Фото: Pixabay.com

Kyzylorda-news.kz  Қазақстан үшін мұнай мен металдан кейінгі стратегиялық ресурс – су. Алайда өзен-көлдердің суы азайып, климат өзгеріп жатқан кезеңде елдің басты қоры жердің астында жатыр. Мыңдаған жыл бойы жиналған жерасты сулары бүгінде су қауіпсіздігінің кепіліне айналып келеді. Бірақ мол қордың мүмкіндігі пайдаланылып отыр ма? Тілші материалында толығырақ.

Жерасты суларының 10 пайызы ғана пайдаланылып отыр

Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, ел аумағында 4803 жерасты су кен орны тіркелген. Олардың жалпы эксплуатациялық қоры тәулігіне 43,2 млн текше метрді құрайды.

Фото: Сенаттың баспасөз қызметі
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Алайда мұндай ауқымды қорға қарамастан, оның нақты игерілу деңгейі әлі төмен. Қазіргі таңда жерасты суларының небәрі 10 пайызы ғана пайдаланылып отыр. Бұл бір жағынан елдегі су қорының едәуір бөлігінің әлі толық зерттелмегенін көрсетсе, екінші жағынан стратегиялық ресурстың экономикалық айналымға жеткілікті деңгейде тартылмай отырғанын аңғартады.

Олқылықтың орнын толтыру үшін мемлекет жерасты суларын зерттеу мен басқару жүйесін жаңғыртуға кірісті. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, былтыр жерасты суын барлау, зерттеу және игерумен айналысатын Ұлттық гидрогеологиялық қызмет қайта құрылған.

– Мемлекет басшысының су ресурстарын цифрлық платформа арқылы басқару жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында министрлік жерүсті және жерасты суы туралы деректерді біріктіретін Ұлттық ақпараттық жүйені әзірлеп жатыр. Платформа спутниктік мониторинг, гидробекеттер, жедел есептілік, ведомстволық статистика және есептеу құрылғыларының мәліметтерін біріктіреді. Жобаны 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр, – деді министр.

Дегенмен жерасты суының әлеуетін толық ашу тек әкімшілік реформалармен немесе цифрлық шешімдермен шектелмейді. Ресурсты тиімді пайдалану үшін оның ғылыми негізі мықты болуы қажет. Сондықтан мемлекет инфрақұрылымды жаңартумен қатар ғылыми зерттеулерге де басымдық беріп отыр.

Бүгінде қордытолықтырудың жаңа тәсілдерін іздеуге бағытталған бірқатар зерттеу жүргізілуде. Ғылым және жоғары білім министрлігінің тапсырысымен қолға алынған жобалар су қорын табиғи жолмен көбейту тетіктерін сынауға арналған.

Солардың бірі – Қазақ-Британ техникалық университетінің ғалымдары қатысып жатқан BR27197639 жобасы. Оның аясында Жамбыл, Алматы, Жетісу, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында қар суын жинау арқылы сулы горизонттарды толықтыру бойынша тәжірибелік жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Агросекторға ауадай қажет су қоры

Жерасты суларының әлеуеті туралы сөз болғанда ең алдымен назар ауыл шаруашылығы саласына ауады. Өйткені су тапшылығы күшейіп келе жатқан қазіргі жағдайда дәл осы сала қосымша су көздеріне бұрынғыдан да көбірек мұқтаж.

2.jpg
Фото: Kyzylorda-news.kz

Сенаторлардың мәліметінше, Қазақстандағы шаруашылық-ауыз су қажеттілігінің шамамен 40 пайызы жерасты сулары есебінен қамтамасыз етіледі. Қалған 60 пайызы жерүсті су көздерінен алынады.

Сонымен қатар жерасты су қорының өңірлер бойынша орналасуы біркелкі емес. Тұщы жерасты суларының 68 пайызы Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарында шоғырланған. Ал Атырау, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарында су тапшылығы жоғары. Бұл жағдай жерасты суын игеру мәселесі тек ресурс қорының көлемімен емес, өңірлік су қауіпсіздігімен де тығыз байланысты екенін көрсетеді.

Өңірлер арасындағы айырмашылықтың қаншалықты үлкен екенін Сенат депутаты Жанболат Жөргенбаев келтірген деректен байқауға болады.

– Мысалы, Алматы қаласында жерасты су қорларын пайдалану деңгейі 73 пайызды құраса, Түркістан қаласында көрсеткіш 1 пайыздан төмен. Бұл өңірлік даму үшін пайдаланылмай отырған елеулі резервтің бар екенін көрсетеді. Жерасты сулары ауызсу көзі ретінде ғана емес, ирригация, өнеркәсіп, минералды және тұзды сулар ретінде де экономиканың маңызды салаларын қамтамасыз етуі тиіс. Алайда бүгінгі таңда олардың әлеуеті толық іске асырылмай отыр, – деді сенатор.

Депутаттың айтуынша, жерасты суларының жалпы эксплуатациялық қорының жартысына жуығы – тәулігіне 21,3 млн текше метр. Ол суармалы егіншілік үшін арнайы барланған. Алайда нақты пайдаланылып отырған көлем тәулігіне небәрі 0,15 млн текше метрді немесе бар болғаны 0,7 пайызды құрайды.

Фото: gov.kz
Фото: gov.kz

Мамандардың пікірінше, су тапшылығы күшейген сайын балама көздерді тиімді пайдалану қажеттілігі артып отыр.

– Суармалы жерлердің көлемін ұлғайту үшін су үнемдеу технологияларымен қатар жерасты суларын пайдалану үлесін арттыру қажет. Бұл ретте шаруаларға субсидиялар және төмендетілген тарифтер түрінде мемлекеттік қолдау шаралары енгізіледі, – дейді Жерасты сулары департаментінің директоры Жайық Ерікұлы.

Ауыз су қауіпсіздігі мен жер асты суының рөлі

Жерасты суының маңызы тек ауыл шаруашылығымен шектелмейді. Бұл ресурс халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз етуде де ерекше рөл атқарып отыр. Әсіресе жерүсті су көздеріне түсетін қысым артқан сайын жерасты сулары көптеген өңір үшін сенімді әрі тұрақты баламаға айналуда.

Мұны бүгінде жүзеге асып жатқан және жоспарланған ірі жобалардан көруге болады. Мәселен, Шардара топтық су құбыры іске қосылғаннан кейін Түркістан қаласы толықтай жерасты суымен қамтылады. Ал Атырау мен Маңғыстаудағы су тапшылығын шешу үшін Көкжиде және өзге де кен орындарынан магистральдық су құбырларын тарту жоспарланған. Бұл – шамамен 1,5 миллион адамды сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік.

Мұндай жобалардың маңызын арттырып отырған тағы бір фактор – су тапшылығының жылдан-жылға күшеюі. Климаттық өзгерістер мен су ресурстарына түсетін жүктеменің артуы жаңа әрі тұрақты су көздерін іздеуді күн тәртібіне шығарып отыр.

Фото: Midjourney
Фото: Midjourney

Мәселен, өткен жылы 1,2 миллион гектар ауыл шаруашылығы жерін суаруға 11,1 млрд текше метр су пайдаланылды. Суару маусымындағы қысымды біршама төмендеткен негізгі факторлардың бірі – су үнемдеу технологияларының енгізілуі. Былтыр мұндай технологиялар 153,5 мың гектар алқапта қолданылды.

Алайда шаралардың өзі ұзақмерзімді тәуекелдерді толық жоя алмайды. Мамандардың болжамынша, алдағы жылдары оңтүстік өңірлердегі өзен бассейндерінде су ағыны біртіндеп азая береді. Қазіргі таңда Сырдария өзенінің жоғарғы ағысындағы көрші мемлекеттер аумағында орналасқан су қоймаларында өткен жылмен салыстырғанда 3,2 млрд текше метрге аз су жиналған. Ал оңтүстік өңірдегі су қоймаларындағы су көлемі 1,9 млрд текше метрге төмендеген.

Сарапшылар мұны жауын-шашын көлемінің азаюы, мұздықтардың кемуі және климаттың өзгеруімен байланысты ұзақмерзімді үрдістің белгісі деп бағалайды.

Инженерлік шешімдер мен инвестициялық жүктеме

«Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметінің басқарма төрағасы Болат Бекнияздың айтуынша, жерасты суын тек ауызсу көзі ретінде қарастыру жеткіліксіз. Бұл – су қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және өңірлік инфрақұрылымның тұрақты дамуына ықпал ететін стратегиялық ресурс.

– Дамыған елдерде жерасты суы негізгі су көзі ретінде кеңінен қолданылады. Мәселен, Данияда ауыз судың 100 пайызы жерасты көздерінен алынады, Нидерландыда бұл көрсеткіш шамамен 70 пайызды құрайды. Еуропалық Одақ елдерінде де жерасты суының үлесі 60–70 пайыз деңгейінде. Бұл елдер жерасты суын ондаған жыл бойы жүйелі түрде зерттеп, қажетті инфрақұрылымды қалыптастырған. Бізде де осы бағытты дамытуға мүмкіндік бар. Ең бастысы – оны ғылыми негізде басқару, – дейді ол.

Фото Үкімет
Фото: Үкімет

Алайда халықаралық тәжірибе көрсеткендей, жерасты суының мол қорының болуы оны тиімді пайдалануға автоматты түрде кепілдік бермейді. Мұндай ресурсты игеру үшін кешенді инженерлік және инфрақұрылымдық шешімдер қажет. Ұңғымаларды бұрғылау, сорғы қондырғыларын орнату, суды тазарту және оны тұтынушыға жеткізетін желілерді дамыту – мұның барлығы қомақты инвестицияны талап етеді.

Сондықтан көптеген өңірде жерасты суының әлеуеті белгілі болғанымен, оны толық көлемде пайдалану әзірге мүмкін болмай отыр. Мамандардың пікірінше, инфрақұрылым мен инвестиция мәселесі жүйелі шешілмейінше, жер қойнауындағы стратегиялық резервтің мүмкіндігі толық ашылмайды.

Қандай тәжірибе тиімді?

Ел алдында тұрған міндеттердің бірі – әлемдік тәжірибеден тиімді үлгілерді бейімдеу. Геология-минералогия ғылымдарының кандидаты, ҚР Минералдық ресурстар академиясының академигі, Халықаралық инженерлік академияның корреспондент-мүшесі, Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті КЕАҚ Қолданбалы гидрогеология ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Дулат Қалитовтың айтуынша, жерасты суын басқаруда табысқа жеткен елдердің ортақ ерекшелігі – нақты заңнама, тұрақты мониторинг пен суды үнемдеуге ынталандыратын экономикалық тетіктердің болуы.

6.jpg
Фото: Kyzylorda-news.kz

Ол ЕО елдері, АҚШ, БАӘ және Таяу Шығыс елдерінің тәжірибесін мысалға келтіре отырып, Қазақстан үшін ең маңызды бағыт бассейндік басқару қағидатын енгізу екенін айтады.

– Ең алдымен, жерүсті және жерасты суларын біртұтас жүйе ретінде қарастыратын бассейндік басқару қағидатын енгізу қажет. Барлық құралдар ұлттық ерекшеліктерге бейімделуі тиіс, – дейді ғалым.

Табиғи тепе-теңдік сақталмаса, қауіп күшейеді

Жерасты суларының әлеуеті қаншалықты жоғары болса да оны бақылаусыз игеру ауыр салдарға әкелуі мүмкін екенін ескеру керек.

Фото 7. Жеке қорынан
Фото: Жеке қорынан

Эколог, тұрақты даму сарапшысы Лаура Сейілбектің айтуынша, жерасты сулары климаттық өзгерістер жағдайында салыстырмалы түрде тұрақты ресурс болғанымен, шексіз қор емес.

– Егер оларды алу табиғи толықтыру көлемінен асып кетсе, су деңгейі біртіндеп төмендейді, – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, мұндай жағдайда бұлақтар мен өзендердің қоректенуі әлсіреп, жерүсті экожүйелері  зардап шегеді.

Бұл пікірді Дулат Қалитов келтірген халықаралық мысалдар да растайды. Мехико, Джакарта, Сан-Хоакин аңғары мен Ирандағы жағдай жерасты суын шамадан тыс пайдаланудың қандай салдарға әкелетінін көрсетті. Сондықтан бақылау ұңғымаларының сапалы желісін құру, автоматтандырылған телеметриялық мониторинг енгізу және спутниктік бақылауды пайдалану Қазақстан үшін маңызды міндет болып қала береді.

Жаңа тұжырымдама: 2040 жылға дейінгі бағыт

Осы мәселелердің барлығын ескере отырып, Үкімет жерасты суларын кешенді басқаруға арналған жаңа тұжырымдама әзірлеп жатыр.

Премьер-министр Олжас Бектенов айтқандай, құжат жерасты суын экономикаға тарту тетіктерін, экологиялық тепе-теңдікті сақтау шараларын және қаржыландыру көздерін айқындайды.

Фото Үкімет
Фото: Үкімет

Тұжырымдама 2027–2040 жылдарға арналған ұзақмерзімді даму бағытын қалыптастыруы тиіс. Сонымен қатар Су ресурстары және ирригация министрлігі 2027 жылға дейін Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай, Жетісу және Ұлытау облыстарында жаңа су көздерін анықтау үшін кешенді іздеу-барлау жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Ал биыл жерасты су кен орындарын барлауға арналған 28 жаңа жоба әзірленбек. Бұл жұмыстар елді мекендерді, ауыл шаруашылығын және экономиканың өзге де салаларын қосымша су көздерімен қамтамасыз етуге бағытталған.

Түйін. Қазақстан үшін жерасты сулары – стратегиялық су қауіпсіздігінің негізгі тірегі. Алайда басты мәселе қордың көлемінде емес, оны тиімді басқару мен игеруде жатыр. Сондықтан алдағы кезеңде цифрландыру, ғылыми мониторинг, инфрақұрылымды жаңарту мен экологиялық тепе-теңдікті сақтау су саясатының өзегіне айналуы тиіс.

Мөлдір Кенжеғұлова

Тағы да оқыңыз: