Фото: zhalagash-zharshysy.kz

Kyzylorda-news.kz.  «Мені туған ағам зорлады. Ол кезде 11-12 жаста едім. Үйде тек сіңлім, ағам үшеуіміз болатынбыз. Ол арам ойын іске асыру үшін сіңлімді сылтауратып далаға шығарып жіберетін. 
 

Қорыққаннан жақындарыма тіс жармадым.

Бір жағынан әкем мен анам ренжісіп жүрген.. Бірақ бір күні төзімім таусылып, бәрін жайып салдым. Жан-дүнием төңкерілді. Анам ағамды таяқтың астына алды. Ағам болса өкінетінін айтып, сытылып шықты. Одан кейін анам менен ашуын алды. Бірақ кінәм не? Қолдаудың орнына қорлауды көрдім, өмірмен қоштасқым келеді».

 Алматылық құқық қорғаушы Ләззат Рақышева осындай мәтіндегі жазбалармен бөлісіп жүр. Анонимділік сақталған. Айтуынша, күніне осы тектес 10 хат келеді. 


Одан кейінгі кезекте тұрмыстық зорлықтан жапа шеккен әйелдер тағы бар. Елімізде бұл мәселелер бұған дейін май шаммен қаралмағасын болар, жүрегіңді езіп жіберер оқиға сан мың. Жақында Үкімет отырысында да Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева соңғы төрт жарым жылда  зорлық-зомбылықтан 869 адам көз жұмғанын хабарлады. Біз білмейтіні қанша?! 


Бұл – әлемдік мәселе. Тарихты парақтасақ, Парсы империясында «зәрдүшт» және «маздакия» деп аталатын екі ірі топ болған екен. Олардың саяси көзқарасы бір-біріне сай келмесе де, рухани азғындық тұрғысынан ұқсас болған. Себебі әйелді ардақтамаған, қорлауға тырысқан. Әсіресе, маздакия сенімін ұстанатындарда ер мен әйел арасындағы жеке отбасылық өмір немесе неке деген түсінік болмаған. Бұл кезеңдерде діни сенім, құндылық, білім жоқтың қасы екенін қосыңыз. Азғындықтың басты себебі де осы. 


Бірақ бүгінгі заман бөлек, заң бөлек. Министрдің айтуынша, қазірдің өзінде елімізде Отбасы саясаты бойынша 469,3 млн теңгені құрайтын 156 әлеуметтік жоба бар. Бөлінген қаржының 40% тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бөлініп отыр. 


Мемлекет басшысы да биыл әйелге, балаға көрсетілетін зорлық-зомбылықпен күреске ерекше маңыз берді. Десе де, елімізде «тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді» деген тәмсіл әлі бар. Қазақы менталитет қорлаған адамды емес, қорланғанды кінәлі санайтыны қынжылтады. Адамгершілік – ардың ісі дейміз. Ендеше ар-намыс кодексі болу керек әр адамда. Ал егер олай болмаса, өз қотырымызды өзіміз қасуға мәжбүрміз. Жағдай ушықпас үшін…


P.S. Егер қиындыққа тап болсаңыз,  оқиғаңызды бізге жолдаңыз, бірлесіп мәселенің шетін шығарайық! Бастысы, үнсіз қалмаңыз, сіз ЖАЛҒЫЗ ЕМЕССІЗ!

Азамат АБИМОЛДА 
 

Тағы да оқыңыз: