Kyzylorda-news.kz. 7 қыркүйекте Өзбекстан мемлекетінің Хиуа қаласында гір спортынан Әлем чемпионаты басталды. Байрақты бәсекеде Жалағаштағы "Наркескен" спорт клубының гір спорты үйірмесінен 6 спортшы өз бағын сынап жатыр.
Жарыстың бірінші күні, ұзын циклді серпе көтеруде жерлесіміз Қайсар Төлеген еліміздің мерейін үстем етті. Ол 78 келі салмақта 1-орын иеленіп, әлем чемпионы атанды.
Бағы мен бабы келіскен Қайсар Төлеген үмітімізді ақтап келеді. Былтыр Үндістанда өткен әлем чемпионатында қола медаль қанжығалаған. Екі мәрте Азияның чемпионы болды. Осы жолы да мықтылығын дәлелдеді.
12 қыркүйекте аяқталатын жарыста “Наркескеннің” тағы 5 спортшысы өнер көрсетеді. Олар да жеңіс тұғырынан көрінеді деп сенеміз.
Айта кету керек, "Наркескен" спорт клубының гір спортынан бір жыл ішінде ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетуі кездейсоқтық емес. Аудан әкімдігінің қолдауымен, демеушілердің көмегімен гір спорты үйірмесін талапқа сай келетін құралдармен қамтамасыз еттік. Спортшылардың сайыстарға қатысуына жағдай жасадық. Осы жұмыстар жемісін беріп жатыр. Гір тасын алақанда ойнататын Абдулхасан Сейтеновтің шәкірттері — "наркескендіктер” намысты қолдан бермей, еліміздің, облыстың, ауданымыздың абыройын асқақтатуда.