Kyzylorda-news.kz. 21 қаңтар күні президентіміз Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына арналған мерекелік шараларды ресми түрде ашып берді. Елімізде ұлы ақынымыздың шығармашылығы мен өмір жолын дәріптейтін 80-нен аса ірі шара өткізілу жоспарланып отыр. Осыған орай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығына қатысты көп айтыла бермейтін тың мәліметтерді жариялаймыз.
Ақын, абайтанушы, Жазушылар одағының мүшесі, “Жас абайтанушылар клубының” жетекшісі Алмақан Мұхамедқалиқызы Абай Құнанбаевты әлі де толық зерттеп, тереңіне бара алмай жатқанымызды айтады. Оның пікірінше, Абайдың біз саралап бітпеген сырлары көп.
“Абайдың өмір дерегін ең бірінші қағазға түсірген Абайдың інісі Ысқақтың ұлы Кәкітай. Кәкітайдың дерегіне сүйеніп, Бөкейханов Абай биографиясын жазды. Осы туралы әлі де толық айта алмай келе жатырмыз. Өйткені, Әлихан туралы жақ ашуға мүмкіндік болмады. Әлихан мен Абайдың байланысы туралы көп сөз бола бермейді. Абайды ең бірінші батысқа, зиялы қауымға таныстырған Әлихан Бөкеханов екенін дүйім жұрт біле бермейді”, – деген абайтанушы мәселені осыдан бастағанды жөн деп біледі.
Оның айтуынша, Әлиханның Абай шығармашылығында атқарған қызметін, еңбегін әлі жетесіне жеткізіп айта алмай жүрміз. Себебі Әлихан ұлы ақынның шығармашылығын жинақтап, ең бірінші Санкт-Петербургта басып шығарған адам.
“Абайдың қайраткерлігін, балалық шағы туралы толық, нақты ақпарат жоқтың қасы. Бала Абай қандай болып еді? Біз қай дерекке сүйенсек те Зере мен Ұлжанның тәрбиесінде өскен ол шешен болды дегеннен ары аса алмаймыз. “Абай жолы” эпопеясында заман ағымына қарай Абай мен Құнанбайды қайшы қойғандығын айтамыз. Негізі ол мүлде олай емес”, – дейді Алмахан Мұхамедқалиқызы.
Алмахан апайдың айтуынша, Абайдың ең бір сүйіп ойнайтын ойыны тоғызқұмалақ болғанын көбі біле де бермейді және көп жерде айтыла бермейді.
“Абайдың тоғызқұмақты ерекше сүйіп ойнағаны туралы жазбаймыз. Бұл ойынның тоғыз құмалағы туралы, ерекше математикалық есепке құрылған ғажап ойын екенін айтпаймыз. Оның саятшылығы мен аңшылығы туралы жазбаймыз. “Қансонарда бүркітші шығады аңға” деген өлеңі қандай жағдайда туды?” – деген зерттеуші бұл тақырыптар әлі де жан-жақты зерттеуді қажет ететінін жеткізді.
“26 жасында Абай болыс болған, бірақ оның қандай қызметтер атқарғанын нақты айта алмай, терңіне дендей алмай отырмыз. Ел басқару ісіне араласып жүріп, Абайдың зиялы қауыммен араласуы, саяси жер аударылып келген көзі ашық қауыммен тыңыз байланысы туралы аз айтылған. Олармен бірігіп, қазақтың тұрмысы мен мәдениетіне пайдаланылған 60-қа жуық экспонаттарды жинап, Семей қаласындағы Михаилстің кітап көрмесінің жанынан қазақтың тұрмысына қатысты көрме ұйымдастырған. Оны жасаудағы мақсаты не және көрмеде қандай заттар қойылды деген сұраққа тереңдей алмай жүрміз”, – дейді Мұхамедқалиқызы.
“Абайдың достары туралы да көп айтылмайды. Абай досты қалай таңдады? “Елу бесте мен дағы, сенісер дос таптық па?!” деп не айтқысы келді?”, – деген Алмахан Мұхамедқалиқызы құрғақ соғып, жалпылама айтып Абайды тауыса алмайтынымызды, оның әрбір сөзін, ісін, жеке-жеке жүйелі түрде зерттесек қана ұлы ойшыл ақынның тұлғасы толық Абай ашылатынын айтады.
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары Абайдың қара сөзі туралы тұңғыш рет диссертация қорғап, тереңінен зерттеп жүрген Жабал Шойынбет ақын өмірінің соңғы кезеңінде неге қайғыға салынып кеткенін былайша пайымдайды.
“Абай өмірінің соңғы кезінде жеке отбасылық та мәселелермен қатты күйзелісте жүрді. Балалары кезек-кезек қайтыс болып, қабырғасы қайысқанда бұл Абайдың басына түскен қайғы дейміз. Бірақ бұл әрбір адамның басына түсе бертін қайғы. Абайдың қайғысы, мұңы өзі өлеңінде айтқандай:
“Жүрегіңнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла.
Cоқтықпалы-соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма”.
Абайдың қайғысы тек отбасылық емес, бүкіл қазақтың қайғысы екенін түсіне білуіміз керек. Әрине, бірінші отбасы үшін өмір сүрсе, екінші өзінің ұлты үшін өмір сүрген ақын, хәкім. Қайтсем өз елім өзге елмен терезесі қатар болады деп көп ойланып, көп толғанған. Сол жолда көп қызмет еткен. Оның бүкіл өлеңі өнер- ғылым, білімге шақырады. Адамнан адам өнер мен ғылым арқылы ғана озады дегенін жақсы білеміз. Сол заманда көрші орыс халқының өндірісі көркейген, алда еді. Әдебиеті де әлемдік дәрежеге көтеріліген кез еді. Оның орыстан үйрен деген сөзінде өндіріс орындарын ашса, білім-ғылымға сусындаса, қазақ алға түсіп озады деді. Бірақ алғашқы кезде көп үміт артқан “орыс халқы дүниенің кілтін ұстап тұр” деген ойынан өмірінің соңында бас тартты. Өйткені, бір кездегі өзі үміт еткен елде өндіріс жоқ, даму жоқ болды. Жағдайы күн сайын нашарлай бастады. Осыдан кейін орыс империясынан күткен үмітін үзді. Оның үстіне Анна ІІ дайындаған орыс империясының қазақтарды жаулап алу туралы арнайы хатты өз қолымен ұстап, оқуы мүмкін. Себебі, онда былай деп жазылған: “Біз америкалықтар үндістерді жер бетінен қалай жойса, қазақтарды да жер бетінен солай жоюымыз керек”, – дейді зерттеуші.
Жабал Шойынбеттің пайымдауынша, ұлы ойшыл ақынның қатты қайғыға түсуіне бір кездері өзі үлгі тұтқан орыс империясының қазаққа салып жатқан бұғауы себеп болуы мүмкін. Сол себепті өмірінің соңында Абай өлең жазуды қойып, қара сөздерін жазған. Неден қателік кетті, елге қандай қауіп төніп тұр, соның барлығын қара сөз ретінде қалдырды. Бірінші қара сөзінде барлығынан күдер үзген адамдай көрінгенімен, ақын күдерін үзіп тұрған жоқ, өзінің ұлтына бұйырмай тұрған несібеге қынжылады деп қорытындылады зерттеуші.