Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының Дін мәселелерін зерттеу орталығы өзге облыстардағы мамандармен тәжірибе алмасу мақсатында «Дерадикалдандырудың заманауи тәжірибелері» тақырыбындағы республикалық семинар-тренинг өткізді.

Оған облыстық ішкі саясат басқармасының қызметкерлері мен Қызылорда қаласы мен аудандардағы ішкі саясат бөлімдерінің теолог мамандарына, мешіт имамдары, АТТ мүшелері, Қызылорда облыстық ҚАЖД-нің, Қызылорда облыстық Полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлеріне, орталықтың теолог мамандары қатысты.

Бұдан бөлек аталған шараға Батыс Қазақстан олбысы мен Шымкент қаласының Дін мәселелерін зертеу орталықтарының теолог мамандарын қатысты. Семинарды облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов ашып, бүгінгі шараның деструктивті діни ағымдардың алдын алуға және мемлекеттік дін саясатын түсіндіруде таптырмас құрал болатындығын жеткізді. Мұнан соң сөз алған «Нұрлы білім» Қоғамдық бірлестігінің теолог маманы Р.Сыздықов «Жалған діни уәжденген экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған базалық ақпарат» тақырыбында баяндама жасады.

«Діни мәселе тек бізді ғана емес, бүкіл әлем елдерінің бас ауруына айналған ауқымды мәселе. Сондықтан бұл проблемаға келгенде әркім әрқандай тәсілге жүгінеді. Ал, қазақ қоғамы үшін ұлттық тәрбие адастырмайтын бағыт. Әр қазақ ұлы Абайды жете таныса, Ыбырай Алтынсариннің өлеңдерін жатқа білсе, Шәкәрімнің шығармашылығын оқыса, бүгінгідей адасу бізде болмас еді», – дейді Рүстем Мәлікұлы.

Семинар-тренингте «Тұлғалық даму мектебі» отбасылық орталығының жетекшісі Лимана Қойшиева «Діни экстремизмнің психологиялық себептері мен алдын алу» тақырыбын сөз етті. Оның айтуынша деструктивті діни ағымдардың тұзағына білімі таяз адамдар тез түсетін көрінеді. Сондай-ақ кейбір отбасылардағы экономикалық қиыншылықтар жат ағымдардың жетегіне кетуге себеп болады екен. Оның алдын алу үшін бала тәрбиесіне ата-ана жіті мән беру керек дегенді айтады.

Шара барысында Шымкент қаласы мен Батыс Қазақстан облысынан келген теолог мамандар да тәжірибелерін ортаға салды. Қатысушылар баяндамашыларға сауалдарын қойып, өзара пікір алмасты.

Тағы да оқыңыз: