Kyzylorda-news.kz 15 жастағы Лоран Симонс екінші докторлық диссертациясын қорғап, үшінші ғылыми дәрежеге дайындалып жатыр. Ол медицина мен жасанды интеллектті ұштастыратын зерттеулермен айналысады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Bild басылымының мәліметінше, Бельгиядан шыққан Лоран Симонс 15 жасында екінші докторлық дәрежеге ие болды. Алғашқы докторлық жұмысын ол 12 жасында қорғаған. Лоран сегіз жасында мектеп аттестатын алып, 11 жасында магистратураны аяқтаған.
Қазір ол Мюнхендегі Гельмгольц орталығында үшінші ғылыми дәрежесі бойынша жұмыс істеп, медицина мен жасанды интеллекттің тоғысындағы зерттеулер жүргізіп жатыр.
"Мысалы, Майкл Джордан секілді секіретін, олимпиада чемпиондары сияқты жүгіретін ерекше адамдарды жасап шығарғым келеді", - дейді Лоран.
Жас ғалымның соңғы диссертациясы теориялық кванттық физикаға арналған. Бұған дейін ол эксперименттік физика бойынша докторлық диссертация қорғаған. Оның айтуынша, күрделі құбылыстар арасындағы байланысты тез таба білу қабілеті мен фотографиялық жады зерттеулеріне көп көмектеседі.
Лоранның ата-анасы оның ерекше қабілеттері өте ерте байқалғанын айтады. Төрт жасында мектепке барып, алты жасында жеке сабақтар қарастырылған гимназияға түскен. Сегіз жасында емтихандарды тапсырып, тоғызында университетке қабылданған. Ал 12 жасында Макс Планк институтының тарихындағы ең жас докторанттардың бірі атанған.
