Kyzylorda-news.kz. Павлодар қаласында белгілі тіл жанашыры, қоғам белсендісі Руза Бейсенбайтегін қамауға алды. Әлеуметтік желіде осындай ақпарат тарады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мәселен, блогер Оңғар Қамбденнің жазуынша, оны полиция мен жедел жәрдем қызметі мамандары психдиспансерге жеткізген.
“Павлодарға отыз жетінші жыл келді.
Кеше кешкі сағат 17.00-де Кереку көшелерінің біріндегі Халық банктен белгілі тіл жанашыры Руза Бейсенбайтегін полициясы бар, жедел жәрдемі бар бәрі алып кеткен. Апарып жындыханаға жауыпты. Рузаның үстінен арыз жазған қазақ жігіті екен. Мен Руза апайға еркінен тыс психотроптық дәрілер егіп тастады ма деп қорқамын”, – делінген автордың жазбасында.
Оңғар Қабден тілдің, ұлттың мәселесін көтергендердің осылай биліктің қырына ілінетінін атап өтеді. Ол мұның қауіпті үрдіс екенін де жеткізген.
Тіл жанашырының жындыханаға жеткізілгенін Павлодар тұрғыны Сұңғат Сәрсенбаев растап отыр.
Қоғам белсендісі психдиспансерге барып, Руза Бейсенбайтегімен кездескен. Оның айтуынша, 24 қаңтарда көшеде кетіп бара жатқан Руза Бейсенбайтегінен белгісіз ер адам бір мекенжайды сұраған.
Сол ер адаммен арада тілге қатысты кикілжің туып, ақыры ол “Мына әйелдің дені сау емес” деп психдиспансер өкілдерін шақырған. Көп ұзамай жедел жәрдем келіп, күштеп алып кеткен.
Ал мұндай жағдайда дәрігерлер адамды тексеріп, консилиум жасап, содан кейін шешім шығаруы тиіс. Сондай-ақ 22-72 сағат аралығында ғана ұстауға құқығы бар.
“Бұл таза арандату деп ойлаймын. Шағым түсірген адам жөнінде диспансер ақпарат берген жоқ. Себебі тек адвокат немесе Руза Бейсенбайтегінің туыстары ғана ақпарат ала алады екен”, – деді Сұңғат Сәрсенбаев Азаттыққа.
Ол қазір жылу жинап, адвокат іздеп жатқанын мәлімдеген.
“Тіл жанашыры Руза апамыз бұл күндерге шыдап кетуі керек. Ол кісімен сөйлестік. Бәрі жақсы. Енді көшеден алып кетіп, психдиспансерге қамағаннан кез келген адам шок алады. Қазір адвокат іздеп жатырмыз” деді ол.
Фото: respublika.kz