Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданында қоғам өмірінің қалыпты болуы үшін ерен еңбек етіп келе жатқан сала көп. Сондай салалардың бірі – Ұлттық сараптама орталығының Қазалы аудандық бөлімшесі десек артық айтқанымыз емес. Жақында тұрғындардың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын сақтауда көптеген жылдардан бері қалтқысыз қызмет қылып келе жатқан орталық басшысымен сұхбаттасып, мекеменің өткенін өлшеп, алға қойған мақсат-жоспарын біліскен едік.
– Азиза Итешқызы, білуімізше, Ұлттық сараптама орталығы – дәл нәтиже алу үшін көптеген процестер мен процедуралар жүргізілетін үлкен зертханалық желі. Жалпы, орталықтың қызметі туралы толыққанды айтып өтсеңіз...
– Иә, Ұлттық сараптама орталығы қызмет аясы кең және денсаулық сақтау жүйесінің маңызды бөлігі болып табылады. Біздің басты міндетіміздің бірі – халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету. Бір сөзбен айтқанда, бұл – жоғары кәсібилікпен қатар табандылық, шыдамдылықты қажет ететін күрделі іс.
«Ұлттық сараптама орталығы» Қазалы аудандық бөлімшесінде Санитарлық-гигиеналық зертханасы, электромагнитті өлшеулер, ұлы заттар анықтау зертханасы, бактериологиялық және паразитологиялық зерттеулер зертханасы, радиологиялық зертханалар, аса қауіпті инфекциялар және ауыр металлдар тұздары, ауадағы зиянды заттарды анықтайтын зерттеулер жасалады. Бұдан бөлек, дезинфекция, дезинсекция және дератизация қызметтері, паразитарлық және аса қауіпті аурулардың тасымалдағыштарына (кене, маса, москит) қарсы энтомологиялық бөлімдері жұмыс жасаймыз.
Мұнда мамандар жоғарыда аталған іс бойынша әртүрлі міндет атқарады. Соның ішінде, дезинфекциялық қызметтердің жұмысын ерекше атап өткім келеді. Олар аптасына жеті күн дезинфекциялық өңдеу жүргізеді, ал, төтенше жағдай кезінде жұқпалы ауру аймақтарында тәулік бойы халыққа қызмет етеді. Сонымен қатар, мамандар халықаралық стандарттар мен ережелерге сәйкес азық-түлік және азық-түлік емес тауарлардың сапасын зертханалық талдаудың принциптері мен әдістерін енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
– Түсінуімізше, орталық қалыпты жұмыс жасауы үшін мамандардың біліктілігі мен бөлімшенің халықаралық стандарттарға сай болуы маңызды. Жалпы Халықаралық стандартқа сайсыздар ма?
– Ең әуелі, біз аудан көлемінде жоғары санатты, тәжірибесі мол мамандармен жұмыс жасайтын Халықаралық стандарттарға сәйкес аккредиттелген жалғыз зертхана екенімізді мақтанышпен айтқым келеді.
Жалпы, «Ұлттық сараптама орталығы» Қызылорда облысы бойынша Қазалы аудандық бөлімшесі Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 5 шілдедегі N 61-IV Заңына сәйкес Қазақстан Респуликасының аккедиттеу жүйесінде «Сынақ және калибрлеу зертханаларының құзыреттілігіне қойылатын жалпы талаптарға сәйкес тіркеуден өтіп, аккредиттеу аттестатын алдық.
«Қазақстан Республикасының Биологиялық қауіпсіздігі туралы» заңның 31-бабының 1-тармағына сәйкес «Биологиялық қауіпсіздік туралы» 21.05.2022 жылы шыққан 122 –VII бұйрығына сәйкес «ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінен арнайы құрылған режимдік комиссия рұқсатымен III-IV топтық патогендік биологиялық агенттермен жұмыс жасауға диагностикалық зерттеулерге рұқсат құжаттамамыз да бар.
– Өткен жыл Қазалы ауданына қарасты көптеген мекеме орындарына жемісті болды. Ал, сіздер үшін ше?
– Әрине, жемісті болды деп айта аламын. Мәселен, өткен жылдың жетістіктерінің бірі – «Ұлттық сараптама орталығы» Қазалы аудандық бөлімшесі (СЭС) ғимараты 2023 жылы арнайы зертханаларға сай келетін санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес үлкен күрделі жөндеуден өтті.
Бөлімше облыстық филиал тарапынан 10 жаңа қондырғылармен жабдықталды. Атап өтсек, атмосфералық ауадағы зиянды, улы заттарды анықтайтын ГАНК-4 қондырғысы берілді. Бұдан бөлек, Қазалы, Арал, Қармақшы аудандары көлемінде мониторингке сәйкес жоспарлы жұмыстар атқарылуда, зерттеу мүмкіндіктері кеңейіп, зерттеу нәтижелері жақсаруда. Қазалы аудандық бөлімшесі ұйымдастыру іс шараларын жоспардағы басым бағыттарға сәйкес 100 пайызға атқарды.
– Жоғарыда мекеменің күрделі жөндеуден өткендігіне тоқталдыңыз. Осыған орай «Ұлттық сараптама орталығы» Қазалы аудандық бөлімшесінің қызметінде өзгерістер бар ма? Жалпы, клиникалық-диагностикалық тексерулерді (медосмотр) жүргізіп жатырсыздар ма?
– Өте орынды сұрақ. Орталық – Әйтеке би кенті, Жалаңтөс бахадүр 42 мекен-жайы бойынша бұрынғы атауымен (СЭС) екі қабатты ғимараттың бірінші қабатында СЭББ мекемесімен бірлесе орналасқан.
«Ұлттық сараптама орталығы» Қазалы аудандық бөлімшесі (СЭС) басқа мекен-жайға көшпегенімізді, өз орнымызда екенімізді айта кетейін, сондай-ақ халыққа көрсететін қызметтер тізіміне де тоқталсақ. Мұнда клиникалық-диогностикалық зерттеулер, медициналық бақылау бактериологиялық және паразитологиялық зертханасында алдын ала бақылап-тексеру (медосмотр), науқаспен қарым-қатынаста болған адамдардан, лагерьге баратын балаларға микробиологиялық зерттеулер жасалуда.
Тағы дезинфекция, дезинсекция және дератизация қызметтері, паразитарлық және аса қауіпті аурулардың тасымалдағыштарына (кене, маса, москит) қарсы қызметтерін жүргізу мен мемлекеттік тіркеу кезінде сараптамалық қорытынды, гигиеналық оқыту және өндірістік бақылауға отырғызу қызметтері жүргізіліп жатыр.
– Өндірістік бақылауға не жатады? Түсіндіріп өтсеңіз...
– Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық жағдайын жақсарту мақсатында азық-түлік өндіру, жүзеге асыру, оны сақтау және тасымалдау барысында заңды, жеке тұлғалармен ұйымдастырылып, өткізілетін іс-шараларды орындау кезінде санитариялық-эпидемиологиялық ережелердің қадағалануын бақылауды өндірістік бақылау дейміз. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2023 жылғы 7 сәуірдегі 62 бұйрығымен бекітілген «Өндірістік бақылауды жүзеге асыруға қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидасын орындау организацияларға міндеттелген, яғни, бізге де.
Жалпы, мақсатына келер болсақ, тамақтан улану, жіті ішек жұқпалары және жұқпалы емес аурушаңдықтардың алдын алу, объектідегі санитарлық заңбұзушылықтарға жол бермеу және заңнамада қарастырылған санитариялық-эпидемиологиялық іс-шараларды орындау жатады. Тағы қоғамдық тамақтану орындарында жүзеге асырылатын азық-түліктердің сапасын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету де бар.
Осы талаптарды орындауда аудан көлеміндегі барлық мемлекеттік мекемелер және өнеркәсіптік кәсіпорындар (оның ішінде радиациялық объектілер), тамақ өнімдерін өндіру объектілері, коммуналдық нысандар сынды орындар өндірістік бақылаудан өтуі керек. Өндірістік бақылаудың құны зерттеу көлеміне байланысты және тікелей зертхана прейскуранты бойынша қанша тұратыны туралы «Ұлттық сараптама орталығы» Қазалы аудандық бөлімшесінің мамандары толық ақпаратымен қамтамасыз етіледі.
– Соңғы уақытта елде ауызсу тапшылығын айтпағанда, оның әр өңірде әртүрлі, ластануы өзекті мәселе болып отыр. Қазір Қазалы аудандық сараптамалық орталық ауызсудың жағдайын қалай зерттеп жатыр? Мұнда қандай мәселелер бар?
– Зертхана мамандары ағымдағы соңғы екі жылда ауыз су сапасына мониторинг жүргізу аясында суға санитарлық-химиялық сараптама жүргізді. Сол зерттеулер нәтижесінде 2022 жылы 322 сынаманың 21-і сәйкессіз болса, 2023 жылы 352 сынаманың 2-еуі сәйкессіздік көрсеткен. Судың санитарлық-химиялық зерттеулерінен басқа, ауызсудың қауіпсіздігінің бактериологиялық, вирусологиялық және радиологиялық көрсеткіштеріне мониторинг жүргізіледі. Бактериологиялық зерттеулер зертханасы 2022 жылы 280 сынаманың 28-і сәйкессіздік көрсетсе, 2023 жылы 405 сынамадан сәйкессіздік анықталмаған. Бұл көрсеткіштерге қарасақ, ауданда 2023 жылы су сапасының жақсарғанын байқауға болады.
– Орталық басшысы ретінде мекеменің биылғы жылға, алға қойған мақсат-міндеті, жоспарымен бөліссеңіз...
– Біз алдағы уақытта да, қоғамдық денсаулық сақтау қызметі бола отырып, азаматтардың денсаулығы мен өмір сүру сапасын жақсарту, сонымен қатар, денсаулық сақтау жүйесін әрі қарай дамыту мақсатында халықаралық стандарттарға сәйкес, сапалы және қажетті қызметтерді ұсынатындығымызды айтқым келеді.
– Сұхбатыңыз үшін рахмет!