Kyzylorda-news.kz Шетелде оқу – ерік-жігерді, еңбекті, сонымен қатар көп ізденісті, өз бетінше үйренуді талап етеді. Қазіргідей білектің күшіне емес, білімге арқа сүйейтін заманда талабы таудай жастар жат жерде оқып, қарым-қабілеті мен білім-біліктілігін тереңдетіп жүр. Солардың қатарында Қазалы қаласының тумасы Аяжан Құттыбайқызы да бар. Ол Мәскеудегі НИТУ МИСИС университетінде «Тау-кен ісі» мамандығын меңгерді. Бүгінде Ресей елінде белді құрылыс компанияларының бірінде инженер болып жұмыс істеп жүрген жерлесімізбен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Аяжан, Сіздің қасиетті Қазалы топырағының тумасы екеніңізден хабардармыз. Десе де отбасыңыз туралы өзіңізден білсек...
– Иә, мен 1999 жылы қаңтар айының 31-ші жұлдызында Қазалы қаласында дүниеге келдім. Әкем Құттыбай Ниязов, анам Сауле Смағұл. Бауыржан жане Дәуіржан есімді екі інім бар.
Қазіргі таңда інім Бауыржан да Мәскеуде білім алады. Екінші інім Алматыда оқу бітірген. Әрдайым ата-анамыздың мерейін көтеріп, мақтанышына айналып жүрсек дейміз.
Кезінде марқұм атам Садуақас: «Арошкамды Москвада окытамын» дейді екен. Мен ең жақсы көретін, ерке немересі болатынмын. Атамның да қалауы орындалғаны мен үшін үлкен жетістік. Дина әжемнің бізге деген махаббаты тіптен бөлек. Бар тәттісін аузымызға тосып отыратын.
– Қай мектептің түлегісіз?
– Қаладағы М.Горький атындағы №16 мектеп-лицейдің түлегімін. Мектеп қабырғасындағы керемет сәттер менің әлі күнге көз алдымда. Білікті де, білімді ұстаздардан тәлім-тәрбие алдым. Туған жерге жылына екі рет келіп тұрамын. Сол кезде сынып жетекшіміз Гүлсара Темірханқызын үнемі сыныптастардың бас қосуына шақырып, оған деген ыстық ықыласымызды, құрметімізді білдіреміз. Жалпы барлық ұстаздар қауымына алғысым шексіз. Әр шәкірттің үлкен жетістікке жетіп, түрлі салада еңбек етіп жатқанына барша ұстаздың бізге деген мейірім махаббаты мен қамқорлығы, қолдауы жатыр.
– Болашақ мамандығыңызды қай сыныпта таңдадыңыз? Шет елде оқимын деген шешімге қалай келдіңіз?
– Мен негізі арманы орындалған адаммын. 2014 жылы жазғы демалыста Самара қаласындағы тәтемнің үйіне бардым. Сол кезде қаланың ерекше табиғатына ғашық болдым. Тіпті осындай қалада тұруды армандадым. 2015 жылы біздің мектептен екі оқушы Мәскеуге оқуға түсті. Бұл жағдай маған алға айқын мақсат қоюыма септігін тигізді. 2016 жылдың басында Айгүл Асанқызы сыныпқа келіп, Қызылорда қаласына барып, Мәскеу университеттеріне оқуға түсу үшін қабылдау емтихан тапсыруға болатындығын айтты.
Наурыз-сәуір айларында Ресей елінде оқығысы келетін оқушылар жиналып, емтихан тапсыруға бардық. Біздің сыныптан 5-6 адам қатыстық. Емтихан үш пәннен тұрды. Математика, физика және орыс тілі. Келесі жолы РГАУ-МСХА К.А. Темирязев атындағы университеттің қабылдау емтиханын тапсырдык. Мамыр айында қорытынды шықты. Сол топтан Қазалыдан тапсырған оқушылар арасынан тек мен ғана екі бірдей жоғары оқу орнының грантын жеңіп алыппын. Осылайша 10-сыныпта жүргенде-ақ Мәскеуге оқуға түссем деген арманым орындалды.
11-сыныпта сынама тест тапсыру кезінде қыркүйек-желтоқсан айлары арасында 125 баллдан 60-70 балл ғана жинап жүрдим. Отбасыма салмак салмауым керек деп желтоқсан айынан бастап алдыма ұлттық бірыңғай тестілеу сынағынан аз дегенде 100 балл жинауым керек деген мақсат қойдым. Сонымен ҰБТ-ға бар зейінімді, уақытымды арнадым. Күш-жігерімді жұмсадым. Осы ретте ата-анама, бауырларыма алғыс білдіремін. Әрдайым мені қолдады. Таңертең сабаққа кетемін. Келген соң түскі асымды ішіп алып, қосымша дайындық жасау үшін мектепке тағы барамын. Кешкі астан кейін 2-3 сағат ұйықтап алып, түнгі 3-4-ке дейін дайындалатынмын. Еңбегім нәтижелі болды. Сынақ кезінде 101 балл жинадым. Мен Мәскеуде оқимын деген шешімге түбегейлі келгенмін. ҰБТ-ға қатысудағы мақсатым біздегі білім бәсекесінде өзімнің деңгейімді сынап көру еді.
– Алға мақсат қойып, оған жете білу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сізге мотивация берген, жігер сыйлаған қандай күш болды деп ойлайсыз?
– Адам шын ниетімен, бар жүрегімен армандай білу керек деп есептеймін. Мен ата-анама салмақ салып, ақылы негізде оқығым келмеді. Қолымнан келетін іске неге талаптанбасқа деген ой да болды. Ата-ана бізді өмірге әкелді, бақты-қақты. Есейгенше бар жағдайымызды жасады. Неге олар әрі қарайда бізге бар жағдайды жасауы керек? Міне, менің пайымым осындай.
– Қандай мамандықты меңгердіңіз?
– Мамандығым тау-кен инженері, специализациям тау-кен-геологиялық ақпараттық жүйелері.
– Бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінде қазақ жастары білім алып, жұмыс істеуде. Мәскеуде де қандастар баршылық. Ресейдегі қазақтармен қарым-қатынасыңыз қалай?
– Иә, бұнда қазақ жастары жетерлік. 2016 жылдың күзінен бастап Мәскеу қазақтарының қатарына ұйымдастырушы-ерікті ретінде қосылдым. Бұнда «Мұрагер» деген қазақ қауымдастығы бар. Негізгі қызметі – қазақ мәдениетін, әдет-ғұрыптарын, салт-дәстүрлерін жаңғырту мен дамытуға белсенді жәрдемдесу, Мәскеуде тұратын басқа халықтардың мәдениеттерімен танысу және өзара іс-қимыл жасау арқылы жалпыадамзаттық құндылықтарды бекіту, әртүрлі ұлттар мен конфессиялардың адамдары арасында толеранттылық пен төзімділікті насихаттау болып табылады.
Мерекелерді, іс-шараларды, кездесулерді бірлесіп өткізу, спорттық жарыстарды ұйымдастыру-қоғамдастық қызметінің негізгі максаты. 2019 жылға дейін басты ұйымдастырушылардың бірі болдым. Мәскеудегі ең жақын достарыммен осы қоғамдастықта танысқанмын. 2017 жылдан бастап жұмыс жасаймын. 2019 жылдың қарашасынан 2023 жылға дейн Флотилия Рэдиссонда әкімші, 2023 жылдың қазан айынан бастап кәсіби фотограф ретінде жұмыс жасадым. Биыл маусымда инженер болып құрылыс компаниясына жұмысқа орналастым.
– Болашақта Қазақстанда жұмыс істегіңіз келе ме, әлде Мәскеуде түбегейлі қалуды жоспарлап жүрсіз бе?
– Осы жазда 8 жылдан бері бірінші рет әкем: «Аяжан, сонша жыл үндемедім, бірақ қазір айтайын бір-екі жылдыкта Қазақстанға қайтып келгеніңді қалаймын» деді. Шынымды айтсам осы кезге дейін ауылға қайту ойымда болмаған. Әкемнің сөзі мені ойландырды. Дәл қазіргі таңда мен жаңа салада тәжірибе жинақтап жатырмын. Бірнеше жыл жұмыс істеп, Қазақстанға оралуды көздеп отырмын. Алған білімімді туған елімнің өркендеуіне қоссам деген ниетім бар.
– Шет елде білім алғысы келетін жастарға қандай кеңес бересіз?
– Мәскеуді шын жүрегіммен жақсы көремін. Менің өзімді тануыма, жан-жақты тәжірибе жинауыма, өмірілік сабақ алуыма, тұлға ретінде қалыптасуыма септігі тиген қала. Ең керемет достарда таптым.
Ал түлектерге, жастарға айтарым ешқашан, ештеңеден қорықпаңыздар. Сіздің жан дүниеңіз жақсылық пен шынайы ниетке толы болса, сондай жандарды жолықтарасыз. Армандай білу де адамға қанат бітіреді. Мысалы маған 15 жаста қол жетпейтіндей көрінген Мәскеу қаласы бүгінде менің екінші еліме айналды. Тіпті алғаш келген сәттерде «Мынадай үлкен мегаполисте қалай өмір сүремін?» деген қорқынышта болғаны рас. Алайда қазір шүкір бұл қалаға сіңісіп кеткенім сонша өз үйімдегідей еркінмін.
– Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рақмет. Тек сәттілік серік болсын.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА