Фото: itolqyn.com
Kyzylorda-news.kz Шиелі ауданында мемлекеттік қолдаудың арқасында жеке кәсіптерін ашып жатқан жандардың саны арта түсуде. Олардың арасында жеңілдетілген несие алып, кәсіпкерлікпен айналысу арқылы табыс тауып қана қоймай, аудандағы жұмыссыздық деңгейін азайтуға да өз үлестерін қосуда.
Бүгінгі кейіпкеріміз осы ауданға қарасты Бәйгеқұм ауылының тұрғыны Алмас Абуов – «Алмас омартасының» басшысы. Ол 2023 жылы «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 6 млн теңге жеңілдетілген несие алып, бүгінде бал өндіру ісін дамытуда.
Алмас омарташылықты осыдан 6 жыл бұрын қолға алған. Бал ара шаруашылығын кеңейту мақсатында «Ауыл аманаты» жобасына қатысу үшін «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына өтініш берген. Кәсіп иесі, несиеге алған қаражатына шаруашылыққа қажетті құрал-саймандар, бал араларын сатып алғанын жеткізді. Нәтижесінде бал аралардың артып, жылына 3,5 тонна өнім алу мүмкіндігіне ие болған. Адал еңбегімен шаруашылығын өрге дөңгелеткен жас кәсіпкер мамыр айынан бастап қоңыр күзге дейін бал араларының ұясын алып, табиғат аясына кетеді. Қазіргі таңда омартада 20 жәшік ара жұмыс жасауда.
Бал арасы өзі көп түрге бөлінеді. Әр қайсысының өзіндік пайдалы әрі емдік қасиеттері бар. Дәл қазір біз мамыр балының ағызылымын аяқтаудамыз. Мұнан соң шеңгелден, миядан, қоянсүйектен өнім алу үшін ұяларды көшіреміз. Табиғи өнімге сұраныс өте көп. Ауылдардан, аудан, облыс орталығынан алып кетушілер қарасы қалың, – дейді омарташы Алмас.
Айта кетейік, өткен жылы Шиелі ауданынан 75 азамат аталмыш жоба арқылы 2,5% жеңілдетілген несие алған. Шағын бизнесті дамытуға бағытталған бұл бағдарлама ауыл тұрғындары үшін үлкен септігін тигізуде.