Бүгін ақпарат көздерінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты үндеуі жарияланды. Оқыдық, ойландық, тауқымет тартқан тұрғындар туралы толғандық. Әрине, ауа райының күрт жылынуына байланысты көктемнің қарғын суы қарапайым халықты әбігерге түсірді. Осыған орай еліміздің он аймағында төтенше жағдай жарияланды. Бүгінгі таңда Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында су тасқынының алдын алу шаралары жедел жүргізіліп жатқанымен қалыпты жағдайға әлі толық келген жоқ. Ауыртпалық бар.
Қиындық құрсауындағы халыққа көмектесу үшін Үкіметке мемлекеттік материалдық резервті пайдалану тапсырылды. Мемлекет тарапынан бірде-бір адамның әлеуметтік жағдайы ескерусіз қалдырылмайтыны белгілі болды. Материалдық шығындар толық өтелмек.
Ел Президентінің Үндеуін Қазақстан халқына деген жанашырлық, қиын-қыстаудан құтқарудың қамы деп қабылдауымыз қажет. Сондықтан сабырға келіп, жауапты тұлғалардың тиісті тапсырмаларды орындауына кедергі жасамауды сұрар едім.
Біздің бірнеше сенатор әріптестеріміз оқиға орнында болып, жағдайды көзімен көріп келді. Сондай-ақ түрлі ақпарат көздері таратқан мәліметтер жағдайды мәлім етіп отыр. Десе де кейбір ақпарат жұртты дүрбелеңге салуды көздейтін секілді көрінді. Жалпы, жалған ақпарат жұртты жарға жығатынын ескерген жөн.
Тауқыметке төтеп беру амалын және қарғын судың қатерін өз басымнан өткерген іс-тәжірибем бар. Сол себепті ел күйзелісін жүрегіммен қабылдадым.
2016 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданының әкімі кезімде Қаратауға қалың түскен қардың күрт еруі зардабы біршама қиындық туғызды. Ақүйек және Жайылма ауылдық округтері аумағын су басу қаупі туындап, күн-түн демей қызыл сумен күрестік. Ескі арналар көміліп қалған, Көлтоған су қоймасына сыймай жатыр. Тіпті Жаңақорған кентіне қауіп төнді. Міне, осындай сын сағатта ақсақалдардың ақылымен, жастардың жігерімен, көптің күшімен ешбір шығынға ұрынбай, елді аман алып шыққан едік. Қысқа уақыт ішіндегі қиыншылық пен қарбалас әліге дейін жадымнан шықпайды. Еліміздің бірнеше аймағында болған қарғын су салдары өткенді ойға салды. Және сол кездегі тұрғындардың төзімі мен сабыры, ортақ мүддеге деген ағайынның ауызбіршілігі ауыртпалықты жеңуге жол ашты.
Мемлекет Басшысының бұл Үндеуі де елдің бірлігі мен берекесін қорғауды, азаматтармыздың амандығын тілеуді мақсат тұтқанын айтқан ләзім.
2008 жылы Сырдария арнасынан тасып, ел қатты әбігерге түскен болатын. Осындай қысылтаяң шақта елде қызмет етіп жүрген белгілі қаламгер Бауыржан Омаров халықты сабырға шақырып, «Сабыр, сабыр, Сыр-Ана!» деген терең толғаммен жазбасын жариялады. Сол еске түсіп, сабырға мен де шақырып отырмын.
…Сабыр, сабыр, Су-Ана!
Руслан Рүстемов,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты