Мұхтар Оразбаев әлемді бағындырған жас боксшыға құрмет көрсетті – Kyzylorda News
Басты бет

Мұхтар Оразбаев әлемді бағындырған жас боксшыға құрмет көрсетті

27.05.2022, 14:11

3167 0

Kyzylorda-news.kz. Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев бокстан бүкіләлемдік гимназиада ойындарының чемпионы атанған Ақтілек Орынбасарды қабылдап, құрмет көрсетті.

Басқосуда Мұхтар Әуесұлы алдымен дүбірлі додада көк байрағымызды желбіретіп, Әнұранымызды шырқатқан спортшыны құттықтады.

Ауданнан шыққан атақты спортшылардың да қатары қалың. Әріге бармай-ақ, 2012 жылы Лондон Олимпиадасында қола медаль жеңіп алған Марина Вольнова қызымыздың жетістігін айтсақ болады. Маринаның есімі ауданның тарихында ғана емес, еліміздің тарихында алтын әріптермен жазылып қалады. Өйткені ол Тәуелсіз Қазақстан тарихында Олимпиадада жүлде алған алғашқы ару.
Бүгінде Марина салған сара жолды жас спортшылар жалғастырып, жеңістің биік тұғырынан көрінуде. Бұл сөзімізге жас боксшы Ақтілектің Орынбасардың кешегі Франция елінде өткен бүкіләлемдік дүбірлі додадағы жеңісі дәлел бола алады.
Еліміздің көк байрағын әлемдік аренада желбіреткен Ақтілекті қасиетті Қазалы ауданының халқы мақтан тұтады. Алдағы уақытта да спорт сайыстарындағы жеңістеріңіз көп болып, әрқашан Туымызды желбіретіп, Әнұранымызды шырқата беріңіз, – деген аудан басшысы боксшының ата-анасы мен бапкерге де алғысын жеткізді.

Бұл әрине бір күнде қол жеткізетін жетістік емес. Ақтілек әлемдік додада топ жару үшін жаттығуларда тынбай еңбек етіп, бапкердің айтқан ақыл-кеңестерін екі етпей орындады деп ойлаймын. Спорт бәсекелерінде жеңіске жеткен Ақтілектің жаттықтырушысы Жәнібек Аралбаевқа және ата-анасы Ерболат Қарабалаев пен Алмагүл Жақсылықоваға алғысымды айтамын, – деді Мұхтар Әуесұлы.

Мұнан соң Ақтілек Орынбасаров аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталып, 50 мың теңгенің сертификаты табысталды.
Сондай-ақ, ата-анасы Ерболат Қарабалаев пен Алмагүл Жақсылықова және №18 Қазалы ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Жәнібек Аралбаев та «Алғыс хатпен» марапатталды.
Басқосуда облыстық мәслихат депутаты Ібайдулла Тілеп кәріқұрлықта чемпион атанған Ақтілек Орынбасарды құттықтап, жас спортшыға түйе мінгізді.

Кездесу барысында Ақтілектің ата-анасы аудан басшыларына алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдірді.