Фото:  ашық дереккөз

Kyzylorda-news.kz Қазақстан 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді мақсат етіп, экономиканы түбегейлі трансформациялауды көздейтін ауқымды декарбонизация стратегиясын іске асырып отыр. Алайда бұл мақсатқа жету тек технологиялық өзгерістермен шектелмей, ауқымды инвестициялар мен тиімді қаржылық архитектураны қажет етеді. Сарапшылар қаржыландырудағы алшақтық пен орта мерзімді жоспарлаудағы белгісіздіктерді негізгі сын-қатер ретінде атап өтсе, мемлекет энергетикалық қауіпсіздік пен көміртегі шығарындыларын азайту арасында теңгерім табу үшін атом энергетикасын дамытуды да стратегиялық бағыт ретінде қарастырады. Тақырыпты тарқатсақ.

2060 жылға дейінгі  декарбонизация стратегиясы

Орталық Азия елдерінің барлығы бірдей климаттық саясат саласында ұзақ мерзімді стратегиялық құжаттарды бекітіп үлгермегенімен, Қазақстан бұл бағытта нақты институционалдық негіз қалыптастырып, декарбонизация саясатын жүйелі түрде іске асырып отырған мемлекеттердің бірі ретінде ерекшеленеді.

Еліміз 2023 жылдың ақпан айында 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын қабылдады. Құжат парниктік газдар шығарындыларын кезең-кезеңімен және тұрақты түрде қысқартуды көздейді. Нысаналы көрсеткіштерге сәйкес, ұлттық нетто-шығарындылар көлемі 2023 жылғы 345,8 млн тонна CO₂-эквивалентінен 2060 жылға қарай нөлдік деңгейге дейін төмендеуі тиіс. Бұл өз кезегінде экономиканы терең трансформациялауды, энергетика секторындағы көміртекке тәуелділікті азайтуды және «жасыл» технологияларға жүйелі түрде көшуін білдіреді.

Осы ұзақ мерзімді мақсатқа жету үшін стратегияда аралық кезеңдік индикаторлар да нақты айқындалған: 2030 жылға қарай – 324,4 млн тоннаға, 2040 жылға қарай – 209,9 млн тоннаға, ал 2050 жылға қарай – 95,4 млн тонна CO₂-эквивалентіне дейін төмендету көзделген. Аталған көрсеткіштерге қол жеткізу энергетика, өнеркәсіп, көлік және аграрлық секторларда кешенді құрылымдық өзгерістерді талап етеді.

Бұл тұрғыда көміртегі бейтараптығына көшу бірнеше негізгі бағытқа сүйенетінін айту керек. Атап айтқанда, көмірге негізделген генерацияны кезең-кезеңімен жаңартылатын энергия көздерімен алмастыру, қазба отындарының үлесін азайту, сутегі және өзге де баламалы отын түрлерін енгізу, сондай-ақ көміртекті ұстау және сақтау технологияларын дамыту көзделген.

Ең айқын ілгерілеу жаңартылатын энергия көздері секторында байқалады. Мәселен, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша олардың электр энергиясын өндірудегі үлесі 7%-ға жетті. Дегенмен, декарбонизацияның қалған бағыттары, әсіресе өнеркәсіпті жаңғырту және технологиялық қайта жарақтандыру, айтарлықтай көлемдегі инвестициялық ресурстарды талап ететінін көрсетеді.

«Жасыл» қаржы нарығында не жетіспейді?

Осылайша, Қазақстанның 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына бағытталған стратегиялық мақсаттары ауқымды құрылымдық өзгерістерді ғана емес, сонымен бірге олардың қаржылық қамтамасыз етілу деңгейін де айқындап отыр. Осы тұста Ұлттық экономикалық зерттеулер бюросының (НБЭИ) сарапшысы Балтабай Сыздықов қаржыландыру факторының шешуші рөл атқаратынын ерекше атап өтеді.

Дереккөз ашық дереккөз.jpg
 Дереккөз ашық дереккөз

Сарапшының айтуынша, 2060 жылға дейінгі декарбонизация мақсаттарына жету үшін қажетті жалпы инвестиция көлемі 610 млрд АҚШ долларын құрайды. Оның ішінде мемлекеттік инвестициялар үлесі небәрі 3,8% ғана.

– Инвестициялардың 60,7%-ы энергетика секторына, 10,8%-ы көлікке, 7,4%-ы энергия тиімділігіне, 5,5%-ы ауыл шаруашылығына, ал 15,6%-ы өзге салаларға бағытталады, – деді ол.

Сонымен қатар Балтабай Сыздықов қаржы құрылымының басым бөлігі жаңа қаржы ағындарынан емес, экономика ішінде қалыптасқан капиталды қайта бөлу арқылы жүзеге асатынын да атап өтті.

Сарапшының пікірінше, негізгі түйткіл – 2030 жылға дейінгі орта мерзімді кезең бойынша нақты қаржыландыру жоспарының жеткіліксіздігі. Оның айтуынша, бұл жағдай стратегиялық мақсаттар мен оларды іске асыру тетіктері арасындағы алшақтықты күшейтіп, «жоспарлау вакуумын» қалыптастырады.

– 2030 жылға дейін қажетті қаржыландыру көлемі 20,7 млрд доллар болса, жоспарланғаны – 9,1 млрд доллар ғана. Бұл 11,6 млрд доллар тапшылықты білдіреді, – деді сарапшы.

Оның сөзінше, бұл Қазақстанның климаттық мақсаттарының тек 45%-дан азы ғана нақты қаржылық қамтамасыз етіліп отырғанын көрсетеді, бұл өз кезегінде жүйелік тәуекелдерді арттырады.

Маман «жасыл» қаржы нарығы біртіндеп дамып келе жатқанымен, оның қазіргі көлемі климаттық мақсаттарды толық жабуға жеткіліксіз екенін де атап өтті. Сонымен қатар ол көміртегі бағасының төмендігі мен көміртегі нарығының әлсіз дамуы кәсіпорындарды шығарындыларды қысқартуға жеткілікті деңгейде ынталандырмай отырғанын жеткізді.

Осыған байланысты Балтабай Сыздықов климаттық қаржыландыру тапшылығын еңсеру үшін тек жекелеген шаралар емес, толыққанды көміртекті реттеу жүйесін қалыптастыру қажет екенін баса айтады. Мұндай жүйе MRV механизмі, квоталар саудасы, көміртегі салығы және цифрлық инфрақұрылымды біріктіретін кешенді архитектураға негізделуі тиіс.

Атом энергетикасын дамытуға дейінгі энергетикалық трансформация

Осылайша, көміртегі бейтараптығына бағытталған стратегиялық мақсаттар тек қаржылық және реттеуші тетіктермен шектелмей, елдің жалпы энергетикалық саясатының да қайта құрылуын талап етіп отыр. Бұл тұрғыда Қазақстан біржақты «жасыл» энергетикаға көшу ғана емес, базалық генерация көздерін әртараптандыру арқылы теңгерімді энергетикалық модель қалыптастыру бағытын ұстануда.

Фото ашық дереккөз.jpg
ашық дереккөз

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мақсатын жүзеге асыруда прагматикалық ұстанымның маңызды екенін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, көмір мен көмірсутек ресурстары әлі де ел экономикасының негізі болып қала береді, ал уран өндірісі Қазақстанның жаһандық энергетикалық нарықтағы ерекше стратегиялық орнын айқындайды.

Осы ұстанымның жалғасы ретінде 2026 жылы Қазақстанның атом саласын 2050 жылға дейін дамыту стратегиясы бекітілді. Құжат атом энергетикасын ұлттық энергетикалық қауіпсіздік пен декарбонизация саясатының негізгі тіректерінің бірі ретінде айқындайды.

Стратегияға сәйкес, елде кемінде үш атом электр станциясын кезең-кезеңімен салу жоспарланған. Сонымен қатар атом саласын үйлестіретін ұлттық холдинг құру көзделіп отыр.

ашық дереккөз.jpg
ашық дереккөз

Атом энергетикасы болашақта тек энергия көзі ретінде емес, өнеркәсіп, ғылым және біліммен ықпалдасқан жоғары технологиялық кластер ретінде дамитын болады. Бұл бағыт уран ресурстарын тиімді пайдалануға, энергетикалық қауіпсіздікті күшейтуге және көміртегі шығарындыларын қысқартуға мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, атом саласын дамыту Қазақстанның энергетикалық трансформациясының келесі кезеңін айқындап, декарбонизация саясатын нақты өндірістік және институционалдық негізбен толықтыратын маңызды фактор ретінде қалыптасып отыр.

 

Мөлдір Кенжеғұлова

Тағы да оқыңыз: