Kyzylorda-news.kz. Түркияның Газиантеп провинциясындағы Нурдагы қаласы қатты зардап шекті. Сондықтан оны толығымен бұзып тастауға шешім қабылданды. Бұл туралы губернатордың міндетін атқарушы Осман Бильгин мәлімдеді.
Қазіргі кезде адам болуы мүмкін деген соңғы сегіз үйде іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
"Біз үлкен апатты бастан кешірдік. Қала құрылысы министрі Куруммен бір шешімге келді. Үйіндінің бәрін жинаймыз, қаланы толығымен бұзамыз, 100 процентке сүріледі. Бір ғана қираған үйдің астынан 150 адам шықты. Барлығы қайтыс болған. Біз қаланы жаңадан салып шығамыз", - деді Бильгин.
Түрік бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметіне сәйкес, қала халқының саны кем дегенде 40 мың адам болған
Айта кетері, бұған дейін Түркияның қала құрылысы мен қоршаған орта министрлігі 10 провинцияда 132 мың үйдің салынғанын хабарлаған. Соның ішінде 7 584 нысан жер сілкінісі кезінде толығымен немесе ішінара қираған. Бұдан бөлек, 12 617 үй тұруға жарамсыз деп танылды.
6 ақпанда Түркияның оңтүстік-батысында 7,7 магнитудалы қатты жер сілкінісі болды. Соңғы ақпаратқа сәйкес, 31 мыңнан астам адам қайтыс болды.