Kyzylorda-news.kz. Бүгін Сырдария ауданы, Тереңөзек кентінде мемлекет және қоғам қайраткері Елеу Көшербаевты еске алуға арналған волейболдан XXІІІ халықаралық турнирдің ашылу салтанаты өтті.

Шарада ең алдымен ҚР мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаевтың құттықтау хаты оқылды.

«Әкем бастап кеткен сара жолмен жүру біздер үшін үлкен бақыт және бүгінгідей жарыстар өскелең ұрпақтың бойында достық, сыйластық, ауызбіршілік сияқты қасиеттерді біріктіреді», — делінген құттықтау хатта.

Салтанатты шараны Сырдария ауданы әкімі Мұрат Ергешбаев ашып, дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан турнирдің бүгінгі күнгі жетістіктері мен жастар арасындағы осы сынды додалардың маңыздылығына тоқталып өтті.

Сонымен бірге Шешенстан Республикасының өкілі, халықаралық жекпе-жек конфидерациясының президенті Усман Дигаев өз құттықтау сөзінде екі ел арасындағы ынтымақтастық пен бауырлас қарым-қатынас туралы айтып, барша қатысушыларға сәттілік тіледі.

Айтбай Көшербаев турнирдың жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан барша жанға алғысын білдіріп, алдағы уақытта бұдан да жоғары деңгейде өтетіндігіне сенім білдірді.

Турнирге Шешенстан республикасы мен еліміздің әр өңірінен 22 команда қатысып жатыр.

Дәстүрлі жарысқа айналған дүбірлі дода дарындыларға жол ашып, бұқараның спортқа деген ықылас-ынтасын арттырары сөзсіз.
Айта кетейік турнир, 24 қыркүйек күні мәресіне жетпек.

Тағы да оқыңыз: