Kyzylorda-news.kz. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен “Е-мүфтият” ақпараттық жүйесі құрылатын болды, деп хабарлады Sputnik Қазақстан.

Елордада өткен алқалы жиында Бас мүфтиге аталған жобаның жоспары таныстырылды.

“Е-мүфтият” ақпараттық жүйесіне имам-молдалардың білім деңгейі, ғылыми дережесі, ұлты, отбасы жағдайы, облыстағы мешіт саны, тағы басқа мәліметтер енгізілмек.

“Қазір электронды технологияның дамыған заманы. Әлем электронды жүйеге көшу үдерісінде. Біз, дін қызметкерлері бұл тенденциядан қалыс қалмауымыз қажет. “Е-мүфтият” ақпараттық жүйесі жұмыс тиімділігін арттырумен қатар, ҚМДБ Орталық аппаратының кадр қызметін оңтайландыруға оң ықпал етеді. Сондықтан осы жобаны жетілдіріп, іске қосуды тапсырамын”, – деп атап өтті Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Айта кетейік, Наурызбай қажы Тағанұлы 7 ақпан күні Нұр-Сұлтан қаласында өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кезектен тыс ІХ құрылтайында Бас мүфти қызметіне сайланды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы Әзірет-Сұлтан мешітіне барып, жаңадан сайланған Бас мүфтиді жаңа қызметімен құттықтап, алдағы қызметіне табыс тіледі.

Кездесу барысында елдегі татулық пен тұрақтылықты сақтау, дін арқылы азаматтарды келісім мен ынтымаққа шақыру, рухани бағдар беру қажеттілігі мен  жат діни ағымдардың зиянды әрекеттері жайында айтылды.

“Халықты татулыққа, бірлікке, пәтуаға шақыру керек. Қазіргі уақытта дүние жүзінде әртүрлі жат үдерістер пайда болып жатыр. Сондықтан бұған тыйым салып, жол бермеуге тиіспіз. Ел мүддесіне қызмет етіп, осы бағытта дұрыс үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу қажет”, – деді Тоқаев.

Тағы да оқыңыз: