Kyzylorda-news.kz. Америкалық Work and Travel студенттерге арналған танымал бағдарламасы арқылы жұмыс істеп, тәжірибе жинап жүрген жерлесіміз, жас ізденуші Ұлыстан Қарасаев. Осы тұста АҚШ-қа арман қуып жеткен Ұлыстанмен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Ең алдымен өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз…
Мен Ұлыстан Жомартұлы, 2002 жылы қасиетті Қызылжар топырағында дүниеге келгенмін. Ыбырай Алтынсарин атындағы №204 мектептің 2020 жылғы түлегімін. Қазір Алматы қаласындағы, Қазақстан-Британ техникалық университетінің 2-ші курс студентімін. Қарапайым қоғамда тума-туыс, таныс көп шоғырланан жерге барып үйренгенбіз. Алайда бұл жолы тәуекелге бел байлап, бағымды сынап көрдім. Осылайша таптаурындарды бұзып, 2022 жылдың жазында «WORK AND TRAVEL» бағдарламасымен Америкаға баруды ұйғардым.
– Бағдарлама жайына толығырақ тоқтала кетсеңіз…
– «WORK AND TRAVEL» бұл – америкалықтардың тұрмыс-тіршілігі, мәдениетімен танысып, шетелден тәжірибе жинақтауға арналған бағдарлама. Ол көріп, ағылшын тілін жетілдіргісі келетін студенттерге арналып құрылған теңдесіз халықаралық байланыс бағдарламасы.
Екі бөлімнен тұрады. Біріншісі – сонда жұмыс жасау. 15 мамырдан 15 қыркүйек аралығында дейін әрбір студент өзіне ыңғайлы күнтізбесін жасайды. Дегенмен студенттер тек ойын-сауық саябақтары, мейрамханалар, дүкендер, Ұлттық саябақтар, қонақ үйлер секілді қызмет көрсету саласында ғана жұмыс істей алады. Жұмысты көбіне АҚШ-тың шығысында орналасқан Нью-Йорк, Нью-Джерси, Масачусетс сынды штаттарында жасайды.
Екінші – саяхаттау. Жұмыс мерзімі аяқталғаннан соң студенттер 30 күнге дейін саяхаттауға құқылы. Яғни, студент жаз бойы жинаған ақшасын, басқа қалаларға саяхаттауға жаратса болады. Бұл саяхат көбінесе Американың батыс қалаларына жасалады. Студенттерге Лос-Анджелес, Лас-Вегас, Сан-Франциско секілді қалаларға саяхаттау мүмкіндігі туады. Міне, бағдарламаның бар баяны осы.
– АҚШ-тың қай қаласындасыз? Қашан бардыңыз және қандай мамандықта оқып жүрсіз?
– Мен АҚШ-тың Нью-Джерси штатындағы, Оушен сити қаласында бірінші маусымнан бастап жұмыс жасап жатырмын. Бұл қалада фаст-фудта кассашы қызметін атқарып жүрмін. Жоғарыда айтып кеткендей, бірінші бөлімімен келдім. Алдымен мұнда осындай қарапайым жұмыс жасауға мүмкіндік береді.
– Құпия болмаса мұндағы айлық-табысыңыз қанша?
– АҚШ-та ақшаны сағатына төлейді. Мен Оушен сити қаласында екі жерде жұмыс жасаймын. Бірінші негізгі жұмысымда 7-8 сағат көлемінде жұмыс жасап, сағатына 13 АҚШ долларын аламын. Ал екінші жұмыста сағатына 17 доллар. Бір күнгі жұмысқа 5-6 сағат беріледі. Сөйтіп, аптасына бір күнімді демалысқа арнаймын. Орташа есеппен алғанда бір айда 3500-4000 доллар көлемінде ақша табамын.
– Бұл қала несімен таңғалдырды?
– Бұл қаланың бір ерекшелігі мұнда ешқандай ішімдік, темекі секілді зиянды заттар сатылмайды. Қала көшелері соның арқасында таза және тұрғандары да керемет.
Тағы бір таңғалдырар тұсы ол – Атлант мұхитынан ескен салқын жел. Оушен сити қаласында жаздық орташа температура 26-30 градус аралығында болады. Мұхит лебі ескенде өзіңді жеңіл сезінесің. Бұл да қаланың ерекше тұстарының бірі. Алайда, мұның барлығы туған жер топырағына жетпейді.
– Жалпы сіздің мұхит асып, арман қууыңызға не түрткі болды?
– Америка құрама штаттарын көру бала күнгі армандарымның бірі еді. 11 сынып тәмамдаған шақта АҚШ-қа жоғары оқуға түсемін деген жоспарым болған. Бірақ ағылшын тілін жеткілікті білмегендіктен бұл жай арман болып қалды. Кейін Алматы қаласына жоғарғы оқу орнына түскеннен кейін, студенттерге арналған «WORK AND TRAVEL» бағдарламасы туралы естідім. Бұның өмірімдегі ең үлкен мүмкіндіктердің бірі екенін түсініп, осы бағдарлама арқылы шетелге баруға бекінді. Қуанышыма орай ең үлкен армандарымның бірі 19 жасымда орындалды.
– Онда тәжірибе алмасу, яғни жұмыс жасау барысында қандай қиыншылықтармен кезіктіңіз?
– Ондағы қиыншылықтың бірі ағылшындардың айтуынша, «Jet Lag» болатын. Яғни, мұндағы уақыт белдеуінің басқаша болуы. Нью-Йорктың Алматы уақытынан 10 сағат айырмашылығы бар. Бірақ 3-4 күннен кейін бәрі өз орнына келді.
Ал келесі, үлкен қиыншылықтардың бірі жергілікті тұрғандарды түсініп, олармен сөйлесу болды. Себебі Америка тұрғындарының ағылшын тілінде сөйлеу акценттері, мен ойлағаннан да қиын болып шықты. Сонымен қатар бірге жұмыс жасайтын Коста-Рика, Колумбия және Тайланд секілді елдердің студенттерінің ағылшын акцентіне үйреніп кету оңай болмады.
– «WORK AND TRAVEL» бағдарламасы бойынша АҚШ-қа барғысы келетін жасқа қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?
– Бұл бағдарламаға қызығушылығы артып, бағын сынағысы келген немесе жоспарлап жүрген студенттерге айтарым көп. Бұл – өмірлеріңде берілетін ең керемет мүмкіндік. Және мұндай мүмкіндікті қорыққаннан немесе тіл білмегендіктен жіберіп алу үлкен қателік болады. Сол себепті ойыңыздан барлық күмәніңізді артқа тастап, өзіңізге деген үлкен сеніммен арманыңызға қол жеткізіңіз. Бұл ересек өмірге жасалатын үлкен қадам. Себебі АҚШ-та жүргенде жауапкершіліктің көп бөлігі өзіңізге түседі. Бұл тек өзіңізге тәуелді болуға көмектеседі дегім келеді.
Сонымен қатар ағылшын тілін барынша жақсы меңгеріңіз, неғұрлым жақсы білсеңіз, соғұрлым Америкаға саяхатыңыз оңай болады. Бұл бағдарламаға қомақты ақша кетуі мүмкін, бірақ оны сіз еселеп, қайтарып алып келе аласыз. Егер мүмкіндік болса, міндетті түрде қалыс қалмаңыз.
– Әңгімеңізге рахмет!