Kyzylorda-news.kz. «Amanat» партиясы атынан облыстық мәслихат депутаттығына сайланған Алмас Рахметов ауыл шаруашылығы мәселелерін көтеріп келеді. Әсіресе, күріш шаруашылығы, су ресурстары және оны үнемдеу мәселесін назардан тыс қалдырған емес.

– Облыс басшылығы тарапынан су тапшылығына байланысты тиісті іс-шаралар қолға алынып отыр. Суды үнемді пайдалану, егіншілерге қажетті насостар, тұқым, минералдық тыңайтқыштар, жанармай, мұның бәрі – диқанның қамы. Жергілікті тұрғындардың бау-бақша дақылдарын егуіне қолайлы жағдай жасалуда. Әйтсе де алдағы уақытта судың жағдайы қалай болады? Әзірге нақты шешім айту қиын. Бұл – табиғат құбылысынан туындап отырған күрделі мәселе. Келешекте бұдан да күрделене түсуі мүмкін. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Сондықтан қолдағы су көзін тиімді пайдалануымыз тиіс. Мемлекет басшысы еліміздің көптеген аймағында су қоймаларын салу мәселесін көтерді. Солардың бірі – «Қараөзек» су қоймасы. Мамандардың айтуынша, су қоймасы қызылордалық егіншілердің мұқтажын шешуге ықпал етпек. Әйтсе де осы су қоймасын дарияның қай бөлігінен салған тиімді? Менің ойымша, оны дарияның өңірдегі жоғары бөлігінен салған дұрыс деп санаймын. Өйткені, Жаңақорған және Шиелі аудандарының диқандары да судан тапшылық көріп отыр. Дарияның орта тұсында орналасқан «Қараөзек» су қоймасының оған мүмкіндігі жоқ. Ол төменгі бөліктегі аудандар үшін қолайлы. Жоғары бөлікте су қоймасы салынса, оған қыс айларында қажетті суды жинап алуға болады. Сол арқылы көктемде Жаңақорған, Шиелі, Сырдария, Жалағаш аудандары мен Қызылорда қаласына қарасты шаруашылықтар мұқтаждығын шешуге мүмкіндік бар. Мамандар Жаңақорған ауданында дарияның ескі арнасы бар екенін айтады. Су қоймасын салу барысында осыны ескеру керек. Есесіне дария суы жерге сіңіп кетпейді, – дейді Алмас Рахметов.

Депутаттың пікірінше, қаншама қаржыға салынатын су қоймасының тиімділігі толық сараптаудан өткені абзал. Өйткені, ертең олқылықтың зардабы болмауы тиіс.

– Жалпы, су ресурстары әлем бойынша өзекті мәселеге айналды, – деді ендігі сөзінде Алмас Рахметов. – Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес бақша дақылдарын егу үшін арнайы жер дайындалғаны – құптарлық іс. Сол арқылы халық картоп, көкөніс-бақша өнімдерін өсіруге мүмкіндік алып отыр. Демек, ынталы адамға еңбек көзі бар. Мәселен, Израиль мемлекетінің табиғи жағдайы біздің облысқа ұқсас. Онда жерасты су көздерін тиімді пайдаланады. Дегенмен, мұның да бірқатар проблемасы бар. Негізінен жерасты су көзінде табиғи минералдар жетісе бермейді. Ол егіннің қалыпты өсуіне кері әсерін тигізеді. Осыдан шығатын жолды жергілікті ғалымдар зерттесе деймін. Мен бұл мәселені зерделеп көрдім. Сол мақсатта арнайы барып қайттым. Қажетті мәліметтер жинақтадым. Ол жақта арнайы институттар жұмыс жүргізіп, ғалымдар судың құрамына не жетіспейтінін анықтайды. Су ресурстары насос арқылы жер бетіне шығарылады. Оған қажетті минералдар қосылады. Нәтижесінде егін бітік өсіп, мол өнімге негіз қаланады. Біз әзірге мұндай қадам жасай алмай келеміз. Үкімет тарапынан нақты іс-шаралар жоспары жасалғаны жөн деп ойлаймын. Оған жеке шаруашылықтардың қолы қысқа. Сондықтан мемлекет тарапынан қолдау керек.

Кейінгі уақытта аймақта тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістері қолданысқа ене бастады. Оған бейімделіп жатқан шаруашылықтар бар. Әйтсе де егіншілік мәдениетін көтерудің бір-бірімен сабақтас амалдары тиімді жасалуы керек.

– Рас, бүгінде мемлекет тарапынан аграрлық саланы қолдау шаралары жасалып жатыр. Әлі де көңіл бөлетін жағдайлар бар. Қазір облыстың егін алқаптарында жергілікті сорттармен бірге күріштің ресейлік және украиналық сорттары егілуде. Кезінде Сыр өңірінде сорт шығару ісімен қаншама ғалым айналысты. Олардың еселі еңбегінің нәтижесінде жергілікті топыраққа, климатқа толықтай сай келетін сорттар шығарылды. Өкінішке орай, қазір бұл кенжелеп қалды. Ғалымдардың көбісінің жасы ұлғайды. Тәжірибелі мамандардың орнын баса қоятын жастардың қатары сирек. Әсіресе, күріш шаруашылығында. Соның салдарынан диқандар негізінен ресейлік сорттарға иек артуға мәжбүр. Ресейлік «янтарь» және «лидер» сорттарының біздің жерге бейімделіп кетуі кезінде олар осындай жартылай тұзды аймақтарда тәжірибеден өткізіліп, өндіріске енгізілген. Ендігі кезекте мемлекет тарапынан бұл салаға тиісті деңгейде қамқорлық көрсетілсе деген ұсынысым бар, – дейді депутат.

Сайлаушылардың ұсыныс-пікірі депутат үшін маңызды. Сенім де сол арқылы құрылады. Алмас Рахметов аграрлық сала және әлеуметтік мәселелерге қатысты да ой-пікірін айтып жүр. Мәселен, көпбейінді аурухананың кәріздік жүйесінің ескіргені, сондай-ақ ауыл шаруашылығына қаржылай қолдау көрсететін «Даму» мекемесі ғимаратының талапқа сай келмейтіні жөнінде ұсыныс айтылған. Екеуі де оң шешімін тауыпты. Мұнымен қатар өзге де маңызды ұсыныстар жолданған.

Депутат әріптестерімен бірге түрлі іс-шараларға атсалысып келеді. Әрине, бұл ретте әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға қамқорлық көрсетуде аянып қалған емес.

 

Әділжан ҮМБЕТ

Тағы да оқыңыз: