Kyzylorda-news.kz. «Елу жылда ел жаңа, жүз ­жылда қазанды» мен айтпасам да сүйегіме сіңісті Атасөз. Абайдан бері қазақ қауымы (қоғамы деңіз) үш жаңаның басын қайырып, бір қазанды қылғытып, екіншісіне аяқ басқалы қашан. Бүкіл адамзаттың ұлы ақыны аңсағандай не өзгерді? Уақыт сынаптай асау мінез танытып, сырғып өтіп жатыр. Парақорлық пен жемқорлық асқынды. Дүниеқоңыздық пен ашкөздік жайлады. Көптеген ұлттық құндылықтар көз жаздырды. Жуан жіңішкерді, жіңішке үзілді. Жер шұрық-тесік болып саудаға салынды. Өркениет өңмеңдеп, жаhандану жағаға жармасты.

Сол қазақ әлі өмір көшін түзете алмай салпақтап, сүйретіліп келеді. Келешектен үміт үзгісі келмейді. Көкейкесті мәселе азаюдың орнына, көбейіп бара жат­қандай. Енді бұлардың бәрін қайтіп жуып-шая аламыз?! Барған сайын адам да, заман мен заң да бұзылып барады. Соның бәріне тосқауыл қойылатын шығар деген сенім мол.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қазір қоғамда қызу талқыланып жатқан «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты бағдарламалық-бағдаршамдық мақаласын көпшілікке ұсынды: ­«…­Абай мұрасының тигізер пайдасы зор деп есептеймін. Ұлы ақынның шығармалары бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абайдың ой-тұжырымдары баршамызға қашан да рухани азық бола алады» деп атап көрсетсе, тағы бір орайда: «Нағыз Абайды, шын Абайды тану үшін оның өлеңдері мен қара сөздерінде айтылған ой-тұжырымдардың мән-маңызы ашылуы керек» дейтін лебіз білдіреді. Иә, Абайды барынша жан-жақты білу, зерделеу, зерттеу менің, сенің және оның – бәріміздің де азаматтық парызымыз. Бізге Абай зәру емес. Оның бізге аса керек екенін уақыт дәлелдеп келеді.
Абай қашан да Абай. Ол кешеден бүгінге, бүгіннен болашаққа батыл қарап тұр. Көзқарасы өткір. Өңменіңнен өтеді. Жасаураған ­жанарынан ой оты ұшқындайды. Біз пақырды аяп, мүсіркеп қарайтындай. Ол ақын емес, Жамбыл айтқандай, Пайғамбар!..
Кім тықақтап тіркеп, есептеп ­жатыр. Егер кейбір мағлұматтарға сенсек, соңғы ширек ғасырда елімізде докторлар мен кандидаттар саны екі есеге өсіпті. Оның елу екі пайызын нәзік жандылар құрайды. Мейлі ғой. Ешқандай қызғаныш жоқ. Сан сапаға айналып жатса, қанекей, бөркімізді аспанға атпаймыз ба? Бірақ, бұл жағымсыз құбылыстың, тұралап қалған қазақ ғылымына тигізетін теріс ықпалы алаңдатады. Соның аясындағы ­абайтану ғылымы да қара үзіп, одан онша алыстай қойған жоқ. Абайшылдар бұл тақырыпқа жапа-тармағай жабыла атсалысып, азды-көпті үлес қосып жатқанда, әсіресе, мұрағатшыл ­профессор Б.Нәсенов бұдан бірнеше жыл бұрын ашқан жаңалығын қайта жаңғыртып, ортаға салады: «Ұлы ақынымызға қатысты тосын ­деректер болды. Сол кезінде үлкен шу туғызып, кейін ­мойындалды (?). Оны мен Омбы архивінен ­таптым. Еңбектенген адам әйтеуір бір жаңалық табады. Мәселен, Абайдың 1843 жылы туғанын, бірнеше жыл би-болыс болып билік еткенін, үш әйелінен он сегіз баласы болғанын және алты жыл жабылған жаладан дертті болып, үйқамақта отырғанын таптым. Оны мен шығарғаным жоқ, архив құжаттары айтты. Ділдәнің азан шақырып қойған шын аты – Тілді екенін де таптым. Абайдың Санкт-Петербургтен арнайы ­Семейге келген архиереймен айтысы, оның осы сапары кезінде мұсылмандарды христиан дініне кіруге және Ресей империясының заңына бағынуға үгіттегендігін, оған Абайдың тойтарыс бергенін, құжаттар арқылы дәлелдеп бердім». Үлкен мерейтой келе жатқанда бұндай ауажайылушылыққа қалай жол беріледі?

Біз бұл бағыттағы ақжолтай хабарға сүйіншілеп қуанатынымыз аз әлі. Озық зерттеушілер тобына нағыз абайтанушы келгенін неге құттықтамаймыз. Ғалым Тұрсын Жұртбаевтың ізденістері жемісті. Салада біраздан бері бұндай жанашыр дауыс естілген жоқ. Ол да хәкім Абайдың (Ибраhимнің) туған күні даулы болып, 15 маусым, 23,29 шілде, 8,10,15,23 тамыз көрсетіліп, ақыры 1940 жылы Мұхтар Әуезов, Әрхам Ысқақов, Қайым Мұхамедханов үшеуінің бір уағдаға тоқтап, абыз ақынның зиратының басына дүниеге келген күнін 10 тамыз, 1845 жыл, бақиға аттанғаны 23 маусым, 1904 жыл деп тасқа қашалып қойылғанын жазады. Түрлі деңгейдегі комиссия да уәжге тоқтап, соны нысанаға алғанына шүкір! Санамаласақ, бұл жолда ақаулар мен матаулар көп.

Онсыз да абайтану ғылымы ұзақ ауыр өткелектерден өтті. Бүйректен сирақ шығара беруге болмайды. Зерттеушілердің бір парасы айтып жүргендей, оны үшке емес, абайтану академик М.Әуезовке дейін және одан кейін деп, екіге бөліп қарастырған қажет сықылды көрінеді. Сұрқылтайлар мен құрқылтайлар мейлінше көбейген заманда кім не демейді? 1928 жылы «Құс жолы» жорналы айтаққа ілесіп: «Мазмұны жағынан бізге Абайдың пайдасынан зияны көп» деп байбалам салып, топырақ шашты. Іле-шала және біреу шаптықты: «Абайды қазақ қоғамына танытуға болмайды, ол кертартпа, көзқарасы дұрыс емес, Абайизммен бүкіл Қазақстанның барлық ұйымдары күресуі керек» (І.Қабылов). Өзін аса ақиқатшыл санайтын «Азаттық» радиосы да бәйгеге қатысып үн қосып қалды: «1930 жылдың ­басында ­саяси сылтаумен Мұхтар Әуезов екі жарым жыл түрмеге қамалып босағаннан кейін, үш жылдық ­шартты жазамен тұрып жатты. Алайда жалпы қазақ зиялы қауымына, санаткерлер мен жазушыларға қарсы қуғын-сүргін үлкен қызыл қырғын жылдарында жүзеге асты». Соларға қарамастан кеңес түрмесінде екі ­жарым жыл отырып шыққан М.Әуезов шайлық­пай да қаймықпай 1933 жылы А.Құнан­байұлының екі томдығына ұйытқы болып жарыққа шығарды. «Абайдың өмірін, дәуірін зерттеп жүріп, адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған бұл жойдасыз оқиғаға үн қосып қалды: кейде кемшілікті қате пікірлері болса да, негізінде, Абайды тану ғылымында елеулі еңбек еткен адамдар: Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезов, Қажым Жұмалиев, Есмағамбет Ысмайылов, ­Бейсенбай Кенжебаев, Белгібай ­Шалабаев сияқты, тағы бірталай әдебиет ­тарихшылары мен жазушылар» деп жазды академик жүрексінбей, өзін де ұмытпай.

Абайға апаратын жолды қиын­датып, енді кінәрат ақауды айнала­сындағылардан іздей бастағандай. Көп оқырманның ортақ ойы бұрыннан қалыптасқаны аян. Ол Әбдірахман (Әбіш) жиені Әбсеметтің үйінде қайтыс болып, күз қарбаласында жол қиындығы ескеріліп, денесі ­Алатау баурайына аманатқа қойылып, жазғытұрым жер дегдігенде Шаhкәрім мен Мағауия келіп алып кеткені белгілі. Сүйікті баласының қазасына хәкім Абай үміт пен күдікке толы оннан астам өлең жазды. Енді соның бәрін күстәналап, «Абай анықтамалығы» («Атамұра» 1995 ж.) бұған былай баға беріпті: «(Ділдәдан туған ұл Әбіш (Әбдірахман) – А.Н.) 1895 жылы 15 қарашада Ташкентте қайтыс болды да, сүйегі әкелініп, Ақмолаға жерленді». Сонда қайсысына сенеміз? Алматыда ма, жоқ, Ташкентте ме?
Алашорда арыстарының хаттасулары, абайтанушылар еңбегі мен көзкөрген замандастарының естеліктері бойынша немере інісі Шаhкәрім (Шәкәрім емес) ­баласы Турағұл (Тұрағыл емес) ­болып әліптелген. Қазақ БАҚ-тары ерегіскендей, неге қайта-қайта Шәкәрім, Тұрағыл деп жазады? Олар­дың азан шақырып қойған есім­дерімен атауға жоғарыдан нұсқау керек пе? Түзетуге әлі де кеш емес. Тұтас тұлғаны бүйтіп бұтарлап қарастырып қорлауға болмайды.
Қайда болса да Абайдың орны ойсырап тұрады. Жетісуға келіп, Сұлутөрде болған ба, қауесет пе бұл? 1968 жылы Е.Байболов «Абай Жетісуға келген бе?» атты мақала жариялады («Жұлдыз», №3). Неге екені белгісіз, бұдан он жыл бұрын М.О.Әуезовпен бірігіп Мәскеуде кітап шығарған Тәкен Әлімқұлов үлкен мазмұнды монографияға лайық «Жұмбақ жанда» оған тоқталады да төте сұрақты айналып өткендей. Араға жарты ғасыр өткенде Ж.Қарабасов бұл мәселеге қайта оралып, құмарлық дертін басып, Ноғайбай ­Дәулетбақұлы ­(1834-­1910 жж.) шешенмен Абайды күштеп кездестіреді. Оның ойынша бұл оқиға 1889-1893 жылдар аралығында өткен сияқты. Жазбагер анау айтып еді, мынау айтып еді дегеннен басқа ешқандай дәйек пен дәлел ұсына алмайды. Шығарып салушылар қолпаштап Құнанбайға сәлем айтып жатады. Ау, ол кезде (1885 ж.) ­Меккеге барып, зиярат етушілерге тақия салдырып, қажы болып қайтқан Құнанбай әлдеқашан дүниеден қайтқан жоқ па? Уақыт үйлеспейді. Осы бағытпен кете берсек жақсы басталған іс-шараның науқанға айналып кетуі де мүмкін. Ығыты келген соң айта кетейін, ғасыр соңына қарай, Өскенбаевтар әулетінің үстіне төнген қара бұлт үйіріліп қоюлана түсті. Жуантаяқтардың жалдамалылары абыз ақынды соққыға жықты. «Сенатқа хат» жазылды, жалған жаламен Абай мырзақа­маққа оқшауланды, 1903 жылы Көкшетаудағы Науан (Наурызбай, Науқанбай) Таласовтың ­(1843-1916 жж.)­ ­нұсқауымен Ш.Қосшығұлов жолдаған тілдей хат ізімен жандармерия Абай үйін астаң-кестеңін шығарып тінту жүргізді. «Байтал түгіл, бас қайғы» болып кетпей ме? Қалай болғанда да дүдәмал ­жорамалды малдану жақсылыққа апармайды. Сол «бүлікшіл» хаттың соңына түсіп, тексеру кезінде толтырылған хаттамада Абайдың маңдайына «мың жылқы, екі мың қой біткені» көрсетілген. Демек, олар не кием, не ішем демеген тәрізді. Бірақ, бәрін білген Абай өз шығармаларын жарыққа шығаруға неге асықпады? Таңғалдырады.
1909 жылы Мүрсейіт Бікіұлы еңбегі арқылы Омбы мен Қазанда жолы болмаған А.Құнанбайұлының кітабын Алашорда серкесі ­Ә.Бөкей­хан­ның қолғабыс көме­гімен Кәкітай Ысқақұлы Санкт-Петербургте жарыққа шығарды. Қа­зақтың Бас ақыны сөйтіп туған халқымен қауышты. Алғаш.

Абайтануға ғажап ғұмырының біразын сарп еткен М.О.Әуезов Абай туындыларын Мүрсейіт қолжазбасы негізінде жинақ шығаруды үлгермей армандап өтті. Бәлкім, осы мерейтой үстінде ол жүзеге асып қалар. Бұны бір орайда Турағұлдың қызы Ақила айтып қалады: «…Кеңес дәуірінде Абай жинақтары аз басылған жоқ, таралымы да мол болды. Енді Мүрсейіттің қолжазбасы бойынша Абайдың жеке, арнайы басылымын даярлап, кітап бастырып шығарса дұрыс болар еді. Мүрсейіт еңбегі ­сонда жарқырап шығар еді».

Бұл нұсқаның да тағдыры оңай болмағаны анық, көрмеген құқайы жоқ.
«Қай жылы екенін тап басып айта алмаймын. Сол кезде, Мұхтардың арнайы тапсырмасымен әкеммен жерлес, ескі замандас, руы көтібақ ­Са­рымырзаның Ғайсасы келіп, Мүрсейіт қолжазбасына сұрау салған» дейді Мүсекеңнің немересі Мүфтибек.

«Әкем Шолпандағы шешесінің қабірінің бас жағын қазғанда, еш жері бұзылмай сақталған атам­ның қолжазбасын Ғайса арқылы ­Алма­тыдағы Мұхтарға жөнелтіпті». Алды-артын ойлайтын, оны көз қарашығындай сақтап жеткізген жерлестері қисық атаған Рақымбайға рақмет. Болашаққа қандай баға жетпес құндылықты қалдырды. Ғаламат!.. Абай күрделі әлем! Сол арқылы қазақ жүрегінің лүпілі дүниежүзіне естілсе екен. Иншалла!..

Абай кімнің болса да көкірек көзін ашып, санасына сәуле түсіреді. Мәскеудегі студент жылдарым еске түседі. Тәуекел етіп, орыс тілінде тұңғыш «Абай ерлігін» жазып, көп ұзамай одақта ­тарайтын «Огонек» ­жорналында жарияланды. Қатысу мен жазу белсенділігі арқасында басылымның лауреаты атанған болатынбыз. Кейінірек ол туралы алты-жеті ойтолғау жарыққа шықты. Алда Абайдың асқар шыңы шақырып тұр.

Аян-Сейітхан НЫСАНАЛИН,

Ақын

«Ана тілі» газеті

Тағы да оқыңыз: