Kyzylorda-news.kz Қызылорда облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы,  «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Әділбек  Ерсұлтановпен сұқбаттатты  оқырман назарына ұсынамыз.

– Әділбек Бөрібайұлы, еңбек жолыңызға қарасақ, үнемі мемлекеттік қызметте келе жатыр екенсіз. Қазіргі мемлекеттік қызметтің рөлі қандай? Мемлекеттің басқару құрылымында  жаңару бар ма?

– Қандай қызмет атқарсаң да, елге адал еңбек ету қажет. Әрбір азамат туған жерін шексіз қадірлеп, құндылықтарға құрметпен қарап, өз қызметін жауапкершілікпен атқарғанда ғана елге сыйлы, қоғамға қадірлі болады. Өзіңіз байқағандай, еңбек жолымның басым бөлігі мемлекеттік қызметпен ұштасты. Мемлекеттік құрылымның әртүрлі сатысында еңбек еттім. Ел дамуына өлшеусіз үлес қосқан қайраткерлермен бірге қызмет атқарып, мол тәжірибе жинадық. Үлкендердің ақ батасын алып, мықты азаматтармен бірге иық теңестіріп, ел дамуына қызмет етіп келеміз. Әрине, мемлекеттік қызметкер болудың өз алдына жауапкершілігі жоғары. Себебі халық үніне құлақ асу, сындарлы диалогқа түсу, оңтайлы шешімдер қабылдау үшін жоғары білім мен еңбекқорлық және адалдық қажет. Ұлы Абайдың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген тәмсілі көкіректе тұруы қажет.
Президент бастамасымен қолға алынған түрлі бағдарламалардың сәтті орындалуы, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жоспарында көзделген міндеттерді уақытылы әрі нәтижелі жүргізу мемлекеттік қызметшілерге тікелей байланысты. Сондықтан халықтың сенімінен шығу – мемлекеттік қызметшілердің басты ұстанымына айналуы керек. Қазір қоғамда меритократия қағидасы өте сәтті іске асуда. Жоғары лауазымға келетін азамат міндетті түрде түрлі сатыдан өтіп барып қана жұмысқа қабылданады. Бұл – оңтайлы қадам. Өзіміз де қарапайым маман ретінде жұмыс бастап, қоғамға етене араласып, саяси қызмет аудан әкімі лауазымына дейін көтерілдік. Сондықтан меритократия жүйесінің тиімділігі мол. Қазір саяси маңызы жоғары сайлау комиссиясының төрағасы қызметін атқарудамын.
Президент пәрменімен сайлау жүйесі жаңғырудың жаңа сатысына өтті. Бұрынғыдай емес, сайлау комиссиясының мүшелері тұрақты әрі кәсіби қызмет атқаруға көшті. Соңғы жылдары бірнеше ірі сайлаулар өткізілді. Наурызда ҚР Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарының сайлауын өткіздік. Ауыл және кент әкімдері де тікелей сайланатын болды. Жақында ғана облыстық мәслихат шешімімен 5 қарашада Сырдария және Шиелі ауданы әкімінің сайлауын өткізетін боламыз. Қазір кандидаттардан ұсынымдар жинау жүргізілуде. Мемлекет басшысы Жолдауында айтқандай, алдағы кезеңде референдум өткізу бастамасы да ауқымды жұмыстардың бірі болмақ.

– Мемлекеттік қызметте жастардың үлесі басым екен. Бұл жастардың заманауи үрдістерді жылдам меңгеріп алатындығымен байланысты ма, әлде басқаша да себебі бар ма? 

– Мемлекеттік қызметке жастарды тартуды оң үрдіс ретінде қарау керек. Жауапты қызметке тағайындалатын адамның жоғары білімді, ерік-жігері мол, қоғамға сыйлы болуы маңызды. Өзіңіз де білесіз, соңғы жылдары Президент кадрлық резерві жасақталып келеді. Биыл да жастар үшін айрықша мүмкіндік бар. Талпынысы жоғары, еңбек етуге ниетті әрбір жас мемлекеттік қызметте бақ сынап көруі тиіс. Ол үшін кадрлық резерв үлкен мүмкіндік, әрі әлеуметтік лифт деуге болады. Қазіргі қоғамдық формация өзгерген уақытта жастардың билікке келуі өте маңызды деп санаймын. Әділетті Қазақстан идеясын іске асыратын да, қоғаммен етене байланыс орнататын да – бүгінгі жастар. Сондықтан жастардың үлес салмағы басым болу да керек секілді.

– Қармақшы ауданында әкім болып жылға жуық қызмет еттіңіз. Бұл әрине көп жұмыс тындыруға, белгілі бір нәтиже көрсетуге жететін уақыт емес. Дегенмен, осы кезде қандай жұмыс атқарылды, нендей шаруа жасалғанын өз аузыңыздан естісек?

– Атқарылған жұмысқа ең әуелі халық баға береді. Халықтың әл-ауқатын көтеру, Президент бастамаларын өңірде орындау, облыс әкімінің сенімінен шығып, тұрғындардың талап-тілегін орындау – аудан әкімінің негізгі міндеті. Түсіне білген адамға туған жердің қадірі биік. Сондықтан өзім өскен өлкені дамытуға бар күш-жігерімді арнауға тиіспіз деген ниетпен әрі басшылық сенім білдіргеннен кейін аудан әкімі қызметін атқардық. Тағайындалған сәттен бастап ауданның макроэкономикалық көрсеткіштерін көтеруге мән бердік. Өзіңіз де білесіз, ауданымыз кәсіпкерлікке аса бейімделмеген, сондықтан шағын кәсіпкерлікке ден қойып, барлық мүмкіндікті қарадық. Бизнес жасауға ынталы азаматтарды қолдадық. Аграрлық салада да ауқымды тірліктер атқарылды. Облыс әкімінің тапсырмасы аясында егін егуге ниетті шаруа отбасыларға жер телімдерін бөліп, олардың бақша дақылдарын егуіне қолайлы жағдай жасадық. Басты жұмыс ретінде инвестиция тартқанымызды айтуға болады. Жаңа жобалар аясында өндірісті күшейту, жұмыс орындарын қалыптастыруға күш салдық. «Ауыл – ел бесігі»бағдарламасымен көшелер жөңделіп, ауыз су сапасы жақсарып, сапалы жолдардың үлесі артты. Ауыл халқы үшін ең басты керегі де осы инфрақұрылым мәселесі. Президент өткен Жолдауында ауылдардың әлеуетін арттыруға басымдық беру қажет екенін алға тартты. Бұл ретте аудан аумағындағы барлық елді мекеннің әлеуетіне қайта талдау жүргізіп, ішкі мәселелерін саралап, арнайы жоспар түздік. Ауқымды, орташа, кіші мәселелерді бөлек қарап, оны орындауды нақты индикаторға енгіздік. Бұл жұмыстар әлі де жалғасын тауып жатыр.

– Қармақшының тумасысыз. Кіндік қаны тамған жерге қызмет ету кез келген адамға бұйыра бермейтін бақ. Келешектегі аудан келбетін қалай елестетесіз? Сізге тағы бір сондай мүмкіндік берілсе, қандай өзгеріс жасаған болар едіңіз?

– Қармақшы – құтты мекен. Бабалар аңсаған киелі жер. Соңғы жылдары ауданның науан келбеті жарқырап, аулалар абаттанып, жаңа нысандар салынуда. Бұл қарқынды жұмыстар әлі де жалғасады деп сенемін. Әрине, қай қызмет те жүрсең де туған жеріңе деген жанашырлық сезімі әрдайым биік тұрады. Келешекте ауданның экономикалық-әлеуметтік әлеуетін көтеру үшін өндіріс орындарын ашып, кәсіпкерлік саласын жаңа деңгейге көтеру қажет. Туризмді дамытудың тетіктерін де ойластырған дұрыс. ЮНЕСКО-ға енген киелі Қорқыт ата кешеніне келетін мыңдаған туристер бар. Логистиканы ескере келе, жаңа жобаларды іске асыру уақыт талабы деп есептеймін. Қазіргі аудан әкімі, әріптесім Жандос Еркінбекұлы да біраз игілікті істі жалғастырып, аудан ажаратын ашатын байырқалы бастамалар жасап келеді.

– Мектеп қабырғасында да, студенттік кезіңізде де белсенді болдыңыз. Қазірде де солай. Кітапты көп оқисыз. Әдетте мұндай тәрбие отбасынан бастау алып жатады. Өскен ортаңыз, шыққан отбасыңыз жайлы айтсаңыз? Ата-анаңыз қандай кісілер болды?

– Мен 1976 жылы Жосалы кентінде дүниеге келдім. Әкем Ерсұлтанов Бөрібай, анам Сүлеева Әсима қарапайым жұмысшы болып өмір сүріп, қайтыс болды. Олар қарапайымдылығы сол, аудандық астық қабылдау мекемесіне қарасты моншада, балабақшада от жағушы, жұмысшы болып еңбек етіп, жеті баласын асырады. Ар мен ұятты, намыс пен жігерді, еңбексүйгіштікті, әділдікті бойымызға сіңіріп өсірді.

Бала күнгі бір қызықты оқиғамен бөлісе кетейін. 1981 жылдың қыркүйегі. Жосалы кентіндегі «Қазақстанның 50 жылдық» көшесінің шаңын шығарып, тай-құлындай тебісіп асыр салып ойнап жүрген достарым Самат пен Шаухат мектепалды дайындық тобына барса, Нұрболат балабақшада сабаққа қатысып, әріп үйреніп жүрді. Ал, мен болсам олардың сабағының бітуін сарыла күтіп, есік алдында көңілсіз күйде жүретін болдым. Осылай жүріп, шыдамай, қыркүйектің аяғында үйге айтпастан ойын киімімен мен де екі досыма еріп мектепке бардым. Мектепалды даярлық тобында Ақбала апайымыз қарсы алып, аты-жөнімді сұрап, сабаққа қатыстырып, ертеңге ата-анамның біреуінің келуін айтып қайтарды. Міне осылай, 5 жасымда мектеп табалдырығын аттаған едім. Мектепке барғанымды естіп бөлем әрі досым Марат та жасы толмаса да біздің ортамыздан табылды. Сонымен мектепалды даярлық тобын аяқтап, 1982 жылы №105 орта мектептің 1 «в» сыныбына қабылданып, Әсия Шоқпарова апайымыздың тәрбиесінде болдық. Ол талапшыл, турашыл, тәртіпті болуды үйрететін еді. Осы талап пен тәртіптің арқасында біздің сыныптастарымыз өзгелерге қарағанда оқ бойы озық тұрып, басқаларға үлгі бола білді. Бастауыш сыныптан кейін ҚазМУ-дің филология факультетін жаңа бітіріп келіп жатқан жас маман Гүлжаһан Кемелбаева  апайымыз қабылдап алды. Бәрімізді әдебиетке жақын етті. Бос уақытымызда кітап оқуды талап етіп, қандай шығармаларды оқығанымызды сұрап отыратын. Сынып «бұзық» емес, «ақылды тентек» болды. Әдебиет, өнер, спортқа жақын болып, қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытты. Гүлжаһан апайымыз бала күтіміне байланысты демалыста болғанда директорымыз бізге «Өзін-өзі басқаратын класс» деп сынып жетекші бекітпей де қойған. Сыныптасымыз Ақерке Өтепбергенова жыршылық дәстүрді насихаттап облыс, республика аумағында танымал бола бастаса (кейінгі жылдары алыс-жақын шет мемлекеттерде өнер көрсетті), Қарабекова Шаттық 9 сыныпта «Қармақшы аруы» атанды. Қыпшақбаев Самат еркін күреспен жарыстарға шығып жүрді. Осылай мектеп бітіруге жақын қалған күндерімізде Одақ тарап, еліміз экономикалық-әлеуметтік дағдарысқа ұшырады. Талон, кәртішке, кезек, кәсіпкер, алып-сатар, пара, бай-кедей, жұмыссыздық деген ұғымдар пайда бола бастады. Өзіме келсек, мектеп бітіріп екі жыл оқуға түсе алмай, бақша егіп, жұмысшы ауылда жұмысшы болдым. 1994-1998 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін «Тарихшы-архивтанушы», 2016 жылы Қорқыт ата атындағы ҚМУ «Экономика» мамандықтары бойынша білім алдым. Еңбек жолын 1992 жылы жұмысшыдан бастап 1994-1998 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде студент, 1998-2002 жылдары Қызылорда облыстық мұрағаттар мен құжаттамалар басқармасында архивист, жетекші маман, 2002-2009 жылдары қала әкімі аппаратында маман, жетекші маман, бас маман, бөлім басшысы, Талсуат ауылдық №178 орта  мектеп директоры, Талсуат ауылдық округінің әкімі қызметтерін атқардым. Одан соң Қызылорда облысы әкімі аппаратының бас инспекторы, бөлім басшысы, облыстық мұрағаттар және құжаттама басқарма бастығының орынбасары, 2011-2013 жылдары Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары, 2013-2015 жылдың шілде айына дейін облыс әкімі аппаратының ұйымдастыру- инспекторлық жұмыс және аймақтық даму бөлімінің басшысы, 2015 жылдың шілдесінен қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы, 2016-2017 жылдары «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары (филиал төрағасы сол кездегі Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев), 2017 жылдан бастап облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы бастығының орынбасары, 2019 жылы облыс әкімінің аппарат басшысының орынбасары қызметінде болдым. 2022 жылғы 10 наурыздан бастап осы жылдың 18 қаңтары аралығында аудан әкімі лауазымын атқарсам, бүгінде облыстық сайлау комиссиясының төрағасымын.

– Жанұяда көп бала тәрбиелеп отырған әкесіз. Қазақ ұғымында әкенің орны бәрінен биік қойылады. Онымен қоса қызмет адамысыз. Қарбаласқан тірлікте уақыт жете бермейтіні және бар. Жалпы сіз қандай әкесіз, бала тәрбиесінде не нәрсеге тереңірек мән бересіз, балаларға қаншалықты көңіл бөлесіз?

– Әр ата-ана баласының лайықты білім, саналы тәрбие алғанын қалайды. Оның үстіне қазіргі білім беру жүйесі функционалдық жүйеге бағытталған. Балалар алған білімін өмірде қолдана алуы керек. Бұл ретте балаларымның зейінді болып, жоғары білім алуы үшін жағдай жасап келемін. Меніңше, еңбекқорлық, адалдық ұғымдарының қадірін түсінуді осы кезден бойға сіңіртуге тиіспіз. Көп ата-ана жұмыс бабымен көп жағдайда бала тәрбиесіне жете көңіл бөле алмай қалады. Дегенмен, бала болашағы үшін уақыт арнап, олардың дамуына күш салу қажет. Аллаға шүкір, балаларым ұлттық құндылыққа қанығып өсуде. Домбыра тартып, күй шертеді. Ұлттық ойындарға да әуес. Барлығына да жеткілікті деңгейде уақыт арнаймын. Жолдасым Гүлбану Түленқызыпедагог, №2 Абай мектебінде қызмет атқарады. Ұстаз ретінде шәкірт тәрбиелеп, балаларды шығармашылыққа баулиды. Балаларым Қуаныш Тимирязов атындағы Мәскеу ауыл шаруашылық академиясын бітіріп келіп, облыстық басқармада әдіскер болып еңбек жолын бастауда, Думан әл-Фараби атындағы ҚҰМА-да 3 курс студенті, Дәулет және қызым Әйгерім мектеп оқушысы, Сұлтан балабақша тәрбиеленушісі.

– Естуімше, жақында балаңыз халықаралық жарыстың жеңімпазы атаныпты. Түркия мемлекетіне жолдама ұтып алып, анасы екеуі демалуда екен. Бұл ата-ана үшін үлкен қуаныш әрі бақыт.

– Таяуда халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы «Түркі бірлігі» тақырыбында шығарма жазу бойынша байқау ұйымдастырған. Бауырлас мемлекеттердің дарынды оқушылары арасындағы мұндай сайыс бірінші рет өткізіліп тұр екен. «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» деп, Дәулет балам ниет етіп, байқауда бағын сынады. «Қазақ мәдениетінің түркі дүниесіндегі рөлі» атты шығарма жазып, жолдады. Конкурс нәтижесінде ұлым жүлделі ІІ орын иеленіп, Түркияға жолдама алды. Жақында Анадолы жеріне барып, марапатын алып, мерейімізді тасытты. Бір байқағанымыз, Түркі билігі жеңімпаздарды арнайы ақпараттық тақтаға енгізіп, көшелеріне іледі екен. Баламызды Анкара көшелерінен көріп, көңілге қуаныш ұялады. Бұл туыстас елдің ішкі мәдениетінің жоғары екенін білдіреді.

– Әңгімеңізге көп рақмет!

Тағы да оқыңыз: