Kyzylorda-news.kz. Бүгін мұз айдыны спорт кешенінде Д.Қонаевты еске алуға арналған волейболдан ардагерлер арасында халықаралық турнир өтуде. Облыста алғашқы рет ұйымдастырылған жарысқа Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінен, Нұр-Сұлтан, Алматы, Байқоңыр қалаларынан және Алматы, Жамбыл, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау Қызылорда облыстарынан 12 команда, 50 жастан жоғары 120 ардагер спортшы қатысуда.

Жарыстың құрметті қонағы ретінде қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов қатысып, Алматы қаласының «КАЗНАУ» команда құрамында ойын көрсетті. Айта кетейік, айтулы жарыс бұған дейін Алматы, Тараз, Атырау қалаларында өтіп келген.

Шарада облыс әкімінің орынбасары Н.Байқадамов аға буынның үлгілі жолына негізделген дүбірлі бәсеке ардагерлерге құрмет көрсету болса, екінші жағынан бұқаралық спортты дамытудың тиімді тәсілі екендігін айтты.

“Өскелең ұрпақтың патриоттық рухын көтеретін тағылым мен тәрбие шарасына айналған, командалық ойын спорт түрі – волейболдың жыл санап бұқаралық сипаты артуда. Қазіргі таңда облысымызда осы спорт түрімен 28 мыңнан астам адам шұғылданады”,- деді облыс әкімінің орынбасары Н.Байқадамов.

Халықаралық турнирдің ақтық ойыны мен жарыстың жабылу салтанаты 16 ақпан күні сағат 12.00- 13.00-де өтеді деп жолспарлануда.

Тағы да оқыңыз: