Kyzylorda-news.kz. Бүгін Арал ауданында волейболдан 2008-2009 жылдары туылған жасөспірімдер арасында белгілі спортшы Асқат Ахановты еске алуға арналған республикалық турнирдің ашылу салтанаты өтті.
Аталмыш турнирдің ашылуына аудан әкімі С. Сермағамбетов қатысып, волейболшы А.Ахановтың өмір жолына тоқталып, спортшының қалдырған өнегесі мен ізін кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында еске алу турнирінің жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқандығын тілге тиек етіп, жарысқа қатысушы жас волейболшыларға сәттілік тіледі.
Мұнан кейін сөз алған спорт ардагері Орынбай Әбдікеров белгілі спортшының жетістіктіктері өскелең ұрпақ үшін үлгі екендігін айтып, жарысқа қатысушы командалардың жеңіс тұғырынан көрінуіне тілектестігін білдірді.
Айта кетейік, биыл ауданымызда XXI мәрте өткізіліп жатқан турнирде Шымкент қаласы, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстарынан келген спортшылар бақ сынайды.
Жалпы төрт күнге жоспарланған турнирдің ойындары Арал қаласындағы орталық стадионда және №14 мектеп-лицейдің спорт залында өтеді.