Kyzylorda-news.kz Желіде танымал әнші Мейрамбек Бесбаев туралы жасалған дипфейк видео көпшіліктің қызу талқысына түсті. Youtube платформасында жарияланған видеода «30 жыл бойы анасын іздеген Мейрамбек ақыры тапты» деген оқиға баяндалады. Көрермендер арасында бұл ақпаратқа шын сеніп қалғандар аз емес — видео астында қалдырылған мыңнан аса пікірдің көбі эмоцияға толы, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Malim.kz сайтына сілтеме жасап.

Бастапқыда әзіл мен пародия үшін пайда болған дипфейк технологиясы бүгінде жаһандық қауіпке айналып отыр. Германиядағы Гете институтының дерегіне сүйенсек, интернетте тараған алғашқы дипфейктердің 96%-ы қалжың ретінде жасалған. Алайда кейіннен мұндай контент алаяқтыққа, діни-саяси үгітке, тіпті тұлғалардың беделін түсіруге бағытталған құралға айналды.

Қазақстанда да дипфейкпен байланысты киберқылмыстар көбейіп келеді. Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыровтың айтуынша, былтыр елімізде 22 мыңнан астам алаяқтық фактісі тіркелген. Ал биылдың алғашқы айларында кибералаяқтықтан келген шығын 11 миллиард теңгеден асқан.

Жасанды интеллект арқылы жасалатын мұндай жалған контенттер әзіл мен қылмыстың ара-жігін ажыратуды қиындатып отыр. Бұл мәселе «Жасанды интеллект туралы» заң жобасын талқылау кезінде де көтерілген.

Желі қолданушыларына жалған видеоларға сеніп қалмау және ақпараттың рас-өтірігін тексеру қажеттілігі ескертіледі. Себебі технология дамыған сайын, шындық пен жалғанның арасы бұрынғыдан да бұлыңғыр бола түсті.

Фото: Видеодан скриншот

Тағы да оқыңыз: