Kyzylorda-news.kz. Елбасы жариялаған «Елдіктің жеті тұғыры» қағидаты маңызды, ауқымды, терең еңбек. Бұл қағидаттар жиынтығын «Жалпыға ортақ еңбек қоғамы», «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақалалары мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының заңды жалғасы деп қарастыру орынды. Себебі, елдікті тұғырлы етіп, дара жолға салу бүгінгі буынға жүктелген үлкен жүк болса, осы аманатты орындауда Тұңғыш Президенттің тұжырымы бағдаршам болады.

Бірінші басымдық әрі басты тұғыр – Тәуелсіздік.
«Тәуелсіздік – кез-келген азамат үшін ең қастерлі құндылық. Тамыры терең тарихымызға құрметпен қарап, мемлекеттілігімізді қадірлеу, оны көздің қарашығындай қорғау – әрбір қазақстандықтың міндеті»,- дейді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Расында, Тәуелсіздік – баға жетпес құндылық, қымбат қазына. Олсыз бүгінгі жетістіктерге қол жеткізу мүмкін болмас еді.
Әрине, Тәуелсіздік туралы толғағанда, сан ғасыр бойы ата-бабаның арман-мұраты, қаны мен көз жасы ойға келеді. Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістен бастап 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына дейінгі жүздеген ірілі-ұсақты көтерілісте қаншама батырлар атқа қонып, елдікті тұғырына қондыру жолында шейіт кетті.
Сақ пен Ғұн, Түрік пен Қыпшақ, Ұлық Ұлыс пен Қазақ хандығы кезінде дәуірлеген Ұлы Дала елінде қайтадан Тәуелсіз ел орнап, өзінің мәмілегер, байыпты ұстанымымен әлемге танылды.
Ендігі кезекте, Елбасы айтқандай, Тәуелсіздікті нығайтуда – экономиканы нығайту маңызды. Бұл бағытта облыс әкімінің байыпты бағдарын басшылыққа алып, бірқатар бастамаларды іске асыру жоспары бар.
Әрине, әлеуметтің әлеуетін арттыруда инфрақұрылымды жетілдіруді жалғастырып – елді мекендерді газдандыру, сервистік ауыз сумен қамтамасыз ету, ауылішілік жолдарды асфальттау, көпірлерді жөндеу, электр жарығы желісін жаңарту және т.б жұмыстарды жүйелі жүргізуді қолға алатын боламыз.
Бірақ, бұл жұмыстарды жүргізуде бюджеттің кемелді болуы орынды. Ол үшін көлеңкелі экономикадағы қаржыны халықтың игілігіне бағыттау маңызды.
Бірінші кезекте, халықты жұмыспен қамту мәселесі бойынша біздер бүгінгі күнге дейін жұмыспен қамту орталықтарына жұмыс іздеп хабарласқандардың тұрақты немесе уақытша жұмыспен қамтылуы мен жұмыссыздық деңгейін бағалап қана келдік. Ойланып қарасақ, халықтың әл-ауқатын арттыру, кәсіпкерлікті қолдау, жас мамандарға жәрдемдесуге байланысты қаншама мемлекеттік бағдарламалар қабылдануда. Біз осы бағдарламаларды бір-бірімен байланыстыра отырып, бірінші кезекте халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар мен олардың еңбекке қабілетті отбасы мүшелерін мемлекеттік бағдарламаларға тарту, қатыстыру арқылы ол отбасының еңбекпен қамтылуына, табысының артуына, баспаналы болуына мүдделі болуымыз керек.
Алдағы уақытта біздер жергілікті атқарушы орган, осы бағытта мақсатты түрде жұмыс істеп, әлеуметтік жәрдемақыға сүйеніп масылдыққа бой алдырғандар мен жұмыс істеуге және кәсіппен айналысуға ниетті контингент санын айқындауды бастадық.
Екінші кезекте, ауданда шағын және орта бизнесті дамытуға байланысты бірқатар мемлекеттік бағдарламалар жұмыс істеуде. Осы бағдарламалардың орындалуына талдау (мониторинг) жүргізу барысында мемлекеттік бағдарламалар бойынша қаржыландыруға ұсынылып отырған кезектегі кәсіпкерлік субъектілері жобасының басым бөлігі (88 пайызы) мал өсіру, бордақылау сынды бағытта жүргізіліп келген. Бұл өз кезегінде экономиканы әртараптандыруға кері әсерін тигізуде.
Осыған орай біз ауданның географиялық орналасуы мен ондағы тұрғындар кәсібінің бейімділігіне қарай зерделеу жүргізе отырып, өз ауданымыздың 2024 жылға дейінгі даму жоспарын бекіттік.
Ондағы мақсат – өнеркәсіп, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, азық-түлік тауарларын, азық-түлік емес халық тұтынатын тауарлар өндірісін дамытумен қатар туризм және қызмет көрсету әлеуетін арттыру. Зерделеу нәтижесіне сәйкес бағдарламада ауданды – Сырдария, Қаратау, Орталық деп 3 агломерацияға бөлдік. Яғни, Сырдария агломерациясы егін өнімдерін өңдеуге, Қаратау агломерациясы мал өнімдерін өңдеуге, Орталық – туризм мен қызмет көрсету саласына бағытталатын болады. Даму жоспарына сүйене отырып, қаржыландырылуға ұсынылатын жобаларға келісім беру кезінде бағдарламада қабылданған критерийлері бойынша іріктелетін болады. Бұл дегеніміз, бірінші кезекте аудан дамуына тиісті үлес қосатын жобалар қаржыландырылса, экономиканы әртараптандыруға оң әсерін тигізеді деп жоспарлап отырмыз.
Үшінші кезекте, барлық өңірлерге тән ортақ мәселе бар. Ол – аудандық бюджеттен қаржыландырылатын жергілікті атқарушы органдардың Заңнамалық нормамен айқындалған құзіреттері шегінде функционалдық міндеттері бойынша атқарып отырған қызметіне сәйкес мәліметтер мен деректер ортақ бір қорға жинақталмайды екен.
Қолданыстағы автоматтандырылған бағдарламаларда (е-халық, еңбек-kz, әес баж) салалық мәліметтердің ғана қамтылуы, ауданның дамуын айқындау үшін ортақ мүдде, келісілген жоспардың түзілуіне кері әсер етуде. Әр мемлекеттік органның ақпараты жеке жинақталып, бір-бірімен ақпарат алмасу барысында түсінбестік немесе сәйкессіздік орын алады. Болмаған жағдайды бармақ басты, көз қыстылыққа салынып жасырып қалу жағдайы да орын алып жатады.
Сондықтан ауданның ақпараттық сараптамалық орталықтандырылған деректер қорын қалыптастыру үшін бағдарлама дайындап жатырмыз. Бүгінгі таңда жобаның үйлестіруші органы мамандандырылған ұйымдармен бағдарламаның алгоритмін жасауда.
2022 жылы бағдарламаны пилоттық жоба ретінде іске асыру жоспарлануда. Жоба іске асқанда не күтеміз?
Біріншіден, жергілікті атқарушы органдардың деректер қорын біртұтастандыру арқылы мәліметтер қоры нақтыланады.
Екіншіден, аудандық бюджеттің қосымша түсімдері көзін айқындауға мүмкіндік туындайды.
Үшіншіден, салықтық әкімшілендіру, салық базасын кеңейту, көлеңкелі экономиканың көлемін азайтуға болады.
Төртіншіден, азаматтардың міндетті зейнетақы қоры, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырумен қамтылуын арттыру, жұмыссыздықты төмендету, әлеуметтік жәрдемақыға мұқтаж нақты контингент санын анықтауға жол ашылады.
Бесіншіден, бюджет қаражатын тиімді әрі үнемді жоспарлауға қол жеткіземіз.
Аталған жоба іске асқан жағдайда алдағы жылдың бірінші жартыжылдығынан бастап нәтижесі көрінеді.
Жалпы Тәуелсіздік басты құндылық екенін әрбір адам қабылдаса, салықтан жалтару фактілері азаяр еді.
«Екінші. Бірлік пен келісім – елдігіміздің мызғымас тұғыры. Этникалық әралуандық – біртұтас ұлт ретінде қалыптасқан халқымыздың артықшылығы».
Ескіден қалған Бірлігі жоқ ел тозады, Бірлігі күшті ел озады» деген есті сөз бар. Халық ұлағатының философиялық мән-мағынасын тарқататын болсақ, үлкен монографиялық еңбекке арқау болары сөзсіз.
Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ ұлттардың бірлігі мен берекесін орнықтыруға күш салып, Қазақстан халқы ассамблеясын құрып, «бір халық – бір ел – бір тағдыр» идеясы ауқымында елдегі ұлттарды бір мүддеге жұмылдыра білді.
Біздің ауданда 17 ұлт өкілінің 551 адамы ғұмыр кешуде. Олар мемлекеттік қызмет білім беру, медицина, мәдениет, кәсіпкерлік және т.б салада жемісті еңбек етіп келіп, ауданның рухани-мәдени, әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамуына үлес қосып келеді.
«Үшінші. Жер – ата-баба мұрасы, халық қазынасы. Жерден қасиетті ешнәрсе жоқ. Қазақ үшін ел мен жер – тұтас ұғым».
Расында ел мен елдің, ру мен рудың арасындағы соғыс оты жер дауына байланысты тұтанып отырғанын тарихтан жақсы белеміз.
Шүкір, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен-ақ мемлекеттік шекараны шегендеп, халықаралық келісім-шарттарды бекітіп алды. Енді көрші елдермен қалыптасқан жақсы қарым-қатынасты одан әрі дамыту және ынтымақтастықты ұлғайту ісі алдымызда тұр.
