Kyzylorda-news.kz Ресей президенті Владимир Путин 24 наурызды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ресей президенті Владимир Путин "Крокус Сити Холлда" болған шабуылға байланысты Ресей азаматтарына үндеу жасады. Ресей басшысы лаңкестік шабуыл кезінде туыстары мен жақындарынан айырылғандардың барлығына көңіл айтты. Ресей президенті 24 наурызды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
"Оқиғаға кінәлілердің барлығы жазаланады. Олар кім болса да. Ресейге жасалған бұл соққыны жоспарлаған әрбір адамды тауып, жазалаймыз. Біз халықаралық терроризмге қарсы күресте басқа елдермен күш біріктіруге дайынбыз. Біздің міндетіміз — бір жүйеде бірге болу. Біздің бірлігіміз бен ерік-жігерімізді ешкім де, ештеңе де шайқай алмайды", - деді Путин ресейліктерге үндеуінде.
Еске сала кетсек, 22 наурызда Мәскеудегі "Крокус Сити Холлға" концерт кезінде террорлық шабуыл жасалып, ғимарат өртке оранды. Салдарынан көз жұмғандар саны 143-ке жеткен. Террористер ғимаратта 18 минут болған.
Сағат 19.55-те "Крокус" ғимаратының алдына "Рено Симбол" тоқтап, ішінен автомат асынған террористер шығып, ғимаратқа қарай жүгіріп, адамдарға оқ жаудырып, күхетшілерді атып тастаған.
20:03-ке таман террористер концерт залының көрермендер отырған залына кіріп, алдынан шыққан адамдарды атып, креслоларды өртей бастайды. Шабуыл жасаған адамдарда бензин болған.
Террористерден қашып құтылған адамдар терезелерді сындырып, ғимараттан қаша бастаған.
20:13-те ақ "Рено Симбол" мінген төрт қаскөй "Крокустың" көлік тұрағынан кете бастаған.
Бүгін Федералдық қауіпсіздік қызметінің 11 адамды, оның ішінде "Крокус Сити холлда" болған 4 террористің ұстағаны белгілі болды.