Kyzylorda-news.kz Аграрлық саланы дамытудағы «Ауыл аманаты» жобасы ауыл халқының әл-ауқатын жақсартуға және әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған. Жлба аясында жылдық 2,5 пайызбен берілетін жеңілдетілген несие азаматтарға идеяларын жүзеге асыруға, өз ісін ашуға және жұмыссыздықты азайтуға мүмкіндік береді.
Өткен жылы республикалық бюджеттен 3 миллиард теңге қаралып, 406 жоба несиелендірілген. Соның нәтижесінде 713 жұмыс орны ашылды. Биыл 4 миллиард 600 миллион теңге қаржы бөлінуде. Осы орайда
қала және аудан әкімдеріне жауапкершілік артылған. Олар бағдарламаның артықшылықтарын тиімді пайдаланып, ауыл халқының табысын өсіруге ұмтылуы тиіс.
Аталған жобаны тиімді пайдаланған ауылдың бірі – Сырдария ауданына қарасты Бесарық ауылы. Бесарық ауылыныңда бағдарлама асында атқарылған жұмыстарды өзге ауылдар үлгі етуі керек. Мұны облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ауыл әкімдеріне нықтап тапсырған болатын.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы өнім өндірумен қатар оны өткізу мәселесін де шешуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ басымдық өңірдің ерекшелігіне қарай өндірістік жобаларға беріледі. Ал мал шаруашылығына қатысты жобаларға асылтұқымды мал сатып алу талабы қойылады. Бұл төрт түліктің тұқымын түрлендіруге жол ашады, сонымен бірге жақындарының малын тіркеп қоюшыларға кедергі болмақ. Осылайша қаржы нақты мақсатына жұмсалады. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша аймақта 1 томат пастасы цехы, 34 жылыжай ашылып, 671 асылтұқымды төрт түлік алынған. Сонымен бірге, 21 сүт және ет өнімдері өндірісі іске қосылып, 66 ауыл шаруашылығы техникасы әкелінген. Оған қоса 14 балық, 18 құс шаруашылығы өркен жайды. Жоба қатысушыларының арасынан 38 адам кондитер және нан өнімдерін пісірумен айналысады. Бұдан бөлек 3 гидропоника, 7 жиhаз, 34 пластикалық өнімдер мен құрылыс материалдары өндірісі, 98 қызмет көрсету орны ашылған.
Мемлекеттік бағдарламаның игілігін көрген 106 елді мекенде 51 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, оның 33-і 716 миллион теңгеге қаржыландырылған. Ал биыл 575 жобаны іске асыру, 610 жұмыс орнын ашу көзделуде.
А.Әлім