Kyzylorda-news.kz. Қазақстанның кейбір аймақтарында күн жылынса, cу тасқыны болады деп болжанып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов алдағы уақытта су тасқыны болу қаупі туралы айтты.

"2023 жылдың желтоқсанында жауын-шашын көп болды, қар жаумады. Судың барлығы жерге жиналды. Біз күтпеген жерден су тасқыны болуы мүмкін деп болжап отырмыз. Ақпанның аяғында оңтүстік облыстарда, наурыз айында солтүстік облыстарда тасқын болуы ықтимал. Барлық дайындық жүріп жатыр, барлығын көктемде көре жатармыз", – деді Шыңғыс Әрінов.

Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының басшысы Рустамбек Әмриннің айтуынша, "Қазгидрометтің" болжамы бойынша су тасқыны қаупі жоғары аймақтарға Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облысы, Абай және Ұлытау облыстары кіреді.

Тәуекел деңгейі орташа аймақтарға Жетісу облысы, Жамбыл және Павлодар облыстары жатады.

Тәуекел деңгейі төмен өңірлер – Маңғыстау және Қызылорда облыстары.

"Топырақтың қату және ылғалдық көрсеткіштері бойынша осындай болжам бар. Бірақ бұл – алдын ала болжам. Қазгидромет алдағы күні нақты болжамды жариялайды", –  деді Рустамбек Әмрин.

Тағы да оқыңыз: