын ашып, 1 адам жұмыспен қамтыды.
Т.Жүргенов елді мекені бойынша Гүлнара Берденқызы асыл тұқымды мал басын көбейтіп қолға алды. «Ауыл аманаты» жобасы аясында Серікбол Сайманов кәріз көлігін сатып алып, бүгінде ауылға қол жетімді қызмет көрсетуде.
«Ауыл аманаты» жобасы арқылы серпін алған кәсіпкерлік бағыттағы оң бастамалар туралы алдағы апталарда шығарылатын болады.
Қорлан САРЫ
Фото:aqmeshit-zhastary.kz