Kyzylorda-news.kz. Мәскеудегі қазақ қауымдастығының басшысы Полат Жамаловқа қарсы Ресей армиясы туралы жалған мәліметтерді тарату бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
«Верстка» басылымы бұл істі өткен жылдың қыркүйегінде Мәскеудің солтүстік-шығыс округінің аса маңызды істерін тергеу бөлімі бастағанын хабарлайды. Бұл оқиғаға Жамаловтың Facebook-тегі жазбасы себеп болған. Жазбада 2022 жылдың тамыз айының ортасына қарай Украинада 49 мыңға жуық ресейлік әскери адам қаза тапқаны және Мәскеу соғыстағы шығындарды ашып көрсетпейтіні туралы айтылған.
Сондай-ақ БАҚ 2022 жылдың қаңтарында Қазақстанда жаппай наразылықтар мен тәртіпсіздіктер кезінде Жамаловтың Ресей әскерінің елге кіруін оккупация деп атағанын да атап өтеді.
Аталған бап бойынша, Жамалов 15 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ресей соттары Украинаға басып кіру туралы кез келген сынды және Кремльдің ресми ұстанымына сәйкес келмейтін соғыс туралы ақпаратты жалған деп таниды.