Kyzylorda-news.kz Елімізде соңғы жылдары ауыл-аймақты дамыту үшін жеке қосалқы және шағын шаруашылықтарды қолдау мақсатында бірнеше бағдарлама қабылданып, іске асырылып келеді. Ауыл тұрғындарының негізгі тіршілігі – төрт түлік мал өсіру бұрыннан қалыптасқан сала. Елде мал өсіру ең тиімді негізгі ата кәсіп болып саналады. Бұл бағытта біздің Қармақшы ауданында жақсы алға басу үдерісі қалыптасып отыр.
Статистика есептеріне жүгінсек, мал басы және оның өнімдері жылма-жыл бірқалыпты өсіп келеді. Атап айтар болсақ, Қармақшы ауданы бойынша қазір мал саны 1999 жылдың 1 қаңтарымен салыстырғанда мүйізді ірі қара 34894 басқа жетіп, 275 пайызға, қой мен ешкі 66212 басқа жетіп, 200,5 пайызға, жылқы 15294 басқа жетіп, 613,5 пайызға, түйе 4050 басқа жетіп, 356,8 пайызға өскен. Бұл арнайы шаруашылық құрылымдары арқылы өсіріліп, жан-жақты дамыды деген 1980-ші жылдармен салыстырсақ, мүйізді ірі қараның 1,5 есе, ал жылқы мен түйенің 4-5 есе өскенін көрсетеді. Өкініштісі, уақ мал саны 3 есеге кеміп кеткен.
– Ауданда мал басының өсу жайын зерделеу және алдағы уақытта даму мүмкіндіктерін нақтылау мақсатында 2023 жылдың 15 тамызы күнгі аудандық қоғамдық кеңестің отырысында «Аудандағы табиғи мал жайылымдары мен шабындықтары, оларды нақты пайдаланудың және қыс кезеңіне қажетті шөп қорын жасаудың жайы туралы» арнайы мәселе қаралды. Оған аудандық мәслихаттың төрағасы, аудан әкімінің орынбасары мен бөлім басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері қатыстырылды. Сондай-ақ, «ZOOM» платформасы арқылы кент, ауылдық округтерінің әкімдері мен шаруашылық басшылары, ауылдық округтердегі ардагерлер ұйымдарының төрағалары қатысып, жан-жақты талқылаулар жүргізілді. Малдың жедел өсіп, оның өнімділігінің артуы күтімімен қоса, негізінен пайдаланылатын жем-шөбіне тікелей байланысты. Қыстық шөбінің басым бөлігі табиғи шабындықтардан жиналады. Бірақ біздің өңірдегі шабындықтардың түсімі азайып, құнары қаша бастаған. Оған негізгі себеп ең алдымен тиісті күтім жасалмағандығында. Шабындықтарды суару, малдан қору жұмыстары жүйелі жүргізілмейді. Мал егелері малды бағуды ұйымдастырмай, жайылым есебінде тұяқпен тапталып өсуі баяулап, жері азып, өнімі аз болуда, – дейді аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов.
Халқымыздың ертеден келе жатқан дәстүрлі шаруашылығы – жайылымды мал шаруашылығы екені баршамызға белгілі. Халық төрт түлік малды жаю, шабындықтар мен жайылымдарды тиімді пайдалану ауыл тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарта түсер еді. «Мал баққанға бітеді» дегендей, мал өсіріп, игілігін көріп жүрген көптеген отбасының өмір сүру тіршілігінен көріп жүрміз.
Ауданда жайылымдық жерлер жеткілікті болғанымен ауыл тұрғындарына қол жетімділігі алаңдатады. 2012 жылдың ақпан айында «Жайылымдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Алайда оның жайылым мәселесін түбегейлі шешуде қауқары жеткіліксіз болып қалуда. Жергілікті жерде атқарушы органдар тұрғындармен, шаруашылық құрылымдарымен бірлесе отырып жайылым мәселесімен жүйелі, жоспарлы жұмыс жүргізбесе іске аспайды.
Ауданның көптеген ауылдық округінде жайылымдық жердің жетіспеушілігі бүгінгі күннің басты мәселесіне айналған. Өкінішке қарай жайылымдардың бүгінгі хал-ахуалы қиын жағдайда қалуда. Малдың 70-80 пайызға жуығы ауылдың маңайында және оның айналасында жайылады. Соның салдарынан ауыл маңындағы жайылымдық жерлер қатты тозып кетуде. Оның үстіне бұрынғы шабындықтар мен жайылымдық алқаптарды үнемі шамадан тыс пайдаланудан малға жұғымды, нәрлі шөптер тұяқкесті болып, есесіне мал жемейтін әртүрлі шөптер жылдам көбейіп, жер азып бара жатыр. Әсіресе ауданымызда жылқы санының жедел өсуі, оның жыл он екі ай тебінде болатындықтан, жерді тез тоздыруда. Кейбір ауылдарда елдің бірлігі болмай бақташы шықпай немесе малды кезекпен бағу ұйымдастырылмай келеді. Бос жүрген мал қараусыз қалып, шабындықтар мен жайылымдарды ғана таптап қоймай, егінге, бақшаға түсіп, шағымдар көбеюде. Дақылдарды ауыспалы егіс жүйесімен егу қолға алынуда. Бірақ ауыспалы жайылым жүйесін жасау баршаның назарынан тыс қалуда. Ауыспалы жайылым болмаған жағдайда мал арасында жұқпалы аурудың таралуы, жайылымның құнарсыздануы сияқты мәселелердің ушыға түсетіні анық. Жайылымның жұтаң тартуына соңғы жылдардағы жауын-шашынның аз болуы да өз әсерін тигізуде.
Өңірімізде малды бағу бұрын қалай ұйымдастырылды деген сұрақ туындайды. Біздің ата-бабаларымыз туа бітті нағыз ғалым болған ба, ғылым мен тәжірибені, практиканы күнделікті өмірде ұштастыра білген бе деп ойлаймын. Себебі бұрынғы кезде қыста Сыр бойы мен Қызылқұмды жайылымға пайдаланса, жаз жайлауы үлкен Қарақұм мен Ырғыз, Торғай аймағында болған. Яғни ауыспалы жайылым жүйесін қалыптастырған. Ал кешегі жер шекарасы айқындалған кеңестің уақытында Сыр бойында қыстауы болса, көктемгі мал төлдетуі, жабағы мен күзем алуы, қой қашыруы кең жазық Нұра бойында, ал жазда Қарақұмды жайлаған. Қызылқұм өңіріндегі шаруашылықтарда да малды бағудың осындай жүйесі қалыптасқан. Сөйтіп малды шүйгін жайылымда жайып бақса, екінші жағынан шыбын-шіркейден, маса-сонадан азат еткен. Бұл көктем-күзгі жайылымдарда шөп ерте көктеп жетіледі. Әрі өсетін түрлі жусандар, изен, теріскен, шағыр, еркек, бидайық, селеу, қияқ, күйреуік, ала бұта, балықкөз, сарсаған, түйеқарын, бұзаубас, ыраң мен ебелек шөптерінің азықтық құнарлылығы Сырдағы қамыс, ажырық, өлеңшөптер мен сабандарға қарағанда 1,5-2 есе құнарлы. Қыстан арықтап шыққан мал тез қоңданып төлін жарытса, қысқа семіз болып түседі.
– Жайылым жайына ауылдық округтер бойынша талдау жасасақ. Көптеген ауыл округінде жайылымның жетіспейтіні, оны ұтымды пайдаланбауы өзекті мәселеге айналған. Мал шаруашылығын дамытуға кедергі болуда. Ғалымдардың есептеуінше, әрбір шартты мал басына шөптің шығымдылығына байланысты 5-9 гектар жайылымдық жер керек екен. Бізде қыс кезеңінде малдың егістік алқапқа жайылатынын ескере отырып, әр шартты мал басына 7 гектар есебінде талдау жасасақ. Қолда бар малдың ауылдық округтері бойынша нақты өзінде бар жайылыммен қамтамасыз етілуі III Интернационал ауылында 34,3, Ақтөбе ауылында 37,7, Дүр Оңғар ауылында 40,4, Жосалы кентінде 46,8, Ақжар ауылында 58,5, Тұрмағамбет ауылында 83,1 пайыз ғана болуда. Ал Төретам кенті мен Ақай ауылы тұрғындарының малдары өз жайылымы болмағандықтан әскерилерге жалға берілген жайылымдарды пайдалануда. Жосалы кенті мен Ақтөбе, Иіркөл, Қармақшы ауылдарының бір бөлік малдарыжаз-күз айларында Нұра өңіріне шығарылып бағылуда, – дейді аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов.
Жаңажол, Иіркөл ауылы тұрғындарының жылқылары Сырдариядан өтіп, Қармақшы ауылының, III Интернационал ауылының малдары Төребай би ауылының, Тұрмағамбет ауылының малдары Ақтөбе ауылының жайылымдарына жайылып, тұрғындардан наразылық туғызуда.
Аудан бойынша «Жайылымдар туралы Заңы» талабына сәйкес, барлық ауылдық округте 2022-2023жылдарға арналған жайылымдарды басқару мен пайдалану жоспарлары бекітілген. Жоспардағы схема-картаға сәйкес, әр елді мекендердің мал жайылымы алқаптары белгіленген. Бірақ ол жоспар есебі өз дәрежесінде емес, орындалмай қағаз жүзінде қалуда. Ауыл тұрғындарына дұрыс жеткізілмеген. Міне, осы жағдайда мал шаруашылығын дамытуда ауданымыздың жер қорының 50-60 пайызын құрап отырған жайылымдық жерлерді, оның ішінде шалғайдағы жайылым алқаптарын қолданысқа енгізу бүгінгі күннің талабы. Аудан бойынша ауылдық округтердегі жайылым тапшылығының орнын босалқы жер және ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерінің жайылымдық алқаптары резерві есебінен толықтыруға болады. Шалғайдағы мал жайылымдарын ортақ мал жайылымы ретінде қолдануға болады. Ортақ жайылым – ауыл малын бірлесе бағуға арналған жер, алайда ол жерде бір жеке адамдардың мыңдаған малы бағылса, оған ортақ мал жайылымы тарлық ететіні айтпаса да түсінікті. Ондай шаруа қожалықтары конкурс арқылы мал жайылымын алуы тиіс. Ескеретін жағдай Заңға сәйкес жергілікті атқарушы органдар мен өзін-өзі басқару органдары тұрғындармен бірлесе отырып, малды ортақ жайылымдарда, босалқы жерлерде бағу мәселесін көтеріп, бағдарлама, іс-шаралар жасап, нақты зерделенген жұмыстар жүргізілуі тиіс. Тек қана жайылым емес, ол жерлердегі су көздерін зерттеп, қажет болатын болса жоғары органдар алдына мәселе қойып, жаңадан ұңғымалар, құдықтар қазуды қолға алу керек. Малға еге болып, оны бақтыруды бүкіл ауыл тұрғындары бірігіп ұйымдастыруы қажет. Егесіз малға айыппұл салынатынын да естен шығармайық.
– Осы орайда кент, ауылдық округтер әкімдеріне бірнеше ұсынысымды жеткізбекпін. Біріншіден, аймағындағы мал жайылымына, оның жарамдық жайына талдау жасау, қолда бар мал басын жайылыммен қамтамасыз ету мүмкіндіктерін зерделеу, қажет жағдайда ауданның мал жайылымдық қорынан ортақ мал жайылым үшін ұсыныс беру. Екіншіден, ауыл аймағындағы шабындықтар жайын зерделеп, шаруашылық құрылымдарының басшыларымен және аудандық су шаруашылығы мекемесімен бірлесе отырып егінге су алуға дейін шабындықтарды суландыру мен күтіп ұстау және қашыртқы суларды пайдалану мүмкіндіктерін қарастыру. Үшіншіден ауылдағы ардагерлер және басқа да қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып қауымдастықтың жиналысын өткізіп мал жайылымына, шабындықтарды суаруға байланысты нақты жағдайды жеткізіп, жаз бен күз айларында малдарды сырт аймақтарға жаюдың межелерін жасау, оны әрбір тұрғындарға жеткізіп, түсіндіріп, тиісті үйлестіру жұмыстары жүргізілсе жақсы боалр еді. Сонымен қатар, аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөліміне де төмендегідей жұмыстар жүргізілуін сұраймын біріншіден, кент, ауылдық округтеріндегі жайылымдық пен шабындық жайына талдау жасап, оларды өтетін жиналыстарға қатысып, аудан көлемінің қай аймақтарында ортақ мал жайылымына пайдаланатын жерлерді жеткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Екіншіден, аудандық су шаруашылығы мекемесімен бірлесе отырып, шабындықтарды ерте көктемде және қашыртқы сулармен суландыруды үйлестіру. Үшіншіден, кент, ауылдар бойынша жүргізілген жұмыстарды жинақтап, аудан әкімдігіне тиісті ұсыныс енгізілсе екен, – дейді аудандық қоғамдық кеңес төрағасы.