Kyzylorda-news.kz Сыр жұртының негізгі тіршілік көзінің бірі – аграрлық сала екені белгілі. Алажаздай маңдайы күнге күйген диқандардың еңбегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің бітік шығуымен қайтады. Жыл сайын егіні бітік шығып қамбас астыққа толатын Сыр халқы үшін биылда жемісті өнім болды.
Қыстың қамын жаз ойлап, күні бұрын қамданатын әдет күні бүгінге дейін маңызын жойған жоқ. Бұл ретте биыл 8257 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде негізгі дақыл күріш – 3856 гектар, бидай – 368 гектар, қант құмайы – 40 гектар, жаздық арпа – 2 гектар, жаңа жоңышқа – 224 гектар, ескі жоңышқа – 1317 гектар, картоп – 130 гектар, көкөніс – 1330 гектар, бақша – 990 гектарды құрады. Биылғы егіске 903,5 тонна күріш тұқымы құйылған. Құйылған тұқымының 4,4 пайызын отандық сорттар құраса, 95,6 пайызын ресейлік сорттар құраған. Атап айтқанда, отандық сорттар бойынша 20 тонна «Сыр сұлуы» және 20 тонна «Маржан», ресейлік сорттар бойынша 730 тонна «Лидер», 133,5 тонна «Янтарь» сорттары бар. Қажетті минералдық тыңайтқыштың көлемі 3010 тоннаны құрап, толығымен сатып алынды. Сонымен қатар арамшөптерге қарсы қолданатын гербицидтердің қажетті көлемі 2863 литр толығымен сатып алынған. Қашыртқылар, каналдарды тазалау, гидротехникалық құрылыстарды жөндеу жұмыстары бойынша ішкі су жолдарының 54300 текшеметр (100%) топырақ шығарылып, 4 дана гидробекеттер (100,0%), 2 дана су құрылыстары (100%) жөндеуден өткізілді. Егіннің бітік шығуына барлық жағдай жасалды.
Бүгінде жаз бойы еткен еңбек жемісін берді. Диқандар егілген 368 гектар бидайдан 379 тонна өнім жинап, орта өнім 10,3 центнерден келді. Өткен жылы бұл көрсеткіш гектарына 10 центнер болған. Ал 2 гектар арпа дақылынан 3 тонна өнім жиналып, орта өнім 15 центнерден келген. Шаруашылық құрылымдар бойынша мал азықтық жоңышқа шөбінен 7603 тонна жоңышқа шөп дайындалған. Орташа көрсеткіш 20 центнерге жеткен. Сонымен қатар көкөніс, бақша дақылдарын жинау да қарқынды жүруде. Көкөністің 1230 гектарынан (92,5%) 135 центнер, бақшаның 880 гектарынан (88,9%) 136 центнерден өнім жиналуда. Күріш дақылын күтіп-баптау бойынша 1600 гектар үстеп қоректендірілсе, 1850 гектар гербицидпен өңделді. Биылғы егілген 3856 гектар күріш егістігінің шығымдылығын сала мамандарының зерделеу барысында 2892 гектары (75,0 %) «жақсы», 771 гектары (20,0%) «орташа», 193 гектары (5,0%) «қанағаттанарлық» деп бағаланған.
Аграрлық салада аймақ көрсеткіші жылдағыдан төмендеген жоқ. Аймақтағы ірі шаруашылықтар күріштің әр гектарынан орташа есеппен 90 центнерге жуық өнім алды. Мәселен, Жалағаш ауданындағы «Ер-Әлі» шаруа қожалығы 3500 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын еккен. Оның ішінде 1300 гектарға күріш егіп, оның әр гектарынан орташа есеппен 89 центнерден өнім алынды. Сондай-ақ, салада ұзақ жылдық тәжірибесі бар «Таң ЛТД» ЖШС биыл 3000 гектар жерге егін егіп, оның ішінде 1500 гектарға күріш дақылы орналастырса, оның әр гектарынан орташа есеппен 85 центнерден өнім алды. Басым бөлігі шетелдік жаңа каурис сорты және лидер, альянс сорттары жерсіндірілген. Бұдан бөлек, 80 гектарға қант құмайы, 800 гектарға жоңышқа, 150 гектарға түйежоңышқа дақылдары егілді.
Жалпы облыс бойынша 189 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Оның ішінде негізгі дақыл күріш 85,6 мың гектарды құраған. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында биылғы жылы су қажетті деңгейде жеткізілді. Шаруашылық құрылымдары егілген ауылшаруашылығы дақылдарына күтіп-баптау жұмыстарын агротехникалық талаптарға сай жүргізе алды. Сонымен қатар, егін жинау жұмыстарына қажетті ауыл шаруашылығы техникалармен, жанар-жағармаймен, минералды тыңайтқыштармен толық қамтамасыз етілген. Аймақтағы ауыл шаруашылығы саласы мамандарының айтуынша, «Таң ЛТД» ЖШС Қытайлық компаниямен бірлесіп тамшылатып суару әдісімен 3000 гектар жерге жүгері егу жобасын іске асырған. Нәтижесінде 800 гектарға тамшылатып суару әдісімен жүгері дақылы егілген.
Бұдан бөлек, «Ер-Әлі» шаруа қожалығында тамшылатып суару әдісімен 6 гектар жерге қарқынды алма бағын орналастырған. Бүгінде 5000 түп «Голден Делишес», 5000 түп «Джонатан», 2650 түп «Ренет Семиренко» ағаш сорттары отырғызылып, күтімге алынған.
Ал қаладағы ахуалды туралы қала әкімінің орынбасары Пахуатдин Шамұратов айтты.
– Облыс әкімінің су тапшылығын ескере отырып күріш көлемін азайту бойынша хаттамалық тапсырмасына сәйкес, күріш дақылы 3856 гектарға егілді. Осыған байланысты, қалаға қарасты ауыл шаруашылығы құрылымдарына инженерлік жүйеге келтірілмеген деңгейі биік жерлерге күріш дақылын екпеу, ауыспалы егіс көлемін сақтау, суды аз қажет ететін дақылдарды егу туралы ескертпе хаттары таратылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде былтырғы жылмен салыстырғанда күріштің көлемі 280 гектарға кем егілді. Өткен жылы бұл дақыл 4136 гектарға егілген болатын. Биыл күріштің орнына суды аз қажет ететін бидай 368 гектарға, арпа 2 гектарға, қант құмайы 40 гектарға, 224 гектарға мал азықтық жоңышқа, 990 гектарға бақша дақылдары егілді. Әрине, мұның барлығы ауыспалы егістіктің ережесін сақтай отырып, орындалған жұмыс.Ауыл шаруашылығы өнімдерін ұлғайту мақсатында су үнемдеу технологияларымен 6 гектарға тамшылатып суару әдісі арқылы ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Атап айтқанда, Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институты осы әдіспен 0,5 гектарға көкөніс, 3 гектарға бақша өнімдерін екті. Ал «Іскер М» ЖШС бастамасымен 2,5 гектарға жүгері егілді. Су жетіспеушілігі мәселесін жоюға арналған бастамалар жетерлік. Өйткені егіс алқабын күтіп-баптап, реттеп отырмаса, жердің де тозып кету қаупі болады. Сондықтан осындай мәселелердің алдын алуда біз жоспарлы әрекет еттік Биыл 350 гектарға лазерлік тегістеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып, 650 гектар тегістелді. Яғни, жоспардан 186 пайызға артық орындадық. Осылай реттеле берсе, көп жердегі егіннің өнімділігін артыруға мүмкіндік бар. Мәселен, тегіс жерге егілген күріштің өнімділігі жоғары болады. Себебі су егінді тегіс басады. Дер кезінде күріш те бас алады. Бұл – тәжірибеде бар нәрсе, – дейді әкім орынбасары.
Сыр диқандары суды үнемдеу мақсатында соңғы 10 жыл көлемінде күріш егістігінің 55 мың гектарын лазерлік тегістеген. Алдағы 5 жылда бұл 72 мың гектарға жеткізіледі деп жоспарлануда. Биыл су үнемдеу технологиясын пайдалану 4,4 мың гектарға жетсе, алдағы 5 жылда оны 24,2 мың гектарға арттыру жоспарлануда. Биыл «Таң ЛТД» серіктестігі қытайлық компаниямен бірлесіп, Шиелі ауданында 800 гектарға тамшылатып суару әдісімен дән жүгері еккен. 2025-2026 жылдары тамшылатып суарылатын егістік көлемі 3 мың гектарға дейін ұлғайтылады. Сол сияқты Қазалы және Арал аудандарында ауқымды жобалар бастау алды. Арал ауданындағы «Кэмел Про» шаруа қожалығында 830 гектар жоңышқаны, Қазалы ауданындағы «РЗА Агро» серіктестігінде 184 гектар мал азықтық дақылдарды жаңбырлатып суару жобалары бар.
Аймақтағы аграрлық саласын қарқынды дамытуда мемлекеттік бағдарламалар игілігнін де айта кеткен жөн. Соның нәтижесінде өңірде бірқатар ауыл шаруашылық жобалары жүзеге асуда. Мәселен, мемлекеттік бағдарламалар аясында есік алдына жылыжай кешенін дамытуға өткен жылы 33 млн теңгені құрайтын 5 жоба мақұлданған. Атап айтқанда, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 23,5 миллион теңгеге 920 шаршы метрді құрайтын 3 дана жылыжайдың құрылысы аяқталып, егін егу жұмыстары жұмыстары жүргізілген. Оның екеуі Ақсуат ауылдық округінде болса, біреуі Қарауылтөбеде жүзеге асуда. Сонымен қатар «Қызылорда өңірлік инвестиция орталығы» арқылы Талсуат ауылдық округінен 9,5 миллион теңгеге 457 шаршы метрді құрайтын 2 дана жылыжайдың құрылысы аяқталып, іске қосылған. Бұл жылыжайларда қияр егілді.
Егін егу, оны күтіп баптаудан бөлек бітік шыққан өнімді суыққа қалдырмай дер уақытында жинап алуда шаруалар үшін маңызды іс. Бұл ретте ауыл шаруашылығы техникаларының сақадай сай болғаны дұрыс-ақ. Биылғы күзгі егін жинау науқанына 20 дана жатка, 29 дана комбайн, 83 дана трактор, 21 дана трактор тіркемесі мен 5 дана жүк көлігі қатысқан. Қажетті дизель отынынын жеткізуші оператор ретінде «РК Мұнай» және «Жибек Жолы ЛТД» ЖШС мекемелері белгіленіп, ауыл шаруашылығы құрылымдарының қажеттіліктеріне сәйкес босатылған. Нарық бағасынан әлдеқайда төмен бағада, бір литрі 250 теңгеден беріліп қарапайым шаруа үшін көп жеңілдік жасалған. Күзгі егін жинау жұмыстарына 188 тонна дизель отыны жұмсалған. Алдағы уақытта күріштің көлемін тұрақтандыра отырып, әртараптандыру бағытында мал азықтық, майлы және әлеуметтік маңызға ие көкөніс, картоп, бақша дақылдарының көлемін арттыру, су үнемдеу технологиясын өндіріске енгізуді жандандыру, ауыл шаруашылығы техникаларының машина-трактор паркінің жаңаруын 5 пайызға дейін жеткізу, жылыжай шаруашылығын және қарқынды алма бақтарын дамыту, өңдеу кәсіпорындарын, оның ішінде майлы дақылдарды өңдеу,мал шаруашылығы өнімін өндіру мақсатында жұмыс жасап тұрған кәсіпорындардың қуаттылықтарын арттыру және дамыту мен жақсарту бағытындағы жұмыстар жүргізілмек. Әрине, мұнан бөлек те байыпты бастамалар қолға алына береді. Бастысы, қандай бастама болса да, өнімді арттыруға негізделеді.
Фото: smartnews.kz
Д.Қырдан