Kyzylorda-news.kz. «Рухани жаңғыру» Мемлекеттік бағдарламасына биыл 3 жыл толып отыр. Осы азғантай уақыт бедерінде аталған бағдарлама қазақ қоғамына не берді деген сауал әрбір саналы азаматтың көкейінде жүрері анық. ҚР Республикасының Мемлекеттік хатшысы, белгілі қоғам қайраткері Қ.Е.Көшербаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Ұлтты ұлы мұраттар алға жетелейді» атты мақаласы осы сауал төңірегінде салиқалы сөз қозғай отырып, бағдарлама аясында алдағы атқарылар жаңа міндеттер жайында ой бөліседі.

Қырымбек Елеуұлы идеология саласында ту бастан араласқан кәсіби маман ретінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының ұлтқа қажет ұтымды тұстарына терең мән берген. Расында, соңғы жылдары республикамыз бойынша Елбасының аталған мақаласы негізінде қабылданған мемлекеттік бағдарлама көлемінде атқарылып жатқан игі істер мен ілкімді шаралар аз емес қой. Осы орайда Мемлекеттік хатшының мына тұжырымдары ден қоярлық: «Ғасырлар тезінде жоғалтқанымыздың көп екенін ескерсек, рухани дамып, қоғамдық сананы жаңғыртып, ұлттың идеологиясын өрістетуде 3 жыл көп уақыт емес. Сайып келгенде, халықтың рухани жаңғыруы – мәңгілік жүретін процесс. Бүгінгі күні Бағдарламаның 6 бағыты бойынша 13 арнайы жоба іске асырылып жатыр. Ұлттық құндылықтарды жүйелеп, салт-дәстүрімізді, руханиятымызды ұлықтау мақсатында атқарылған шаруа ұшан-теңіз». «Ұшан теңіз» деп ауыз толтыратындай ауқымды шаруалардың атқарылып жатқаны да шындық.

«Рухани жаңғырудың» Тұңғыш президентіміз атап көрсеткен басты бағыттары: бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, революциялық емес, эволюциялық даму, сананың ашықтығы секілді 6 бағыты бойынша жүзеге асырылып жатқан рухани-мәдени шаралардың молдығы көңіл көншітерлік. Біткен іске сыншы көп. Кемшіліктері болуы мүмкін. Бірақ ел санасын жаңғырту жолында істеліп жатқан сапалы әрі маңызды іс-шаралар да жетерлік. Аталған 13 арнайы жоба шеңберінде шешімін тауып жатқан түрлі деңгейдегі рухани, тарихи, мәдени-әлеуметтік кіші жобаларды да ескеру керек. Мәселен, елімізде жастарға қамқорлық, еріктілер қозғалысы, отбасылық дәстүрді сақтау, ауылға бетбұрыс, ақын-жазушыларымызды қолдау, ішкі және сыртқы туризмді дамыту, ұлттық тарихымыз бен жалпы ұлттық мәдени-рухани санамызды жаңғырту бағытында жасалып жатқан үлкенді-кішілі шаралар жай ғана жалаң сөз емес, ел келешегі үшін игі ниеттен туындаған ізгі мақсаттың нәтижесі. Бұл айтылғандарға Мемлекеттік деңгейде қолға алынып, сатылы түрде жүзеге асырылып жатқан «100 жаңа оқулық» және «Ұлттық жазуымызды біртіндеп латын әліпбиіне көшіру» секілді іргелі жобаларды қосқанда «Рухани жаңғырудың» мәртебесі биіктей түсері хақ.

Тәуелсіздік жылдары ұлт қаламгерлерінің шығармашылық тұрмысы мүшкіл халге түскені жасырын емес. Жазушы қауым капитал қоғамының қатал талаптарына икемделе алмай көп мехнат тартты. Ал өткен 3 жылда мемлекетіміз ұлт әдебиетіне оң көзімен қарап, жанашырлық ниетін іспен дәлелдегеніне күллі әлем куә. Қ.Елеуұлының: «Үш жыл бұрын «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жарық көрген сәтте ұлт руханияты төңірегіндегі тұлғалардың қуанышы есімде. Қараусыз баладай қалған әдебиетіміздің бойына қан жүгіріп, зиялы қауымның күпті көңілі бір серпілген еді. Содан бері ұлттық әдебиет өрісін кеңейтуге арналған шаралар тоқтаған емес. Атап айтқанда, 2018-2019 жылдары алғаш рет қазақстандық авторлардың таңдаулы әдеби шығармаларын (поэзия және проза бойынша) БҰҰ-ның 6 тіліне аудару жобасы іске асырылды. Қазіргі қазақ поэзиясының антологиясы мен қазіргі қазақ прозасының антологиясы БҰҰ-ның 5 тілінде шығарылды», – деп ағынан жарылуы да соның айқын айғағы. Мемлекеттік хатшы сонымен қатар балалар әдебиетінің алтын қоры құрылғанын және осы тақырыпта жазатын жазушыларға арнайы гранттар бөлу қарастырылғаны айтады. «Бала – біздің болашағымыз» дейтін ұлт үшін бұл да «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы айта қаларлық әдеби-мәдени шаралардың бір парасы ғана.

Сағат сайын құбылған қазіргі кезеңде сандық технологияның маңызы күннен күнге арта түсуде. Осы орайда «Рухани жаңғыру» бағдарламасын насихаттау бағыты да сандық форматқа жедел көшуді қолға алып отыр. Алдағы уақытта жұмыстың басым бөлігі әлеуметтік желі, электронды БАҚ және онлайн-платформалар негізінде жүргізілмек. Ол үшін үнемді әдеттер қалыптастырып, қаржы, құқықтық және медиасауаттылық деңгейін арттыру мақсатында тәжірибелік кеңестер беретін аудиоподкасттер мен бейнеконтент құрастырылған. «Бұл тұрғыда ақпараттандыру жұмыстарына да жете мән беріліп отыр. Қоғамдағы өзекті ойлар, дәстүр мен ғұрпымыздың бүгінгі көрінісі, ұрпақ тәрбиесіне қатысты келелі әңгімелер, танымдық мақалалар мен сүбелі сұхбаттарды біріктірген Ruh.kz порталы ашылып, сәтті жобаларды жүзеге асырып жатыр. Портал құрамындағы мәдени шараларды біріктіретін «Этноген» сайты халықты жақсы жаңалықтарымен сусындатып отыр», – дейді Қырымбек Елеуұлы. 

Пандемия қасыреті көптеген мемлекеттердің шаңырағын шайқалтып, ел экономикасы мен қарапайым халыққа ауыр бейнет тартқызып отыр. Бұл қатерлі вирустың әлегі Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Еліміздің бірқатар ірі қалалары мен елді мекендері карантин жағдайында өмір сүруде. Елдің де, ердің де сыналар кезі туған күрделі уақытта ұлт бірлігі мен қоғамдық тәртіптің аса маңызды екендігі айтпаса да белгілі. Алайда кейбіреулер өз басын ғана ойлап, жалған дақпырт пен бір сәттік пендеуи көңіл-күйдің жетегінде кететіндігі өкінішті! Мемхатшы бүгіндері әлемді жайлаған коноравирус індетінің салдарынан туындайтын бірнеше маңызды мәселеге тоқталған. Автордың: «Жаһандық пандемия адамзатқа табиғат алдындағы ұмытқан борышын да еске салды. Отбасылық құндылықтың, туыстық қатынас пен бауырмалдықтың, дәстүрлеріміз бен рухани мұрамыздың қадірін түсіндірді. Мұндайда бақтың тек бағалай білгенге қонатынын ұғынамыз», – деген сөздерінде үлкен астар жатыр. Қырымбек Елеуұлы жазып отырғандай, руханият пен мәдениетке, білім мен ғылымға көңіл бөлу – ұлтты алға ілгерілететін негізгі күш. Рухани қазынамыздың кемел болғаны халық үшін де, қоғам үшін де маңызды. Қоғам қайраткерінің мақаласында ендігі жерде ғылым мен білімге, медицина мен рухани сананың жаңғыруына ерекше көңіл бөлу қажеттігіне баса назар аударылған.

«Бір ақиқат бар: енді әлем бұрынғыдай болмайды… Иә, тереңнен толғап, арыға үңілсек санамызда сілкініс, қоғамда үлкен қозғалыс қажеттілігін пайымдаймыз. Қоғамдық санада көзқарастар жаңғырып, құндылықтарды бағалау көрсеткіші де ауысуда. Әлемді жаппай жаулаған дағдарыс дауылы жаһанды күйзеліске ұшыратты. Бірақ әрбір аласапыранның артында дамудың даңғыл жолы жатады емес пе? Тоқырау кезеңі орта және шағын бизнестің жаңа тынысын ашып, отандық өнімнің өрісін кеңейтері анық. Берілген қолдау мен мүмкіндікті ұтымды қолданар сәт келді», – деген тұжырымдары арқылы автор ұлт келешегіне алаңдаулы ел азаматының позициясын айқын аңдатқан. Әлбетте, бүгінгі әлемді жайлаған жайсыз ахуал елдің экономикасына ғана емес, рухани жан дүниесіне де орасан әсер етуде. Мұндай сын сағатта ұлтын сүйетін Қырекеңдей текті тұлғаның тебіренбей, толғанбай қалуы мүмкін бе?

Мемлекеттік хатшы әр саладағы түйткілді мәселелерге жеке тоқталып, олардың ең маңызды бағыттарына қатысты орнықты ұсыныс, ойлы пікірлерін білдіріпті. Солардың арасында өзіме ұнаған тағы бір мәнді тақырып – автордың ұлттық идеология туралы толғаныстары болды. Шындығында, Қазақ елінің «алдымен экономика» саясатының тасасында үнемі елеусіз қала беретін ұлттық идеологиясы алдағы кезеңде қандай болатындығы ел зиялыларын ғана емес, көзі ашық халықты түгелдей толғандырып отырғаны даусыз. «Бір ел, бір мүдде», «Біз біргеміз» деген ізгі ұранды ту еткен елдің ендігі ұрпақтарының басын қандай ұлттық идея біріктіре алады? Бұл орайдағы Қырымбек Елеуұлының көзқарасы көптің көңілінен шығарлықтай көрінеді.

«Ұлттық сана – адамды мемлекетімен, қоғамымен біріктіріп отыратын рухани феномен. Сондықтан ұлттық идеологияның болашағын қоғам талқысына салу – ең дұрыс шешімдердің бірі. Жаңғырудың қадамдарын халық саналы түрде өзі таңдауы тиіс. Осы мақсатта «Азаматтық алаң» пікірталас клубы жұмысын бастады. Рухани өркендеуіміздің, мұрамызды ұлықтап, құндылықтарымызды жаңғыртуға қатысты барлық тақырыптар ұлт зиялылары мен ғалымдар, жастар мен әлеуметтік топ өкілдерінің талқысына түседі. Аға буын мен жастардың өзара үндестігі, сабақтастығы жалғасады», –дейді Мемлекеттік хатшы. Сөз жоқ, дәл бүгінгідей алмағайып дәуірде ұлттық идеология мемлекетке де, сол мемлекеттің негізін құраушы қазақ халқына да ауадай қажет. Ал шын мағынасындағы нағыз ұлттық идеологияны қалыптастыру қазақ қоғамындағы рухани сананың толықтай түлеп, қайта жаңғыруымен тығыз байланысты деп ойлаймын. ҚР президенті Қ.К.Тоқаевтың «толық адам» концепциясы жайындағы ұлы Абайдың ойларына жүгінуі де осының жарқын дәлелі. Демек, «Рухани жаңғыру» дегеніміз – ұлтты ұлы мұраттарына жетелейтін ұлағатты жол. ҚР Мелекеттік хатшысы Қ.Е.Көшербаевтың аталған мақаласын оқығанда көңілге түйіп, хатқа түсірген алғашқы ой-әсеріміз осындай болды.

Серікбай ҚОСАН,

ақын, түркітанушы,

Қызылорда облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім меңгерушісі

Тағы да оқыңыз: