Kyzylorda-news.kz  Қоғам дертін тап басып танып, қарасөздің қаймағын қаламмен қалқып беріп, тілшілік тіршілікте тынымсыз еңбек етіп жүргендер көп. Бұғып қалу мен бүгіп қалуды білмейтін таланттар арасында жас та жетерлік. Мақсатын мансап қуалауға емес, халық игілігіне бағыттаған жанның жұлдызы жарық болатыны белгілі. Ең­бек жолын өңірлік басылым, ай­мақтық арнадан бастаған «Хабар 24» телеарнасының тілшісі Бекзат Аманов «Тұмар» ұлттық теле­ви­зиялық бәйгесінде «Үздік жур­на­листік зерттеу» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Осы орайда әріптесімізбен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Кіл таланттының ішінде топ жару оңай емес. Десе де бәйгеде басып озамын деген ішкі сенім болды ма?

– «Тұмарды» журналистердің «алтын добы» деп атап һәм «Оскар» сыйлығымен тең көреді. Сондықтан төгілген тер мен еткен еңбек таразыға түскенде бәсіміздің биік болғаны қуантты. Сараптама сараланып, зерттеу зерделенетін бәй­геде озық боламыз деген ой да, сенім де болды. Байқауда өткен жылдың қазан айын­да түсірген» арнайы репортаж «АЭС ақиқаты» үздік деп танылды. Бұл шыға­рылымда қордаланған мәселені көтеріп, «АЭС бізге керек пе?», «Ол қауіпсіз бе?», «Чернобыльдің тағ­ды­рын қайталамай ма?», бұдан бөлек «Оны кім, қайда салады?» сынды сан сауалға жауап іздедік. Сарапшылар мен мемлекеттік ор­гандардың ойын, тіпті ауыл тұр­ғын­дарының пікірін біліп қайт­тық. Қысқасы осы арнайы ре­­пор­тажды түсіруге 1 ай көле­мінде уақыт кетті. 3 өңірге бар­дық. Тілшілермен бірге опера­тор, режиссер секілді 10-нан аса маман әр жерді аралап, зерт­теу жасап, хабардың сәтті шы­ғуы үшін жұмыла кірісті. Жұ­мыс көрермендер тарапынан жоға­ры бағаланып, өз уақытында қол­дау тапты. АЭС-тың төңірегінде өр­бі­ген сұрақ, туындаған түйткілді қау­зап, қалың қауымға шы­найы ақпарат беру – бас­ты мис­сиямыз болды. Бай­қау­да бұйырған жүлде – ортақ еңбектің жемісі деп білемін.

– Облыстық телеарна­дағы тәжірибе бір белеске шығарды. Жалпы, «Хабар 24» арнасындағы қызме­тіңізге қанша уақыт бол­ды?

– Иә, тәжірибе мен тар­тын­бас табандылық адам­ның ұмтылысын ұсақтамай­тыны анық. Аймақтық телеарнада қабілетімді шыңдай түстім. Ал «Хабар 24» арнасындағы қызметіме 1 жылдан аса уақыт болды. Осы мерзім ішінде көптеген арнайы ре­портаж, жаңалыққа сю­жет дайындап, тікелей қо­сы­лым­дарға шықтым. Жал­пы атал­ған арна жас жур­на­лис­терге зор мүм­кіндік бе­реді. Сондық­тан қыз­ме­тім­нің осында жалғас­қа­ны­на қуа­намын.

– «Репортаж – оқиға­ның өзі». Оперативтілік пен толымды зерттеу болмаса жұмыстың шикілігі байқалады. Аталған жанрға бейім болуыңызға не себеп?

– Журналистика – әмбебап мамандық. Сондықтан кез келген журналист, қолына қалам ұстаған маман жанрды жыға танып, қабілетті болу керек. Репортаждың құрылымын біліп, оқиғаны сол мезетте баяндаудың әдіс-тәсілін меңгеру қажет. Шиеленіс пен шешім, қорытынды мен түйінді тыс қалдырмай, көрермен талғамын ескеру негізгі талап. Өзіме жаңалықтарға сюжет дайындағаннан гөрі журналистік зерттеу жүргізген ұнайды. Бір сәтте жеделдік пен сапаға көңіл бөліп, дәйекті дерекке жүгінген жөн.

– Әр хабарыңыз тапқыр тақырыбы, мәнді мазмұнымен ерекше. Осы орайда өзіңізге ерекше ұнаған репортаж қайсы?

– Көрермен жаңалықты, оның мазмұнын түрліше бағалайды. Сол себепті әр шығарылымның нақты фактіге құрылуын назарға алып, таңдаған тақырып төңірегінде терең талдау жасауға тырысамын. Жоғарыда атап өткен «АЭС ақиқаты» және Жаңаөзендегі мұнайшылар мәселесін қозғаған «Қалың қалай, мұнайшы?» атты арнайы репортаждар өзіме ыстық. Сондай-ақ, маған ұнаған тағы бір шығарылым қуғын-сүргінге байланысты түсірілген «Алжир – азап аралы». Израильдегі тілшілерге сұраныс жасап, Қарағандыдағы «Алжир» түрмесінде ең алғаш туған сәбиді тауып алып, одан бөлек тарихшылармен тілдестік. Бұрын соңды айтылмаған деректерді ортаға салдық. Бұл сәтті жұмыс үшін де режиссерлер оқиға орнына барып түсіріп, керемет дүние жасалды. Монтажына дейін ерекше болды. Қызық пен шыжықтың ортасында жүріп жасағаның өнімді болса көрермен көкейіне ой салғанымыз.

– Салада үздік атанып, жүлдеге ие болдыңыз. Енді алдағы уақытқа жүйелеген жоспар мен мақсат қандай?

– «Тұмар» – баптың ғана емес, бақтың да рөл атқаратын байқауы. Жаза білетін талант, дара жолы қалыптасқан дарынды көп. Сондықтан еңбек еленіп, жүлдені еншілеуім бағымның жанғаны деп есептеймін. Басты мақсатым – көрермен мен оқырманға обьективті, шынайы ақпаратты жеткізу. Ал қызмет, жүлде, лауазым оның бәрі екінші орында. Өйткені мамандыққа адалдық алға жетелейтіні анық.

Тағы да оқыңыз: