Kyzylorda-news.kz  Құтқарушы – ең қауіпті мамандықтың бірі. Сондықтан оларды бейбіт күннің батыры десе де артық етпейді. Себебі қоғамдағы түрлі апаттық жағдай орын алған сәтте өз өмірін қауіпке тігіп, өзге адамның өмірін сақтауды борышы санайды. Жұмыс барысында ажалмен бетпе-бет келетін олар талай жанға қайта өмір сыйлады. Ерлікке толы еңбегінің арқасында елдің алғысына бөленіп, адал еңбек атқарып келе жатқан қиын да қызық мамандық иесі ТЖД дағдарыс жағдайларында басқару басқармасы бастығының міндетін атқарушы Исабек Досжан.
Кейіпкеріміз 18 жыл дағдарыс жағдайында басқару басқармасында жедел кезекші ретінде қызмет атқарған азаматтық қорғау подполковнигі. Оның басты міндеті – соғылған қоңыраудағы мәліметті жылдам зерделеп жауап беру және көмек күткен азаматтарға құтқару жұмыстарын ұйымдастыру. Осынша жылдар бойы бір салада не себепті қызмет атқарғанын кейіпкеріміз әңгіме барысында айтып берді.
– Бір салада ұзақ жыл жұмыс істеуімнің себебі – қиналғанға көмектескім келді, «өрт сөндіруші, құтқарушы, азаматтық қорғау органының маманы» деген мен үшін мәртебесі жоғары қызмет. Жұртқа мейірімің мен қайырымың, қызметің пайдалы болса, адамдардың алғысы мен батасы өміріңде өнегеге айналады, – дейді кейіпкеріміз.
Одан бөлек қызмет барысындағы түрлі оқиғалармен бетпе-бет келетінін айтып қана қоймай, өзінің жадында қалған оқиғасымен бөлісті.
– 2016 жылы маусым айында Қызылорда қаласындағы Ә.Бөкейхан көшесі №76 мекен – жайда орналасқан бұрынғы ұшқыштар жатақханасындағы бір бөлмеден өрт шығып, сол өртті адам шығынынсыз жоюға атсалыстық. Шамамен он шақты тұрғынды тілсіз жаудан құтқарып, отыздай адам қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Әрине, мұның бәрін бір өзім атқардым деп айта алмаймын. Азаматтық қорғау саласының қызметі – жеке құрамның жауынгерлерімен бірге атқаратын қызмет. Сондықтан да ұжымның ауызбіршілігі аса маңызды. Төтенше жағдайдың алдын алу мен жоюда қызмет кезінде әрбір кәсіби маман өз жұмысының жауапкершілік жүгі мен елдің игілігіне қажеттілігін айқын сезінеді, – дейді Исабек Досжан
Жылдар бойы дағдарыс жағдайында басқару басқармасында жедел кезекші қызметін атқарған кейіпкеріміздің еңбегі еленіп, 2013 жылы Төтенше жағдайлар министрлігінің ІІІ-дәрежелі «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызмет» медалін алған. 2016 жылы «Төтенше жағдайлар комитетіне – 20 жыл» мерекелік медалін алса, 2017 жылы «Құтқару операцияларына белсенді қатысқаны үшін» төс белгісімен марапатталды. Ал 2018 жылы ІІ дәрежелі «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі» мен сол жылы «Өртке қарсы қызметіне – 100 жыл» мерекелік медалі берілген. 2020 жылы Қазақстан Республикасының «Азаматтық қорғау органдарына – 25 жыл» мерекелік медалі және ІІІ дәрежелі «Құтқарушы» төсбелгісін иеленді.

Тағы да оқыңыз: