Қасым-Жомарт Тоқаев: Абайдың 175 жылдығын атап өту рухани дамуымыз үшін қажет – Kyzylorda News
Басты бет

Бізге жаңалық жіберіңіз: +7(702)702-76-00

Қасым-Жомарт Тоқаев: Абайдың 175 жылдығын атап өту рухани дамуымыз үшін қажет

09.01.2020, 11:30

533 0

Kyzylorda-news.kz. Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толады. Халқымыздың ұлы перзентінің мерейтойын лайықты атап өту үшін арнайы құрылған комиссия дайындық жұмыстарын бастап кетті.

Бұл туралы өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жазды.

Мақалада Президент ұлы Абайдың 175 жылдығы аясында мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отырғандығын атап өтті.

«Бірақ мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек. Абай Құнанбайұлы ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды. Өткен жылы Абайдың шығармаларынан үзінді оқу эстафетасы өтті. Ләйлім атты оқушы қыз ұсынған бұл елдік шараға мен де қатысып, қолдау көрсеттім. Мектеп оқушыларынан ел азаматтарына, тіпті, әлемдік деңгейдегі танымал тұлғаларға дейін зор қызығушылық танытып, лезде іліп әкеткен бұл бастама бірнеше айға ұласты»,-деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Соның арқасында бүкіл Қазақстан Абай мұрасын тағы бір зерделеп шықты.

«Бұл – Абайға деген құрмет әрі ұрпақты тәрбиелеудің тиімді тәсілі. Абай жырларын оқу челленджі биыл, ақын мерейтойы тұсында жаңаша жанданады деп сенемін»,-деп жазады Мемлекет басшысы.

0

Пікір қалдыру