Kyzylorda-news.kz. Спорт саласында ұзақ жыл қажырлы еңбек етіп, чемпиондардың бапкері атанған, сонымен қоса бұқаралық спорт түрін де дамытуда елеулі үлес қосып жүрген азамат Болат  Рысмахан туралы қалам тербеуді жөн санадық. 
    Қазіргі таңда ардагерлік жасқа асқан абыроймен жеткен спорт шеберінің есімі аудан жұртшылығына ғана емес, облыс, одан қалды республикаға өте жақсы танымал. Ауданда алғашқылардың бірі болып балаларды волейбол спорттық ойын түрімен шынықтырып, жүздеген жеңімпаз спортшыларды шығарған жаттықтырушының еңбегі зор. 
    Тереңөзек кентінің тумасы Болат Жұмаділұлы «Спорт десе ішкен асын жерге қоятындардың» бірі десек артық айтқанымыз емес. Бала кезінен әкесі Жұмаділ мен анасы Ақжарқынның дүниеге әкелген 7 баласының үшіншісі болып ержеткен бозбала әпкелері Света мен Розаға арқа сүйеп, өзінен кейінгі  Қайрат, Раушан, Сәуле, Талғат деген бауырларына үлкен қамқорлық танытты. Әкесі спорт саласында қызмет еткен, ал анасы кітапханашы. Ата-анасының тәрбиесін алып, аудан орталығындағы №36 орта мектепті аяқтады. Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезінде-ақ Болатты спортқа баулыған жаттықтырушысы Кеңес Иноятов шәкіртіне көп үміт артты. Бір жылдың төлдері Тәжібек Кенжеғұлов, Николай Агафонов, Серік Омаров, Болат Рысмаханов ауданның абыройын мектеп оқушысы кездерінде-ақ асқақтатқаны осы күнге естерінде. 
    Жалынды жас орта мектепті бітіре саласымен жастайынан еңбекке ерте араласты. Ол 1974 жылы Отан алдындағы борышын өтеу үшін екі жылға Белоруссияға аттанады.  Әскерден аман-есен келіп, Ресейдің Ленинград қаласында 3-4 жылдай метрода жұмысшы болып еңбек етті. Туған жерге оралған соң 1981 жылы ХРСУ-да монтаждаушы болып жұмыс істеп жүрсе де, спорттан бір сәтке де  қол үзбейді.
    Спорт мектебінің басшысы болған Төлеген Бекенов аудан спортын дамытуға мықты спортшыны жұмысқа шақырып, 1984 жылы №11 олимпиадалық резервтің балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне жаттықтырушылық қызметіне қабылдайды.
     40 жылға жуық табан аудармастан спорт саласында маңдай терін төгіп жүрген азамат осы уақыт аралығында жүздеген спортшыны тәрбиелеп, биік шыңдарға шығарды. Арнайы білімді Шымкент қаласындағы дене шынықтыру техникумынан алып, онан соң Алматы қаласындағы дене шынықтыру және спорт институтына оқуға түседі. 1992 жылы оқуын ойдағыдай тәмәмдап, оқытушы-жаттықтырушы дипломын қолына алады.
    – Бала кезімнен спортқа жақын болдым. Мектеп қабырғасында жүрген кезде-ақ  талай жарыстарға барып, аудан намысын қорғайтын едік. Өзімнің болашағымды  спорт жаттықтырушысы ретінде көретінмін. Спорт мектебіне қабылданған күннен бастап қыздар тобын жасақтап, волейболдың қыр-сырын үйрете бастадым. Спортшыдан шапшаңдықты, бір топта үйлесіп ойнау қабілетін қажет ететін спорттың бұл түріне жасақтаған алғашқы қыздар тобында 1972 жылы туған қыздар болды. Оларды 3 жыл тәрбиеледім. 1987 жылы аудан алғаш рет облыста чемпион атанды. 2000 жылға дейін бірыңғай тек қана қыздар командасын жаттықтырдым. Табандылық пен еткен елеулі еңбек ақталып, облыста осы уақытқа дейін 35 рет «Алтын күз» спартакиадасы өтіп, біздің аудан командасы 32 рет чемпион атанды. Бұл спартакиада біз үшін нағыз олимпиада десек болады, – дейді чемпиондардың бапкері Болат Жұмаділұлы.
    Спорт шебері 25 жылдан астам уақыт волейболдан облыстың аға жаттықтырушысы болды. Осы уақыттарда облыстың құрама командасы 20 рет республика чемпионы атанып , 30 мәрте жүлделі орындарды иемденіп, жеңімпаз атанды. Республикаға еңбегі сіңген жаттықтырушының ең үлкен жетістігі – өзі тәрбиелеген спортшы шәкірттерінің жемісті жеңісі.
    Қажырлы еңбектің арқасында талай шәкірттері ұстаздың жолын қуып, өздері де білікті жаттықтырушы атанды. Олардың қатарында аудандық спорт мектебінде директордың орынбасары қызметін атқаратын Гүлстан Алмашева, әдіскер Құндызай Төленова, жаттықтырушылар Жандос Темірғалиев, Айбек Сейпулов және де Жасұлан Бохаев бар. Спорт саласының майталманы 16 жыл бойы қыздар тобын жаттықтырса, 2000 жылдан бастап ұлдар командасын жаттықтырып бастайды. Тынымсыз еңбек пен жоғары талап үдесінен шыққан ұлдар командасы да үнемі байрақты жарыстарда жүлдегер атанып аудан атын республикаға танытып келеді. Айта кету керек, ер балалардан жасақталған команда да «Алтын күз» спартакиадасында соңғы 8 жылдан бері қарай І орын тұғырынан түскен емес. Бұл тәжірибелі маманның ақ адал еңбегінің көрсеткіші екені сөзсіз. 
    Шындығында көп сөзден гөрі нәтижеге, спорттың биік шыңдарына жетуді мақсат етіп қоятын жаттықтырушы Болат Рысмаханның шәкірттері ең алғаш рет республикада 1992 жылы жеңіске жеткен болатын.
    – Әлі күнге дейін есімде одақ тарағаннан кейін Ақтөбе қаласында республикалық деңгейдегі ауыл спортшыларының алғашқы жарысын «Қайрат» спорт қоғамы ұйымдастырды. Республиканың әр түкпір-түкпірінен келген мықты командалардың арасында Тереңөзектік волейболшылар облыстың намысын қорғады. Осы жарыс кезінде біздің команда бұрын-соңды болмаған жақсы нәтиже көрсетті. Жүлделі ІІ орынды алып, айды аспанға бірақ шығарды. Сол кезде мықты деген жаттықтырушылар Қызылорданың спорты дамығанына көз жеткізіп, таңғалғандарын жасырмады. Өз ризашылықтарын білдіріп, волейболшы қыздарға сәттілік тіледі, – дейді спорт майталманы. 
   Саналы ғұмырын  Волейбол спортының өркендеп дамуына арнаған Болат Жұмаділдің тәжірибесі көрсеткендей, бұл спорт түрі шапшаңдықты ғана емес, дұрыс жоспарлауды да талап етеді. Осы екі маңызды міндетті орындаған команда жеңіске жететіні анық. Сәйкесінше білікті бапкердің шәкірттері жоғарғы оқу орнында оқығанда, кейін қандай да бір қызметке орналасқанда тапсырманы тез әрі сапалы орындайтын маман болып қалыптасып келеді. Бұл бапкердің тек спортшы ғана емес, азамат тәрбиелей білген қасиеті, маңдай терінің мәуелі жемісі.
    – Қай салада қызмет етсе де спортшыларымыз волейбол арқылы өз саласында абыройлы болады. Себебі қазір кезде кез келген салада, мейлі ол полиция, медицина, білім, мұнай, төтенше жағдай қызметі т.б. міндетті түрде спартакиада өтеді. Міне, осы тұста біздің спортшылар өз командаларын алға сүйреп, мекеменің абыройын арттырады. Сол себепті волейбол бұқаралық спорт түрі болғандықтан, онымен шұғылданатындар жұмысқа жақсы орналасады. Бір артықшылығы футбол мен волейбол ойнайтындар оны өмір бойы ойнайды десем артық айтқаным емес. Біздің спортшыларда жұмыссыз қалу қаупі жоқ. Әр спортшы ұжымға тез сіңісіп, адамдармен тіл табысуда ешқандай қиындық көрмейді, – дейді білікті маман. 
    – Болат Жұмаділұлымен 1984 жылдан бері ауданның спорт саласында бірге қызмет етіп келеміз. Ол ауданымызда ең алғаш волейболдан кәсіби жаттықтырушы болған азаматтардың бірі. Мектеп оқушыларын спорт мектебіне шақыруда белсенді еңбек етті. Оның шәкірттері де жаттықтырушының талабына, тәртібіне мойынсұнған. Тынымсыз еңбек, төгілген маңдай тер міндетті түрде өз нәтижесін беретіні анық. Әрбір спортшыдан мықты волейболшыны шығаратын жаттықтырушының өзіндік техникасы мен шеберлігі болады. Ширек ғасырға жуық облыстың аға жаттықтырушысы болды. Облыстың намысын республика көлемінде қорғап, әлі де талай додалы бәсекеде бақ сынайтын спортшыларды дайындап келеді. Бәкең өз ісінің майталманы болуымен қатар аудандағы үлгілі отбасының отағасы, – дейді әріптесі Бақытжан Ахметов.
    Талай шәкіртті баптаған жаттықтырушы зейнет демалысына шықса да спорттан кеткен жоқ. Жас спортшыларды тәрбиелеуде барын салып, мықты команданы жасақтады.  7 бірдей шәкірті спорт шеберлігіне үміткер атанса, осы уақыт аралығында ондаған спорт шеберін және жүздеген спорт шеберлігіне үміткерлерді қанаттандырды.
    Аудан спортын дамытуға, саламатты өмір салтын насихаттауға айрықша көңіл бөліп, атсалысып жүрген азаматтың балалары да спорттан алыс емес. Құдай қосқан жары ардақты ұстаз Зағипа Тайманова екеуі тәрбилеген үш ұлы да волейболды асқан шеберлікпен ойнайды. Тұңғыш ұлы Әділет пен Дәулет бүгінгі таңда Ұлттық қауіпсіздік комитетінде қызметте, кенже ұлы Әсет Қазақ спорт және туризм академиясының 4-ші курс студенті. Ауданның құрама командасының мүшесі, спорт шеберлігіне үміткер. Әке ізін жалғап, жолын қуған Әсет болашақ оқытушы-жаттықтырушы. Бүгінде Болат ағаның отбасында Аделина, Ади, Адина, Эмир есімді немерелері өсіп келеді.
    Қай уақытта де адал, қажырлы еңбектің жемісті нәтижесі болады. Абыройлы азаматтың еңбегі лайықты бағаланып, көптеген наградалардың иесі атанды. Қазақстан Тәуелсіздігіне – 10 жыл, 25 жыл, Қызылорда облысына – 70 жыл, Қызылорда қаласына – 200 жыл, Сырдария ауданының 90 жылдық медалі, Байқоңыр қаласына – 50 жыл, Қызылорда спортына – 60 жыл, «Еңбек даңқы» медалі, Спорт саласының майталманы атағы мен ҚР Мәдениет және спорт министрінің Құрмет грамотасы, ҚР Білім және Ғылым министрінің Құрмет грамотасы біраз жылдардағы тынымсыз еңбектің жемісі.
    Қазіргі кезде 66 жасты еңсерген спорт ардагері өзінің әріптестерімен кәсіби төл мерекені лайықты атап өтуде.

Тағы да оқыңыз: