Ашық дереккөзден
Kyzylorda-news.kz Қазақстанның Бурабай мен Көлсайы, Шарын шатқалы мен Іле Алатауы, Баянауыл мен Қарқаралысы – көз тартар көрікті мекендер ғана емес, елдің экологиялық тұрақтылығы мен табиғи болашағын айқындайтын стратегиялық ресурс. Дегенмен, туристік ағынның артуы оларға түсетін қысымды күшейтіп, табиғатты сақтау мәселесін жаңа деңгейге көтеріп отыр. Осы тұрғыда экотуризм бүгінде жай ғана демалыс формасы емес, табиғатты қорғау мен экономикалық дамуды тең ұштастыратын маңызды әрі жауапты бағытқа айналуда.
Саланың даму әлеуеті
Экотуризм – табиғи аумақтарға зиян келтірмей саяхат жасауға, экожүйелерді сақтауға және жергілікті халықтың әл-ауқатын қолдауға бағытталған туризмнің заманауи түрі. Бүгінде бұл бағыт әлемдік деңгейде қарқынды дамып, жаһандық туризм индустриясының маңызды әрі тұрақты сегменттерінің біріне айналып отыр.
Осы үрдістен Қазақстан да тыс қалып отқан жоқ. Ел аумағының кеңдігі, табиғи ландшафттардың ерекше әртүрлілігі және сирек кездесетін экожүйелер экотуризмді дамытуға зор мүмкіндік береді. Шарын шатқалы, Көлсай мен Қайыңды көлдері, Алтын-Емел, Катон-Қарағай, Бурабай және Маңғыстау өңірлері бүгінде экотуризмнің негізгі әрі сұранысқа ие бағыттары ретінде қалыптасып келеді.
Дегенмен, мамандардың пікірінше, табиғи аумақтарға келушілер санының артуы экожүйелерге түсетін антропогендік қысымды айтарлықтай күшейтіп отыр. Бұл жағдай өз кезегінде туристік инфрақұрылымды ғана емес, жалпы басқару жүйесін де қайта қарауды және жетілдіруді талап етеді.
Дамуға не кедергі?
Экология саласының сарапшысы Светлана Спатарь Қазақстанда туризм дамып келе жатқанымен, оны басқару деңгейі артта қалып отырғанын айтады.

– Бүгінде туризм табиғатты тамашалау емес, оны тұтыну құралына айналып барады. Инфрақұрылым жоқ, айыппұл жүйесі жұмыс істемейді, ал мәдениет деңгейі өте төмен, – дейді ол.
Осы пікірді экология саласының тағы бір маманы Базарбек Қамысбаев та қолдайды. Оның айтуынша, табиғи аумақтардағы бақылаудың әлсіздігі экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуына тікелей әсер етіп отыр.
– Бурабайда жартастарға жазу жазу, Жұмбақтасқа жақын бару, қоқыс тастау сияқты жағдайлар жүйелі бақылаудың жоқтығын көрсетеді, – дейді ол.

Мамандардың пайымынша, бұл түйткілдер жеке-дара емес, өзара байланысты жүйелік мәселелердің жиынтығы. Олар негізгі проблемаларды бірнеше бағытқа бөледі. Олар – экологиялық заңнаманың әлсіз орындалуы, туристік мәдениеттің төмендігі, инфрақұрылым тапшылығы және ұзақмерзімді стратегиялық жоспарлаудың жеткіліксіздігі.
Болашақ перспектива: тұрақты туризм моделі
Аталған мәселелерді еңсеруде әлемдік тәжірибеге үңілуге болады. Мысалы, Кения мен Еуроодақ елдерінде бір реттік пластикке қатаң шектеу енгізілген. Мұндай шешім экожүйеге түсетін жүктемені айтарлықтай азайтып, табиғи аумақтардың ластану деңгейін төмендетуге ықпал етті.
Сарапшылар Қазақстанда да осыған ұқсас шараларды кезең-кезеңімен енгізу қажет екенін айтады. Олардың пікірінше, ұлттық парктерге пластик өнімдерін алып кіруге шектеу қою, қайта пайдаланылатын ыдыстар жүйесін дамыту және экодүкендер желісін қалыптастыру – экотуризмді тұрақты дамытудағы нақты әрі тиімді қадамдардың бірі.
Бұл тұста Норвегия тәжірибесі де ерекше маңызға ие. Елде туристерге табиғатты қорғау ережелері алдын ала түсіндіріліп, оларды бұзғандарға қатаң айыппұл жүйесі қолданылады.
– Қазақстанда да экобекеттер мен ақпараттық жүйелерді дамыту қажет, – дейді мамандар.
Сонымен қатар сарапшылар QR-код арқылы виртуалды экскурсиялар жасау, туристер ағынын реттеу және алдын ала онлайн брондау жүйесін енгізу сияқты цифрлық шешімдерді кеңінен қолдануды ұсынады.

Мамандардың сөзінше, туристерге сапар алдында экологиялық мінез-құлық ережелерін түсіндіру тәжірибесін жүйелі түрде енгізу қажет. Бұл ретте туристік қызмет көрсететін компанияларға міндетті экобрифинг өткізу талабын қою тиімді шешім ретінде қарастырылады.
Осыған қоса ұлттық парктерде «экотәрбие сағаттарын» енгізу мүмкіндігі де ұсынылып отыр. Мәселен, келушілерге арналған қысқаша нұсқаулық видеолар көрсету немесе гидтердің сапар басында экологиялық ережелерді түсіндіруі бұл мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді.
Сарапшылар сондай-ақ әлеуметтік желілер арқылы инфлюенсерлермен бірлескен экобілім беру кампанияларын жүргізуді де тиімді әрі шығыны аз құрал ретінде атап өтеді.
P.S. Экотуризм Қазақстанда қарқынды дамып келе жатқанымен, оның болашағы тек инфрақұрылымға емес, ең алдымен қоғамның экологиялық санасына тікелей байланысты. Табиғатты сақтау мен туризмді дамыту арасындағы тепе-теңдік сақталған жағдайда ғана аталған сала ұзақмерзімді және тұрақты даму траекториясына шыға алады.
Мөлдір Кенжеғұлова
