Kyzylorda-news.kz. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шенеуніктерді қысқартуды тапсырды. Бұл туралы ол Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына жолдауында айтты.
Жолдау барысында Президент ықшам мемлекеттік бағдарламаларға көшу керегін ескертті.
“Үлкен көрсеткіштері мен индикаторлары бар мемлекеттік бағдарламаларды дайындауды тоқтату керек. Барлық тұрғынға түсінікті ықшам ұлттық жобаларға көшетін сәт келді. Күрделі өзгерістер мемлекеттік аппараттың қызметін қайта қарауды қажет етеді. Мұнда реформаны жоспарлау мен жүзеге асыру синергиясы маңызды мағынаға ие”, – деді Тоқаев.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы шенеуніктерді биыл 10, келесі жылы 15 пайызға қысқартуды тапсырды.
“Мемлекеттік қызметтің жүйесін қайта қарау керек. Пандемия мен мемлекеттік органдағы көптеген қызметкерді қашықтан жұмыс істеу режиміне ауыстыру мемаппаратты қысқарту керек екенін көрсетті. Мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік секторын қысқарту мерзімін жылдамдатуды тапсырамын. Биыл олардың санын 10 пайызға қысқарту қажет. Келесі жылы тағы 15 пайызға қысқарту керек. Осылайша, шенеуніктерді 25 пайызға қысқарту тапсырмасын 2021 жылы шешіп боламыз. Нәтиже мен цифрландыруға байланысты тағы да қысқарту мәселесін қараймыз. Үнемделген қаражат арқылы қалған қызметкерлердің жалақысы арттырылады”, – деді ол.