Қызылордада «Руханият» жылы аясында облыстық филармония жанынан «Жыраулар үйі» ашылды.

​Шараға облыстық мәслихат төрағасы, «Аманат» партиясы облыстық филиалының төрағасы Наурызбай Байқадамов, жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Қызылорда облысының құрметті азаматы, профессор Алмас Алматов, фольклортанушы ғалым, эпикалық жыршылық, орындаушылық үрдістің көрнекті өкілі, жыршы Берік Жүсіпов, дәстүрлі әнші, Сүйінбай, Жамбыл дәстүрін жалғастырушы Ақан Әбдуалиев, жыршы, мәдениет қайраткері Амандық Көмеков, жыршы, «Дарын» жастар сыйлығының иегері Күнсұлу Түрікпен және жыршы-жыраулар, руханият жанашырлары қатысты.

Өнер ордасында понорамалық Қорқыт ата композициясы қойылған. Тарихи композицияда түркі халықтарының ортақ ұлы ойшылы, жырау, күй атасы – Қорқыт бабамыздың бейнесі және Жанкент, Сауран, Шірік-рабат сынды көне қалалары суреттелген. Одан бөлек, Инфокиоск – ақпараттандыру құрылғысы орнатылған. Инфокиоскқа жыраулар үйіне қатысты барлық мәліметтер енгізілген. Ал ғимараттың дәлізінде ХІV-XV ғ.ғ бастап ХХ ғасыр аралығындағы 15 ақын-жыраулардың суреттері ілінген.Атап айтқанда, Ұлы ойшыл Қорқыт бабамыз, ақын-философ Асан қайғы, әйгілі Бұқар жырау, жыраулық өнер зерттеушілері Әлкей Марғұлан, Әуелбек Қоңыратбаев, Рахманқұл Бердібаев және Мардан Байділдаевтар. Келесі тұрған әнші, жырау композитор Ешнияз сал, Базар жырау, Рахмет Мәзқожаев, ақын Тұрмағамбет Ізтілеуов, жырау Жәмет Сайымұлы, Жаңаберген Бітімбайұлы, Тұрымбет Салқынбайұлы.

Сондай-ақ Жыраулар үйінде конференция және көрермендер залдары қарастырылған. Көрермендер залының сахнасы ұлттық нақышта безендірілген. Сахна айнасында орнатылған заманауи материалдардан жасалынған жартылай киіз үй тәрізді құрылғының төбесін шаңырақ түйістіреді. Бұл концерттік зал телевизиалық түсірілімдер жасайтын студияға да лайықтандырылған. Ғимаратта экспозициялық музей залы да жасақталған. Музейдің оң жақ қанатыны 5 секцияға, ал сол жақ қанаты 3 секцияға бөлініп, Қорқыт баба мұрагерлері, Нышан, Нұрғали сынды бақсылар қобыздарының суреттері. Сыр өңірінде қалыптасқан жыраулық үш мектеп өкілдері Нұртуған, Жиенбай, Нартайдың суреттері, тұтынған құралдары мен жеткен жетістіктерінің құжаттары қойылған. Сонымен қатар, Сыр елінде 2006 жылдан бастап дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан Түркі тілдес елдердің халықаралық «Қорқыт және Ұлы дала сазы» фольклорлық-музыкалық өнер фестивалінің көрінісі орын алған. Бұдан бөлек, Сыр өңіріндегі жыраулық өнерді насихаттауда қолданылған аспаптар мен заттар, киімдер қойылған.

Жыраулар үйінің алқалы алаңында Сыр сүлейлерінің ізбасарлары, жыршы-жыраулар өнер көрсетіп, жырдан шашу шашты.

Фото: облыстық мәдениет басқармасы

Тағы да оқыңыз: