Kyzylorda-news.kz. Бүгін «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының орынбасары Алтынбек Жарылқасынов үкіметтік емес ұйым мүшелерімен кездесіп, «Nur Otan» партиясының ішкіпартиялық іріктеуі аясында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.

Бүгінде Елбасы, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Nur Otan»-ның партияішілік сайлауына қатысуға бүкіл ел бойынша үміткерлерді ұсыну мен тіркеу жүріп жатыр.

17 тамыз күні басталған бұл жұмыстар аясында облыс бойынша 399 үміткер ұсынылып, олардың 351 кандидат ретінде тіркелген. Әйел азаматтар мен жастардың белсенділігі өте жоғары. Мәселен, 399 үміткердің 133-і әйел азаматтар. Арасында көп балалы аналар да бар. 35 жасқа дейінгі жастардың үлесі 24 пайызды құрайды. Бастауыш партия ұйымдарынан 132 азамат ұсынылса, қалған 267 үміткер өз-өзін ұсынушылар.

Кездесу барысында филиал төрағасының орынбасары Алтынбек Жарылқасынов коронавирус пандемиясына орай праймериз жұмыстары барысыда қауіпсіздік шаралы қатаң ескеріліп отырғандығын айтты.

“Бәріміз үшін ең алдымен азаматтарымыздың денсаулығы мен амандығы маңызды. Қазіргі эпидемиологиялық ахуал белгілі бір шектеулер тудырып, праймериз өткізу үшін тиісті жағдай жасауды талап етуде. Осыған орай Партия Төрағасының тапсырмасы бойынша веб-портал мен мобильді қосымшадан тұратын «Праймериз» ақпараттық жүйесі әзірленді.Бұл жүйе партияішілік іріктеудің барлық кезеңін өткізуге мүмкіндік береді, оның ішінде тіркеуді, үгітті және дауыс беруді онлайн режимде өткізуге болады. Жүйе қолдануға жеңіл, сайлаушының «таңдау құпиясын», сондай-ақ сырттан араласудан қорғауды қамтамасыз етеді. Сондықтан іс-шаралардың басым бөлігін біз осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып өткізуге тырысудамыз. Сонымен қатар бүгін партияның Орталық аппараты бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетовамен бірлесіп Праймериз өткізу кезінде арнайы санитарлық-эпидемиологиялық талаптар енгізу туралы қаулы қабылдады.Мұнда партияішілік іріктеуге қатысушылар маскаларды, қолғаптарды, залалсыздандыру құралдарын пайдалануға, кемінде 2 метр ара-қашықтықты сақтауға, қол алысып амандаспауға және басқа да сақтық шараларын ұстану қажеттігі айтылған”, – деді А. Жарылқасынов.

Басқосуда үкіметтік емес ұйым мүшелері праймериз ережелеріне қатысты өздерінің ұсыныс-пікірлерімен бөлісіп, көкейтесті сауалдарына жауап алды.

Жиын соңында Алтынбек Жарылқасынов азаматтық сектордың белсенді өкілдерін партия қатарына қосылып, ашық бәскеде бақ сынауға шақырды.

Праймериз ережелеріне қатысты primaries.kz және nurotan.kz сайттарынан толығырақ таныса аласыз.

Тағы да оқыңыз: