Kyzylorda-news.kz Қай кезде де еңбек адамына деген құрметтің ерекше екені белгілі. Қайнаған еңбектің ортасында жүріп еңсесін тіктеген жандар қашанда алғыс арқалайды. Әсіресе, туған елдің өркендеуі үшін жұмыс істеп, қамбасын дәнге толтыратын диқандар қауымына ел-жұрт дән риза. Көктемнің ызғарлы желіне қақталып, жаздың ми қайнатар ыстығына апталып еңбек ететін диқандар биыл да күріштен мол өнім жинап, ел ырысын арттырды. Шиелі ауданындағы іргелі шаруашылықтың бірі саналатын «Ақмая» шаруа қожалығында жиын өткізіліп, еңбек озаттары марапатталды.
Берекелі бірлік бар жерде, нәтижелі тірлік болары сөзсіз. Әсіресе, тағдырларын жермен байланыстырған еңбек адамдары бірлікболмай, тірлік болмайтынын жақсы біледі. «Әлемнің әміршісі – еңбек» екенін қағида етіп ұстайтын ақмаялық еңбеккерлер талайға үлгі көрсетіп келеді.
Ауылдағы жиынға тұрғындар көптеп қатысты. Олардың бал-бұл жайнаған жүздерінен көңіл-күйлерінің көтеріңкі екені сезіліп тұрды.
Ақмая ауылындағы мәдениет ошағында өткен шараны Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Бағлан Сағындықов ашып, дала еңбеккерлерін жетістіктерімен құттықтады. Салтанатты шараға аудандық мәслихат төрағасы Мұрат Тұрабаев, «Аманат» партиясы Шиелі аудандық филиалының төрағасы Болат Сыздық,«Шарайна-Сейхун» газетінің бас редакторы, жазушы-журналист Нұрмахан Елтай,«Өскен өңір» газетінің бас редакторы Нұрболат Пірімбетов қатысты.
Жылды қорытындылаған шаруашылық төрағасы көпшілік алдында жыл бойғы жұмысының да есебін берді. Шаруашылық төрағасының сөзіне сенсек, биыл 1300 гектар жерге негізгі дақыл күріш егіп, нәтижесінде 5609 тонна 680 келі астық жинап, орта есеппен 43 центнерден өнім алған. Атап айтар болсақ, Гүлсім Дәрібаева басқаратын №1 бригада 390 гектар жерден 46 центнерден орташа өнімге қол жеткізген. Ал Қайрат Тастанбеков №2 бригада 390 гектар жерден 40 центнерден өнім алса, Азамат Кемелов жетекшілік ететін №3 бригада 240 гектар жерден 38 центнер астық жинаған. Осынау игі жолды жалғаған Ерлан Сұлтанов басқаратын №4 бригада 397 гектар 42 центнер өнім жинаған.
Қазір шаруасы шираған қожалықта ілкімді істі еңбекпен игеріп отырған 120 адам, оның ішінде 50 адам тұрақты, ал 70 адам маусымдық жұмыспен қамтылған. Бірі – егіс даласындағы қызу тірлікке араласса, енді бірі – шаруа қожалықтың фермадағы жұмысын тиянақты атқарып жүр. Еңбектің мәні мен маңызын түсінген ауыл азаматтарының осынау жүйелі ісінің арқасында ауыл іші көркейіп, жұмысы қарқындап тұр.
– Барлық жиналған 5609 тонна 608 кг өнімнің, 4827 тонна 580 кг ИП «Байдалиев»-ке келісім-шарт бойынша берілді. Келесі жылға тұқымға №1 қоймада 280 тонна 700 кг, №2 қоймаға тұқымдық күріш 420 тонна 600 кг кіргізілді, 80 тонна 700 кг диірменге ақтауға кетті.
2024 жылы шаруашылық 178 гектар жерге бидай егіп, 114 тонна 770 кг астық жинады. Оның ішінде 72 тонна бидай тұқымдыққа тазаланып, 368 гектар жерге күздік бидай егілді. 2024 жылғы ескі жоңышқа 631 га, жаңа жоңышқа 178 га, барлығы 809 га жоңышқа шөбінен 20 мың 014 рулон шөп жиналды. Оның ішінде фермаға 11 мың 770 рулон, жер үлес есебінен 7 мың 609 рулон, сатылғаны 635 рулон. Табиғи шөптен 3 мың 228 рулон, сабан шөптен 1 мың 785 рулон шөп жиналды, – деді шаруа қожалық төрағасы Дәулет Жұмбеков.
Шаруашылық төрағасы Дәулет Жұмбеков халыққа берген есебінен соң, жыл бойына еңбек еткен, күріште мол өнім жинаған азаматтарды ақшалай сыйақымен марапаттады. Темір тұлпарды тізгіндеп, шаруашылықта механизатор болып жұмыс істейтін 27 азаматқа 100-150 мың теңге аралығында ақшалай сыйлық берілді. Негізгі дақыл күрішті өсіруде елеулі үлес қосқан 12 звено жетекшілері мен сушыларға 100-450 мың аралығында және үздік өнім жинаған еңбек озаты Бейсенбек Култупановқа 1 000 000 теңге, еңбек майталманы Нұрбол Байжановқа 1 300 000 мың теңге қаржылай сертификат табыс етілді.
Сондай-ақ үздік механизатор Ермекбай Ибрагимов, Төрехан Алтаев, Әділхан Қасымбекке ақшалай сыйақымен қоса, дәстүрге сай Жаңақорған шипажайына жолдама берілді.
Шаруашылық ұжымы биыл зейнет жасына жеткен қызметкерлерді де қалыс қалдырмады. Шаруашылық жұмысының ширақ болып, өнімді жұмыс істеуіне сүбелі үлес қосқан Асқарбай Абдраманов, Берікбай Ибрагимов, Әбдібек Тілеубаевқа арнайы сый-құрмет көрсетіп, үстеріне шапан жапты.
Одан соң шаруашылықта үздік қызмет еткен азаматтарға, еңбек ардагерлеріне «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек даңқы» «Ардақты ардагер» аталымдарымен орден-медальдар тағылды.
Тағы бір атап өтерлігі, «Озат майталман – 2024» номинациясы звено жетекшісі Сәулебек Әлтайға, механизаторлар Бейсенбай Қасымұлына, Досбол Хайырбекұлына автокөлік кілті табысталды. Сондай-ақ шаруашылық тірлігін түлетіп отырған облыстық мәслихат депутаты, «Ақмая» шаруа қожалығының төрағасы Дәулет Жұмбековке шаруашылық инвесторы Қанат Байдалиев темір тұлпар мінгізді.
Кезінде бұл ауылдан 16 Социалистік Еңбек Ері шығып, күллі кеңес одағына үлгі болған. Омыраулары орден-медальдармен жарқырап жалт-жұлт етіп келе жатқан еңбек майталмандарын көргенде бейнебір аспан түгілі жердің бетінде жұлдыздар жүргендей әсер қалдырады екен. Мұның барлығы сол кезеңдегі еңбек адамдарына деген жасалған құрмет. Бұл үрдіс арада қанша уақыт өтсе де тоқтаған емес. Сол игілікті тірліктің айғағындай болып, ауданымызда жыл сайын «Алтын күз» мерекесі өтіп, еңбекте озат болған жандар марапатталып келеді. Биыл «Ақмая» шаруа қожалығы аудан бойынша озаттардың көшін бастады. Осының өзі бұл ауылдағы адамдардың барынша еңбекке жақын екенін аңғартады.
Шара барысында ауыл ақсақалдары шаруашылық төрағасы Дәулет Жұмбековтің атқарған жұмысына оң баға беріп, алдағы уақытта бұдан да биік белестерді бағындыруына тілектестігін білдірді.