Тағы бір мәселе – жайылымдық жерлер мәселесі жыл өткен сайын өзектілігін көрсетіп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, елді мекендерден бес шақырым радиусы төңірегінде жайылымдық жерге қалдыру бағытында зерттеу, зерделеу жұмыстары жүргізілді. Пилоттық жоба ретінде Қожакент ауылдық округін таңдап алып, жұмыстарды жүргізудеміз. Аудандардың арасында тұңғыш өңір ретінде кәсіпкерлік мақсаттағы жерді электронды сауда-саттыққа шығарып, ашықтықты қамтамасыз еттік. Бұл ретте Кентау қаласының оң тәжірибесін негізге алдық.
Төртінші тұғыр – отбасы құндылығы мен салт-дәстүрді жаңғырту.
Бесіншісі тұғыр – ұлттық мәдениетті ұлықтау.
Бұл үшеуі бір-бірімен тығыз байланысты, бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар.
Өнегелі отбасы – мемлекеттің тірегі, ал, салт-дәстүр – отбасының ділі мен діңгегі, мәдениет – осы екі құндылықтың жемісі, өзге халықтардан ерекшелейтін құндылығы.
Біздің ауданда бұл бағытта тыңдырымды тірліктер көп. Халықтық ұжымдар елдің рухани-мәдени тұрғыда сусындатып келсе, елді мекендерде кітапханалар заман көшіне сай қызмет етуді жолға қойды.
Биыл Павлодар облысының Успен ауданымен рухани-мәдени ынтымақтастық орнатып, біздің мәдениет қызметкерлері Ресеймен шекаралас ауданға барып, солтүстіктегі өнер майталмандары бізге келіп, тәжірибе алмасып, бірлесе жұмыс істеуге қол жеткізді.
Алтыншы тұғыр – білім мен еңбек.
ХХІ ғасырда бәсекеге қабілетті болудың жолы біреу ғана, ол – білімді қару етіп, еңбек майданында белсенділік таныту. Дамыған елдердің озық тәжірибесінен осыны көруге болады.
Елбасы Н.Назарбаевтың 2018 жылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауындағы тапсырмасына сәйкес, «Педагог мәртебесі туралы» және «Кейбір заңнамалық актілерге педагог мәртебесі, оқушы мен мұғалімге жүктемені төмендету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленді.
Бүгінде аталмыш заң қоғам талқылауынан өтіп, қабылданып, заңдық күшіне енді.
Сөйтіп мұғалімдік жұмыс – елдегі ең мәртебелі мамандықтың біріне айналды.
Бүгінгі талапкерлердің басым көпшілігі мұғалім болуды таңдауы соның айқын дәлелі.
Бұл жолда ұстаздарды заңдық тұрғыда қорғаудан бөлек, жалақысын бірнеше есеге көбейтіп, оларға жан-жақты жағдай жасауы түрткі болды.
Енді ұстаздар қауымы жауапкершілік жүгін терең түсініп, оқушыларға саналы білім беруге бар күш-жігерлерін салуы тиіс.
2020-2021 жылғы оқу жылы білім беру сапасының артқанын көруге болады. ҰБТ мектептердің білім көрсеткішін саралайтын негізгі тетік болмаса да, тестілеудің қорытындысы бойынша Қызылорда қаласынан кейінгі орын алуымыз, білім саласында ілгерушілік бар екенін көрсетеді.
Бұған мектептердің материалдық-техникалық базасы жақсара түсуі де оң әсер еткені анық. Бүгінде Жаңақорған кентінде МАИ бекеті аумағында 300 орындық, №169 мектептің 600 орынды жаңа ғимараты салынуда. Ипподром аумағында тағы бір 300 орындық мектептің құрылысы басталды. Алдағы уақытта Жаңарық, Байкенже елді мекенінде де жаңа мектептің құрылысын бастауға жұмыс жүргізетін боламыз. Облыста ашылған 7 жеке мектептің 4-уі Жаңақорғанда.
Жетінші тұғыр – прагматизм.
Бұл жөнінде Тұңғыш Президент: «Біз қолда бар ресурс пен мүмкіндікті пайдалануға, нәтижелі жұмыс атқаруға және көздеген мақсатқа тиімді қол жеткізуге тырысуымыз керек. Қазір елімізде жастардың өзін-өзі дамытуына, білімін жетілдіріп, сүйікті ісімен айналысуына мүмкіндік мол. Сондықтан прагматизм принциптері бойынша барынша қанағатшыл, үнемшіл, ұстамды болып, уақытты орынды пайдалануға талпынған жөн», – деді.
Жөн сөз! Бүгінгі қоғамның басты кемшілігі – прагматизм принциптерін ұстанбай, ысырапшылдыққа ұрынып жатуымыздан көруге болады. Мейлі той болсын, мейлі өлім-жітім болсын аста-төк ас мәзірін көреміз. Мұның арты отбасылық бюджетке салмақ түсіріп, тығырыққа тіреп жатады.
Міне, Елбасы елдікті тұғырлы етуде осындай жеті басым бағытты белгілеп берді. Мұны бағдаршам ретінде ұстансақ өркениет көшінде өзіміздің орнықты орнымызды тауып, дамудың даңғыл жолынан адаспайтынымыз анық.

Руслан Рүстемов,

Жаңақорған ауданының әкімі.

Тағы да оқыңыз: