Kyzylorda-news.kz. Бүгін «Мұз айдыны» спорт кешенінде дзюдодан 2007-2008 жылдары туған жасөпірімдер арасындағы ҚР чемпионатының ашылу салтанаты болып өтті.

Дүбірлі додаға еліміздің 17 облысы мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан 20 команда 707 жас палуан (404 ұл, 300 қыз) қатысуда.

Салтанатты шараны Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Шәменов ашып, 3 күн қатарынан өтетін дүбірлі додаға қатысушыларға сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде өңірдің осы спорттағы жетістіктеріне тоқталып өтіп, жақында Азия құрлығын бағындырған Мағжан Шамшадин мен Нұрлыхан Шарханды және Әлем чемпионатынан қола медаль еншілеп, бүгін ғана елге оралған Айдос Сұлтанғалиды жеңісімен құттықтады.

ҚР дзюдо федерациясының вице президенті Зайдинов Ержан Абсадықұлы федерация атынан барша қатысушыларды құттықтап, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Салтанатты шарада қазақ күресі, самбо, дзюдо күресінен спорт шебері, Қазақстан Республикасының чемпионы, облыстың 15 дүркін түйе палуаны, ардақты спорт ардагері Абылай Жалдыбайұлын Жалдыбаевтың 70 жас мерейтойына орай облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Рүстемов Руслан Рүстемұлы Қызылорда облысы әкімінің «Алғыс хатын» табыстады.

Сонымен бірге, қала әкімі Асылбек Шәменов мерейтой иесінің иығына шапан жапса, республикалық дзюдо федерациясының вице президенті Ержан Зайдинов федерацияның «Тарлан» медалін төсіне тақты. Бұнымен ардақты ардагеріміздің құрметіне арналған сый-сыйяпат аяқталған жоқ, облыстық дзюдо федерациясының президенті Мұстафаев Садық Шоңмұрынұлы ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың 70 жас мерейтойымен құттықтауын салтанатты түрде табыстады.

Әрі қарай шара палуандарымыздың жекпе-жегіне ұласты.

Естеріңізге сала кетейік, қыркүйектің 15-17 аралығында Қызылорда қаласы, Евразия спорт кешенінде дзюдодан 2007-2008 жылы туылған жасөпірімдер арасындағы ҚР чемпионаты болып өтеді.

Тағы да оқыңыз: