Kyzylorda-news.kz Әлеуметтік желідегі орын алған ұлының әкесіне қол көтеруі қоғам ішінде резонанс тудырды. Видеоның жүректі ауыртатыны соншалық көруге де дәтіміз бармады. Мәселе одан кейін не болғанында емес, ол жағдайға не итермелегенінде. Сонда да әкесі «балама тиіспендерші» деп полиция қызметкерлеріне өтініш айтты. Бұл жағдай ата-ананың балаға қаншалықты дұрыс, бұрыс тәрбие көрсеткеніне байланысты болып тұрған жоқ.
Отбасы дегеніміз – бірлесіп күн көретін, туыстық қатынаста тұратын адамдар тобы. Балалар тәрбиесін жүзеге асырып, басқа да қоғамдық тұрғыдан мәнді қажеттіліктерді қанағаттандыратын некелік немесе туыстық қатынастармен байланысқан адамдар тобы. Ендеше отбасының берік болмауына не кедергі?
Ата-анасына аяушылық болмаған ұл-қыздан не күтуге болады? Отбасын ұстап тұратын не нәрсе және ондағы сау-қарым қатынас деп нені айтамыз, ауру қарым-қатынас деп нені айтамыз? Бүгінгі отбасындағы қарым-қатынас, толық отбасын сақтап қалу дегенді қалай түсінеміз? Ондағы мүдделілік кімнің тарапынан болу керек? Отбасындағы қарым-қатынаста отбасын күйретуге, бұзуға алып баратын не нәрсе?
Әлеуметтанушы Нұрсұлтан Серікұлынан бүгінгі таңдағы әлеуметтік желілерге жиі шығып кеткен отбасылық мәселе, отбасындағы адамдардың бір-біріне көрсетіп жатқан қатігездігі турасында пікірін білдік...

– Бүгінгі таңда әлеуметтік желілерде жиі көрінетін тұрмыстық зорлық-зомбылық, ерлі-зайыптылардың бір-біріне көрсетіп жатқан қатыгездігі, сыйластықтың жоғалуы – дағдарыстың айқын белгісі. Бұл құбылыстың ең түпкі себебі – махаббаттың жоқтығы. Бірақ бұл нәпсіге құрылған құмарлық емес, шынайы махаббат. Шын махаббаттың шарты екеу: беру және құрбан болу. Егер қарым-қатынаста тек алу ғана болса, ол сүйіспеншілік емес, өзімшілдік қана.
Біздің бүгінгі «махаббат» деген түсінігіміз көбіне балыққа деген қарым-қатынаспен тең. Бір жігіт балықты жақсы көремін деп күнде жей береді. Бірақ дана кісі оған: «Сен балықты сүймейсің, егер сүйсең оған қиянат жамас едің. Сен тек өзіңді сүйесің, саған оның дәмі ұнайды», – дейді. Дәл осы сияқты, біз серігімізді сүймейміз, көбіне өз нәпсімізді сүйеміз. Бір қыры ұнаған соң таңдап аламыз, бірақ одан ләззат алып болған соң тез жалығамыз. Осыдан кейін қатыгездік, түсініспеушілік, опасыздық, зорлық-зомбылық сияқты келеңсіздіктер туындайды.
Толық отбасын сақтап қалу – бұл жай ғана некені үзбеу емес, ең алдымен қарым-қатынастың рухани негізін сақтау. Ол үшін мүдделілік екі тараптан да болу керек. Ал сау қарым-қатынас дегеніміз – өзара сыйластыққа, сенімге, құрметке, шынайы қамқорлыққа негізделген байланыс. Мұнда әр тарап тек өз пайдасын емес, серігінің бақыты мен ортақ игілікті ойлауы шарт.
Отбасын бұзатын нәрсе – мінсіздікті іздеу. Мінсіз адам жоқ. Мінсіз – тек Құдай. Сондықтан адамды шын сүйгің келсе, оның кемшіліксіз болуын күтпеу керек, керісінше, оның бойынан Құдайға ұқсайтын қырларын көре білу қажет. Ол – адамның рухы. Біз рухты ескерсек, соны бағалай білсек қана сүйе аламыз. Өкінішке қарай, біз көбіне адамның сыртқы сұлулығына, материалдық жағдайына, мәртебесіне мән береміз. Бұлар уақытша. Ал адамның рухы – мәңгілік. Міне, біз осыны ұмытқандықтан сүйіспеншіліктің ілімінен айырылып қалдық.
Сүюдің ілімі – бұл Жаратушыдан берілген нұрды тану. Адам бойындағы мейірімділік, әділеттілік, шыншылдық, кешірімшілдік – сүйіспеншілікке лайық қасиеттер. Мәуләна Руми айтқандай: «Адамға топырақ деп қарама, оған үрленген Ұлы рухты бағала». Егер ерлі-зайыпты бір-бірінен осыны көріп сүйсе, кемшіліктер кешіріледі, өйткені назар рухани мәнге ауысады.
Лев Толстой «Путь жизни» еңбегінде: «Сүйе білу үшін не кемшілікті мінсіз деп ойлау керек, не шын мәнінде мінсізді – Құдайды сүйю керек», – дейді. Яғни адамның бойынан Құдайылық қасиеттерді көргенде ғана біз оны шынайы сүйе аламыз. Ал егер мұны ұмытсақ, сүйіспеншілік өзімшіл құмарлыққа айналып, тез сөніп қалады.
Демек, бүгінгі отбасындағы басты мәселе – махаббатты дұрыс түсінбеу. Егер біз қайтадан сүюдің ілімін еске алсақ, адамды тек тәнімен емес, рухымен қабылдай білсек, сонда ғана отбасы институты өзінің мықты тірегін табады, – дейді Нұрсұлтан Қаражанов.
Отбасы институтын нығайту, елімізде қалыптасқан өзекті мәселелерді шешу мемлекетіміздің күн тәртібіндегі маңызды мәселенің бірі. Жаһандану үдерісі әрі жаңа коммуникациялық технологиялардың пайда болуымен қатар келген сын-қатерлер мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар мен жекелеген азаматтан сергектік пен нақты әрекетті талап етеді. Отбасын бұзуға әкелетін әрбір себептің түп-тамырына үңіліп, оны шешудің нақты тетіктерін қабылдаған жөн. Мемлекеттік саясат азаматтарды бүгін отбасы болуға итермелейтін нәтижелі бағдарламалар қабылдап, заңнамада толық отбасыға, ана мен бала капиталына көрсетілетін қолдау көлемін арттыруға бағытталуы тиіс.
Қызылордалықтарға есімі жақын таныс психолог Назира Аймаханованың отбасы құндылығына қатысты пікірін білуді жөн санадық.

– Отбасының негізгі құндылықтары – сүйіспеншілік, сыйластық, жауапкершілік, өзара қолдау. Ал әлеуметтік желілерде тараған бейнероликтер мен жаңалықтарда осы құндылықтардың жоғалып бара жатқанын байқаймыз.
Қазақстанда жыл сайынғы ажырасулар санының көбеюі, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерінің артуы – отбасылық құндылықтарға қауіп төндіретін факторлар. Әлеуметтік желілер тек осы жағдайларды ашық көрсетіп отыр, яғни бұрын жабық болған проблемалар қазір жария болып кетті. Бұл қоғамға «дабыл қаққан белгі» іспетті болып көрінеді. Келеңсіз болып жатқан жағдайларды көрсету арқылы, қоғамды соған бейімдеуге әкелуі өте қауыпті. Өйткені көрсеткен сайын оған жәйғана болып жатқан жағдай іспеттес қалыптасып кетуі өте қауіпті.
Отбасындағы қарым-қатынас – бұл тек тұрмыстық міндеттерді бөлісу емес. Ол – эмоциялық қолдау, сенім, сыйластық және ашық әңгімеге негізделген жүйе. Қарым-қатынастың сапасы отбасындағы атмосфераны анықтайды. Егер отбасы мүшелері бір-бірін тыңдап, пікірін құрметтесе, ол отбасы берік болады. Ал керісінше, елемеу, дөрекілік пен сенімсіздік басым болса, отбасының әлсіреуіне әкеледі.
Толық отбасы – тек әке мен ананың бірге болуы емес. Бұл – жанұядағы үйлесім мен бірлік, балаларға берілетін дұрыс тәрбие, ортақ мақсатқа жету жолындағы ынтымақ.
Бұл жерде жауапкершілік бір тараптың мойнында ғана емес. Ерлі-зайыптылардың екеуі де отбасын сақтап қалуға мүдделі болуы тиіс. Әйтпесе бір жақ қана тырысса, тепе-теңдік бұзылады. Балалар да, үлкендер де жанама түрде осы мүдделілікке үлес қосады. Бірақ негізгі күш – ерлі-зайыптылардың өздерінде, – дейді Назира Аймаханова.
Отбасы құндылықтары бала тәрбиесінен бастап ересек отбасы мүшелерінің қолдауы мен құрметіне дейінгі барлық дүниеден көрінеді. Отбасы құндылықтарының бірі – жанұядағы адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен қамқорлығы, махаббаты. Отбасының негізін – махаббат сезімі құрайды. Бұл дегеніміз – отбасы мүшелерінің бір-біріне көңіл бөлуі, қамқорлық жасауы, қолдау көрсетуі және отбасы мүшесін қандай кемшілігімен болса да қабылдай білу. Махаббат бар жерде өзара үйлесімділік, эмоционалды күшті байланыс, әрі бақытты отбасы болуға деген ұмтылыс болады.
Жақында ашылған «Отбасы орталығы» бүгінде өз жұмысы жүйелі түрде жүргізуде. Мақала барысында орталық маманының пікірін сұрауды жөн санадық.

– Толық отбасын сақтау – тек бірге тұру ғана емес, әр отбасы мүшесінің өзара сыйластығы, сенімі, қамқорлығы мен ортақ құндылықтарға адал болуы. Бүгінде отбасындағы қарым-қатынас тек материалдық тұрғыдан емес, рухани жақтан да нығайтуды қажет етеді. Бұл ретте Отбасы орталығында отау құруға ниеттенген жастарға әлеуметтік, рухани қолдау көрсету, өскелең буынға өнегелі отбасылардың өмір жолын үлгілеу, отбасын жоспарлауға қолдау білдіру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Мәселен, «Бақыт мекені» жобасын ерекше атап өтуге болады. Байыпты бастама аясында Облыстық Жастар денсаулығы, Облыстық Жастар ресурстық орталығы, «Отбасы» банкі және «Мансап» жұмыспен қамту орталығының мамандары жас жұбайларға өмірлік маңызды шешімдерге бағыт бағдар беріп, жұптық өмірді жоспарлауға қолдау көрсетеді. Тұрғын үй мәселелері мен мемлекеттік бағдарламалар туралы, еңбек нарығы мен жұмысқа орналасу мүмкіндіктері жайлы, жастарға арналған жобалар мен қолдаулар бойынша кәсіби кеңестер айтылады. Осылайша, енді ғана шаңырақ көтерген жұптарға отбасылық өмірде кездесетін түрлі қиындықтарды бірге еңсеруге, бірлесе шешім шығаруға, толық отбасын сақтап қалуға пайдалы ақпараттар беріледі. «Бақыт мекені» жобасы аясында мамандардан кәсіби кеңес алғысы келетін жастарды аптаның бейсенбі және жұма күндері Отбасы орталығында өтетін ашық есік күніне шақырамыз!
Отбасын сақтау мен сау қарым-қатынас құру – тек әйелдің немесе еркектің міндеті емес, ол барлық отбасы мүшесінің ортақ жауапкершілігі. Ерлі-зайыптылардың бір-біріне құрметі, ата-ананың балаға үлгі болуы, балалардың ата-анаға құрметпен қарауы бәрі мүдделілік танытқанда ғана отбасы берік болады.
Сау қарым-қатынас – сенімге, сыйластыққа, ашық әңгімеге және бір-бірін түсінуге негізделген қарым-қатынас. Мұндай ортада әркім өз ойын еркін айта алады, кінәлау емес, қолдау басым болады, бір-бірінің ар-намысына тимей, өзара құрмет сақталып, қиындықты бірге жеңуге ұмтылулары керек.
Сенімсіздік, жауапкершіліктен қашу, зорлық-зомбылық, сыйластықтың жоғалуы, қиындықты бөліспеу. Мұндай кезде отбасы мүшелерінің арасы суып, бір-бірінен алыстай бастайтыны белгілі. Сондықтан, орталық базасында «Алтын той», «Күміс той», «Маржан той» секілді отбасылық рәсімдерді өткізген кезде мерейтой иелерінен арнайы сұхбат алып жатамыз. Олардың жүріп өткен жолы, қиындықтарды бірге еңсергені, өмірлік тәжірибелерін жастарға барынша үлгі болса деген ниетте ресми парақшаларымызда бөлісеміз.
Жалпы, туу туралы куәліктер мен неке куәліктерін, зейнетақы кітапшаларын салтанатты түрде табыстау, «Алтын той», «Күміс той» иелеріне құрмет көрсету секілді орталықта ұйымдастырылатын кез келген шараның басты мақсаты – отбасы құндылығын дәріптеу, жарасымды жанұяларды көпшілікке насихаттау, мерейлі отбасыларды жастарға үлгі етіп көрсету, – деді Ажар Үсенова.
Түйін: Отбасылық құндылықтарды сақтау мен дамытудың тек қана мемлекеттік бағдарламаларға сүйенбей, ұлтық мүддені биік қоятын әрбір отбасы, әрбір азамат өзінің парызы ретінде санауы керек. Әрбір отбасында өскен тәрбиелі, білімді ұрпағымыз еліміздің ертеңгі өмірінің қандай болатынының кепілі емес пе?!
Мөлдір САБЫРЖАН
Фото:freepik.com