Kyzylorda-news.kz.  «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында инклюзиялық қоғамды дамыту және насихаттауға бағытталған «Тең мүмкіндіктер» атты инклюзиялық спорт фестивалінің облыстық іріктеу кезеңі өтті.

Спорттық шара бұған дейін Қызылорда қаласы мен барлық аудандарда ұйымдастырылып, білім беру ұйымдарынан 125 командаға топтасқан 375 бала бақ сынаған болатын. Бүгінгі облыстық фестивальге аумақтық кезеңдерден жеңімпаз болып танылған 32 команда қатысты.

Фестивалдің ашылу рәсімінде барша қатысушыларды құттықтап, оларға сәттілік тілеген партияның облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова спорттық шараның негізгі мақсаты – ерекше қажеттіліктері бар балалар мен олардың құрдастары арасындағы достық байланысты нығайту, әлеуметтік белсенділігін, сенім мен өзара сыйластықтарын арттыру екенін атап өтіп, облыстық кезеңнің жеңімпаздары республикалық кезеңде Сыр елінің намысын қорғайтынын жеткізді. Сондай-ақ, сайыстың сапалы өтуіне қолдау жасаған облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесіне, сондай-ақ Қызылорда қаласы мен аудандар әкімдері, облыстық білім, спорт және туризм, денсаулық сақтау басқармалары басшыларына партияның облыстық филиалы атынан ризашылығын білдірді.

Жалпы сайыс ережесіне сай командалар кіші және ересек яғни, 6-8 және 3-5 сыныпта оқитын оқушылардан жасақталды. Олар «Біз жеңімпаз боламыз!» және «Жеңіл атлетика» деп аталатын 2 кезең бойынша жүгіру, секіру, эстафета сынды түрлі спорт түрлерінен бақ сынасты. Жеңіске ұмтылған жеткіншектерге жетекшілері мен жанкүйерлері ерекше қолдау көрсетті.

3 сағатқа созылған сайыста оқ бойы озық шыққан командалар жеңіс тұғырынан көрді. Жарыс қорытындысымен «Біз жеңімпаз боламыз!» кезеңінде ересек топтардан I орынды Арал ауданы, II орын -Қызылорда қаласы, III орынды Шиелі ауданы командасы иеленсе, кіші топтар арасынан I орын Шиелі, II орын Арал және III орын Қазалы ауданының командаларына бұйырды.

Ал «Жеңіл атлетика» сайсында ересек топтар арасында I орынды Сырдария, II орын Арал және III орынды Шиелі ауданынан келген балалар қанжығаласа, кіші топтар арасынан I орынды Арал ауданы, II орын Қазалы және III орынды Қызылорда қаласының командасы иеленді.

Жеңімпаздарды партияның облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова және сайысқа қолдау көрсеткен басқарма өкілдері құттықтап, арнайы дайындалған дипломдар және сыйлықтармен марапаттады. Сонымен қатар өзге де қатысушыларға белсенді қатысқаны үшін арнайы дипломдар, сыйлықтар табысталды.

Тағы да оқыңыз: