Kyzylorda-news.kz Бүгінде адам баласы антропоцен дәуірінің ең күрделі экологиялық сынағы – жаһандық климаттың өзгеруімен бетпе бет келіп отыр.
Антропоцен (грекше Anthropos – адам және kainos – жаңа) – адамзат іс-әрекетінің Жер планетасының экожүйесіне, геологиясына және атмосферасына тигізетін әсері шешуші факторға айналған жаңа геологиялық дәуірді сипаттайтын термин. Қарапайым тілмен айтқанда, «адамзат дәуірі» деген мағынаны білдіреді. Бұған дейін табиғат пен климат табиғи циклдер (жанартаулардың атқылауы, күн белсенділігі, орбиталық өзгерістер) арқылы қалыптасса, қазір басты «геологиялық күш» адам болып отыр. Бұл термин қайдан шықты? Антропоцен терминін 2000 жылы Нобель сыйлығының лауреаты, химик Пауль Крутцен ұсынған. Оның пікірінше, біз соңғы 11700 жыл бойы жалғасып келген салыстырмалы түрде тұрақты Голоцен дәуірінен шығып кеттік. П.Крутцен және онымен идеялас ғалымдар бұл дәуірдің басталғанын дәлелдейтін «белгілерді» бірнеше топқа бөліп қарастырады.
Біріншіден, техногендік шөгінділер. Пластик, бетон, алюминий және шыны сияқты материалдардың жер қабаттарында шетсіз, шексіз жиналуы. Болашақ геологтар біздің дәуірімізді осы мәдени қабаттар арқылы танитын болады. Екіншіден, химиялық өзгерістер. Атмосферадағы көмірқышқыл газы (CO2) мен метан (CH4)концентрациясының соңғы 800 мың жылда адам айтса нанғысыз бұрын соңды болмаған деңгейге көтерілуі. Үшіншіден, радиоактивті іздер. 1945 жылдан басталған ядролық сынақтардан қалған радионуклидтер адамзат ғаламшарының барлық нүктесінде (тіпті Антарктида мұздарында) табылған. Бұл антропоценнің нақты «хронологиялық шекарасы» ретінде жиі қарастырылады. Төртіншіден, биологиялық трансформация. Үй жануарлары мен ауыл шаруашылығы дақылдарының биомассасы жабайы табиғаттан бірнеше есе асып түсіп отыр. Табиғаттағы түрлердің жойылу қарқыны осы күнге дейінгі табиғи деңгейден жүзден мың есеге дейін жылдамдықпен артқан. Климаттың тез өзгеруіне табиғаттың көптеген түрлері бейімделіп те үлгермей жатыр. Антропоцен дәуірінде түрлердің жойылу қарқыны табиғи деңгейден 1000 есеге дейін жоғарылады деген сөз жай ғана эмоция емес. WWF Living Planet Report деректеріне сүйенсек, 1970 жылдан бері қарайғы есеп бойынша жануарлар популяциясы орта есеппен 69 пайызға азайған.
2000 жылы адамзаттың жаңа дәуірі басталды дегенімізбен, ғалымдар арасында Антропоценнің нақты қашан басталғаны туралы әлі де пікірталас бар. Сол пікірталастардың дені ауылшаруашылығы революциясы (8-10 мың жыл бұрын), индустриялық революция (ХVIII ғасырдың соңы, бу қозғалтқышының пайда болуы), «Ұлы жеделдеу» (Great Acceleration) (1950 жылдардан кейінгі халық санының, өндіріс пен тұтынудың күрт өсу кезеңі) уақытымен бірге антропоцен дәуірінде өмір сүріп жатырмыз деген уәжге саяды. Бұл дәуірдің басталуы біз үшін несімен маңызды? Антропоцен тұжырымдамасы адам мен табиғаттың бөлек емес екенін көрсетеді. Бұл – тек геологиялық термин ғана емес, сонымен қатар гуманитарлық, әлеуметтік және философиялық мәселе. Ол бізге планета алдындағы жауапкершілікті сезінуге және жалпыадамзаттық тұрақты даму моделін қайта қарауға шақырады. Антропоцен бұл – адам әрекеті жер ғаламшарының геологиялық және экологиялық процестерін басқаратын негізгі күшке айналған дәуір. Оның климатқа әсері тек температураның көтерілуімен ғана емес, бүкіл биосфераның трансформациясымен сипатталады.
АҚШ-тың Ғаламдық лаборатория мониторингінің деректеріне сүйенсек, мына суреттегі диаграммалар Гаваядағы Мауно-Лоа обсерваториясында өлшенген көмірқышқыл газының орташа айлық концентрациясын көрсетіп отыр.


Дереккөзі:GlobalMonitoringLaboratory
Тұрмыстың мың бір майда-шүйдесімен «басы қатып» жүретін әдеттегі адамдар үшін климат тақырыбы соншалықты актуалды болып көрінбеуі де мүмкін. Жаратылыстану ғылымдарының жағрапия саласына кіретін «климат» сөзі гректің «klima» көлбеу, еңіс деген сөзінен шығады да, ежелгі грек ғалымдары Күн сәулесінің Жер бетіне түсу бұрышына (еңістігіне) байланысты ауа-райының өзгеретінін байқап, осы терминді қолдана бастаған. Ғылыми тұрғыдан алғанда, климат – белгілі бір жердегі ауа-райының көпжылдық режимі. Ауа-райы мен климаттың айырмашылығы уақыт пен тұрақтылыққа байланысты. Мәселен, ауа-райы немесе күн райы атмосфераның дәл қазіргі немесе қысқа мерзімдік (бір күн, бір апта) күйі болса, ол әдетте құбылмалы, таңертең күн ашық болып, түсте жаңбыр жаууы мүмкін. Климат дегеніміз – ондаған жылдар бойы (әдетте 30 жыл және одан да көп) қалыптасқан заңдылық және ауа-райының «орташаланған» сипаттамасы. Қарапайым сөзбен айтқанда, ауа-райы бұл адамның көңіл-күйі де, ал климат – оның мінезі. Көңіл-күй сағат сайын өзгеруі мүмкін, бірақ мінез тұрақты күйде қалады.
Көпшілігімізге мәлім, климаттың қандай болатынын үш негізгі процесс анықтайды: Жылу айналымы: күн радиациясы және оның жер бетіне таралуы. Ылғал айналымы: судың булануы, бұлттардың түзілуі және жауын-шашынның жаууы. Атмосфера циркуляциясы: ауа массаларының (циклондар мен антициклондардың) қозғалысы мен жел. Біздің еліміз мұхиттардан өте-өте алыс Еуразия құрылығының орталығында орналасқандықтан шұғыл континенттік климат деп аталады. Оның негізгі белгілерін қыс пен жаздың температура айырмашылығынан (қыста шыңылтыр аяз, жазда аптап ыстық), ауаның өте құрғақтығынан және жауын-шашынның аздығынан байқаймыз. Мәселен, біздің Қызылорда өңірінде климат континенттілігінің өте жоғары болуы жаздың ұзақ әрі ыстық болуына, ал қыста қардың аз түсуіне, бірақ суық болуына әсер етіп отыр.
Адамзат тудырған жылу энергиясының 90 пайыздан астамын мұхиттар сіңіреді, бұл полярлық мұздықтар мен тау мұздықтарының жылдам еруіне ұласады. Бұл процесс Антропоценнің ең айқын геологиялық ізі болып саналады. Мәселен, Гренляндия мен Антарктида мұздықтары жылына орта есеппен 427 миллиард тонна мұз жоғалтып келеді. Немістің GRACE NASA және GRACEFollow-on спутниктері жинаған 2002 жылдан бастап 2017 жылға дейінгі деректер қоры (қысқа үзілістен кейін 2018 жылдың маусымынан жазба қайта басталған) осыны дәлелдейді. Бұл жазбалар жаңа бақылау деректері түскен сайын жаңарып отырады.
Кейде бізден соншама алыс жатқан мұзды мұхит пен жылыну салдарынан тіршілік ете алмай, жойылып бара жатқан ақ аюлар мәселесі біздің бас ауруымыз еместей көрінеді. Бірақ іс жүзінде болып жатқан ғаламдық жылыну өзгерістерінің барысына қарап олай деу қиын. Егер Жер шарын бүтін бір дене деп қарастырсақ, онда денеміздің кез келген бөлігіндегі әлдебір дертті менікі емес дей алмаймыз ғой.Бізден соншама алыс жатса да мұз қабаттары – бүгінгі алып Жердің жай-күйінің айқын көрсеткіші, сондықтан осы сандарға қарап климат болашағын бағамдай аламыз. Құрлықта тұщы судың көп мөлшерін сақтайтын мұз қабаттары жердегі ауа мен мұхит температурасы көтерілген сайын ериді. Антарктида мұз массасын жылына орта есеппен 135 миллиард тоннаға, ал Гренландия жылына шамамен 264 миллиард тоннаға мұз көлемін жоғалтады. Мұз еріген сайын пайда болған су мұхитқа ағып, теңіз деңгейінің көтерілуіне ықпал етеді. Мұздар мұхитқа ағып кетіп жатыр деген сөз айтуға оңай болғанмен, байыбына барсақ, салмағы өте ауыр. Неге?
Жалпы түсінік үшін айта кетейік, Гренляндия мен Антарктиданың мұз қабаттары жер бетіндегі тұщы су қорының шамамен үштен екісін сақтайды, яғни жер бетіндегі тұщы судың 69 пайызы осы мұздықтарда сақталған.Енді елестетіп көріңіз: мұхиттың суы – ащы, тұзды су, яғни ішуге жарамсыз. Мұздықтар еріп, мұхитқа құйылғанда тұзды сумен араласып, бірден «тұзды суға» айналады. Демек тіршілік нәрі саналатын тұщы су көз алдымызда жарамсыз күйге айналып жатыр. Бұл – бүгінде әлемдік климатологтар мен гидрологтарды ең қатты мазалайтын мәселелердің бірі. Тұщы судың жоғалуы – мұхитқа айналуы теориялық және практикалық тұрғыдан ішуге жарамды су қорын азайтады. Адамзат баласы орасан зор тұщы су қорын жер бетінен қайтарымсыз жоғалтып отыр. Оны қайтадан ішуге жарамды ету үшін өте қымбат әрі энергияны көп қажет ететін тұщыту (desalination) технологиялары қажет болады. Мәселе мұнымен бітпейді. Мұздықтардың еруі жер асты суларын да тұздандырады. Мұздықтар еріп, мұхит деңгейі көтерілгенде теңіз суы жағалаудағы жер асты суларына қысым түсіріп, ішке енеді. Жағалаудағы қалалар мен ауылшаруашылығы жерлері ішуге және суғаруға пайдаланатын жер асты құдықтары тұзданып, жарамсыз болып қалады. Бұл қазірдің өзінде Въетнам, Бангладеш, Нидерланды сияқты елдерде үлкен мәселеге айналып отыр. Мұнымен қоса «су мұнараларының» бұзылуы Орталық Азия, соның ішінде Қазақстан үшін айтарлықтай қауіпті. Өйткені бұл мұздықтар біз үшін табиғи реттегіш мұнаралар іспетті. Хан Тәңірі мен Памир тауларындағы мұздықтар қыста қар жинап, жазда ол еріп, Сырдария мен Әмудария сияқты өзендерді сумен қамтамасыз етеді. Ең үлкен қауіп сол: мұздықтар толық еріп біткенде өзендер тек жаңбыр суына тәуелді болып қалады. Бұл жазда өзендердің мүлдем тартылып қалуына және егіншіліктің жойылуына әкеледі. Өйткені Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Қазақстанның өзендері (Іле, Сырдария, Ертіс) тікелей тау мұздықтарының еруінен су алады. Мұздықтардың азаюы болашақта су тапшылығының басты себебі деп ғалымдардың дабыл қағып отырғаны содан. Мәселен, Қызылорда облысы үшін бұл Сырдарияның суалуына барып тірелуі әбден мүмкін. Мұнымен қоса еліміздің солтүстік және орталық аймақтарындағы егіншілік пен жер асты суларының толығуы қысқы қардың қалыңдығына тікелей байланысты. Тағы бір мәселе: тұщы судың көп мөлшерде мұхитқа құйылуы судың тығыздылығы мен тұздылығын өзгертеді. Бұның салдары Гольфстрим сияқты жылы ағыстардың бағытын өзгертуі немесе мүлдем тоқтатуы мүмкін. Нәтижесінде Еуропада климат күрт суытып, жер ғаламшарының жылу тепе-теңдігі бұзылады.
Жер шарындағы су айналымының заңы бойынша судың жалпы көлемі өзгермейді әрине, бірақ адамзат баласының игілігіне айналып отырған тұщы судың әрбір адам үшін оңай тұтынуы, яғни қолжетімді болуы шын мәнінде қауіпті деңгейге дейін азаюы мүмкін. Статистикалық деректерге сүйенсек, қазірдің өзінде жер бетіндегі судың тек 2,5 пайызы ғана тұщы болса, соның 1 пайызы ғана бізге (өзен, көл, жер асты суы ретінде) қолжетімді болып отыр. Егер мұздықтар толық ерісе, онда адамзат су тапшылығынан туындаған климаттық миграцияға және су үшін соғыстарға тап болуы ықтимал. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, тұщы су мүлдем жоғалып кетпейді, бірақ ол біз үшін тығыз әрі қымбат ресурсқа айналады. Бұл әсіресе трансшекаралық өзендерге тәуелді Қазақстан үшін стратегиялық қауіпсіздік мәселесі болып саналады.
Жалпы алғанда мұздықтардың еруі ғылым тілінде криосфераның трансформациясы деп аталады. Криосфера (грекше kryos – суық, sphaira– шар) – Жер бетіндегі судың қатты (мұз, қар) күйінде болатын жағрафиялық қабығы. Бұл Жер шарының «тоңазытқышы» іспетті, климатты тұрақтандыруда шешуші рөл атқарады. Криосфера тек Солтүстік немесе Оңтүстік жарты шармен шектелмейді, ол ғаламшардың барлық деңгейінде кездеседі. Криосфера – климаттың өзгеруіне ең сезімтал индикатор. Ол біздің Жер атты алып үйіміз үшін үш маңызды қызмет атқарады. Альбедо эффектісі (шағылыстыру қабілеті) аппақ қар мен мұз Күн сәулесінің 80-90 пайызын ғарышқа кері шағылыстырады. Егер мұз еріп, оның орнын қараңғы мұхит пен қара жер басса, олар жылуды әлдеқайда көбірек сіңіріп, Жер ғаламшарының одан сайын қызуына алып келеді. Тұщы су қоры ретінде маңызын егжей-тегжейі талдадық. Енді көміртегі қоймасы ретінде мұздықтардың маңызы зор екенін де айту керек. Мәңгілік тоң қабаттарында миллиондаған жыл бойы сақталған органикалық қалдықтар бар. Олар еріген кезде атмосфераға орасан зор мөлшерде метан мен көмірқышқыл газы бөлінеді де, парниктік эффектіні үдете түседі. Мәселен, бүгінде атмосферадағы артық көмірқышқыл газының шамамен 25-30 пайызын мұхит суы сіңіріп отыр. Бұл судың химиялық құрамын өзгертіп, оны қышқылдандырады және теңіз жүйелеріне қауіп төндіреді. Американың Мұхит және атмосфераға зерттеулер жүргізетін Ұлттық Басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, мұхит суының беткі қабатының қышқылдығы индустриялық дәуірден бері 30 пайызға артқан. Демек атмосферадағы көмірқышқыл газы жоғарылаған сайын оның мұхиттағы концентрациясы да арта түседі, бұл өз кезегінде судағы карбонат иондарын салыстырмалы түрде төмендетеді екен. Ал карбонат иондары теңіз қабықтары мен маржан қаңқаларын түзу үшін құрылыс материалы іспетті, демек оның төмендеуі устрица, моллюска, теңіз кірпілері, мұхит маржандары сияқты тіршілік иелері үшін айтарлықтай қауіпті. Мұхит химиясындағы бұл өзгерістер балықтардың мінез-құлқына да әсер етуі мүмкін. Кейбір балықтардың жыртқыштарды анықтау қабілеті қышқыл суда төмендейді екен. Сондықтан экономикасы балық пен ұлуға тәуелді елдер үшін зерттеушілер дабыл қағып келеді. Өйткені бүкіл әлемдегі адамдар ақуыздың негізгі көзі ретінде мұхит тағамдарына сүйенеді. Осындай бірімен бірі тізбектеліп, бірінің тіршілігіне бірі тәуелді табиғат айналымы үшін алдағы уақыттың қауіп қатері күшеймесе бәсеңдемейтіні анық.
Антропоценнің климатқа әсерінің әлем бойынша ең даусыз мысалы – Арал теңізінің апаты. Су ресурстарын антропогендік басқарудың нәтижесінде аймақтық климат өзгеріп, жаз ыстық, қыс қатал бола бастағанына ел куә. Мұнымен қоса World Bank Climate Change Knowledge – Климаттың өзгеруі туралы білім порталының деректеріне сүйенсек, Арал теңізінің тартылуы аймақтағы шаңды дауылдардың жиілеуіне және жергілікті температураның жаһандық орташа көрсеткіштен жылдамырақ өсуіне соқтырып отыр.
Айжан ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ
Фото: freepik.com
