Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында 2022 жылғы 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуды сипаттайтын бірқатар макрокөрсеткіште өсім қалыптасты. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 0,1%-ға (163,0 млрд теңге), инвестициялар тарту 25%-ға (290,9 млрд теңге), пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 5,5%-ға (556,4 мың шаршы метр), құрылыс жұмыстарының көлемі 22,9%-ға (98,6 млрд теңге) және сауда көлемі 2,3%-ға (495 млрд теңге) артты. Нәтижесінде Қызылорда облысы республика өңірлері арасында үздік бестік қатарына кірді (Қостанай, Ақмола, Жамбыл, ШҚО облыстарынан кейін).

Өнеркәсіп өндірісінде көрсеткіш 1,3%-ға төмендеді (854,2 млрд теңге). Бұл негізінен мұнай кен орындарының суалуы, тозуы салдарынан мұнай өндіру көлемінің 7,8%-ға (207 мың тоннаға азайған) төмендеуінен болып отыр.

Экономикалық даму деңгейін сипаттайтын көрсеткіштер: жалпы өңірлік өнім көлемі 2022 жылдың І жартыжылдығында 1 009,1 млрд теңгеге жетіп, өсім 1,2%-ды құрады. Ал жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім көлемі 1 222 мың теңгені құрады.

Әлеуметтік-экономикалық даму жолында қабылданған шаралар

Өңірлік экономика құрылымын әртараптандыру, шикізаттық емес секторды (өңдеу саласы) дамыту шаралары жалғасып жатыр. Индустрияландыру бағдарламасы аясында облыс орталығында шыны зауыты іске қосылып, өнім өндіріліп жатыр. Биыл 40 мың тонна шыны шығару жоспарда бар. Алдағы міндет – өңір экономикасының өсуіне серпін беретін бұл өндірістің жобалық қуаттылыққа шығуын қамтамасыз ету (жылына 197 мың тонна).

Шыны өндірісіне қажетті компонент – «кальциленген сода» өндіретін зауыт құрылысын салу мәселесін «Самұрық-Қазына Инвест» АҚ қарастырып жатыр.

Өңдеу саласындағы ірі кәсіпорын «Аралтұз» компаниясы жаңа 3 испан цехын қосып, еңбек өнімділігін екі есе арттырды.

Тау-кен және металлургия өнеркәсібінде «Шалқия» қорғасын-мырыш және «Баласауысқандық» ванадий кен орындарын игеру жобалары өңір экономикасының дамуына ықпал етпек.

Жалпы Индустрияландыру аясында өңірде жалпы құны 613,1 млрд теңге болатын 37 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Оның биыл құны 4 млрд теңгені құрайтын 5 жобасы іске қосылады. Ауыл шаруашылығы саласында дәстүрлі күріш дақылын өсірумен қатар, ылғалды аз қажет ететін дақылдар егістігін арттыру жұмыстары жүргізілетін болады. Сондай-ақ мал шаруашылығына жем-шөп қорын қалыптастыру үшін мал азықтық дақылдар (жоңышқа, сүрлем, жемдік асқабақ) егістігін ұлғайту жұмыстары жүргізіледі.

Инфрақұрылым, оның ішінде әлеуметтік инфрақұрылым жаңғыртылып жатыр. Тұрғын үй құрылысы белсенді жүргізілуде. Коммуналдық шаруашылығы мәселелері кезең-кезеңмен шешілуде. Бүгінде өңір халқының 98%-ы таза ауыз су пайдалануда. 2023 жылы сумен қамтамасыз етудің 11 жобасын республикалық және облыстық бюджеттен жүзеге асырып, халықты ауыз сумен қамту деңгейін 99%-ға жеткізу жоспарланып отыр. Халықтың 67%-ы табиғи газ тұтынуда, бұл 4 қала, 19 ауылдық елді мекен. Жылдың аяғына дейін тағы 5 ауылдық елді мекен газға қосылады. Келер жылы 7 ауылдық елді мекен көгілдір газға қосылатын болады (халықтың 72%-ы). Үздіксіз жылумен қамтамасыз ету үшін жаңа орталығының құрылысын салу мәселесі қарастырылып, ол «Акса энерджи» түрік компаниясының қаржысы есебінен жүзеге асырылмақ. Құны 215 млрд теңгені құрайтын нысанның құрылысы 3 жыл жүргізіледі.

Әлеуметтік салада апаттық жағдайдағы, үш ауысыммен оқытатын мектептердің проблемалары кезең-кезеңмен шешіліп жатыр. 3-пен 6 жастағы балалар мектепке дейінгі тәрбиемен 100% қамтылған. Оған қоса, облыстағы балабақшалардың 73%-ы мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде жұмыс жасайды.

Халыққа медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттыру бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Бүгінде жалпы өлім-жітім көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 24%-ға, жүрек қан тамыр ауруларынан болатын өлім жітім 17,7%-ға, туберкулезден болатын өлім-жітім көрсеткіші 20%-ға, қатерлі ісіктерден болатын өлім жітім 9,4%-ға төмендеп отыр.

Облыстағы өңдеу өнеркәсібінің дамуы 

2022 жылғы 16 қарашада ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстанның биылғы 10 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралды. Аталған кезеңде республикада ЖІӨ өсу қарқыны 2,5%-ды құраған, сондай-ақ Қызылорда облысы өңірлер арасында инвестициялардың өсу қарқыны бойынша бірінші орында тұр, өйткені өңірдегі көрсеткіштің өсуі 25%-ды құрады.

Құрылыс-монтаждау жұмыстарының көлемі бойынша – Қызылорда облысы алдыңғы қатарда. Есепті кезеңде Арал өңіріндегі құрылыс-монтаждау жұмыстарының көлемі 22,9%-ға артқан. Барлық негізгі макро көрсеткіштер бойынша Қызылорда облысы өсім байқалған бестікке кірген. Бұл ретте орнықты даму қарқынын ұстап тұру үшін экономиканы одан әрі әртараптандыру, инвестициялар тарту және тұрақты жұмыс орындарын құру жөніндегі жұмысты күшейту қажет. Қызылордада мұнай қоры азайғанын жоққа шығаруға болмайды. Жаңа тетіктерді іздеп, өндірісті ілгерілетуге ерекше назар аудару қажет. Ауыл шаруашылығында күріштің түсімі азайған. Егісті бастамас бұрын, шаруаларға күріш дақылдарының нақты көлемін анықтау тапсырылды. Биыл егін егіп, жер өңдеп, қажетті өнім алғысы келетін шаруа отбасыларына мүмкіндік берілді. Күрішпен қатар, диқандар басқа дақылдарды, соның ішінде қауын егіп, әртараптандыру саласы кеңейтілді. Өндірісті дамыту, шағын және орта кәсіпкерлікті жандандыру және мұнай мен күрішке сүйенбей мал шаруашылығының әлеуетін арттыру бойынша жұмыс істеу қажет.

Мұнай газ саласындағы жағдайды реттеу және жаңа мұнай кен орындарын анықтау мақсатында 2021 жылдан бері «Шу Сарысу», «Арал» шөгінді бассейндерінде геологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Биыл Шу-Сарысу шөгінді бассейнінде геологиялық-геофизикалық зерттеу жұмыстары аяқталады. Жұмыстардың келесі кезеңін – «мұнай-газ өндіру әлеуетін бағалауды» барлау жүргізетін компаниялар атқаратын болады. 

Сондай-ақ мұнай-газ секторындағы жағдайды реттеудің бірнеше шаралары орталық мемлекеттік органдарға ұсынылып, пысықталып жатыр. Атап айтқанда:

- мұнай өндірудің жаңа әдісін енгізу аясында «ҚазМұнайГаз» АҚ-мен 5 мың метрден астам тереңдікте көмірсутек шикізатына геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу,

- мұнай кен орындарындағы мұнай өндіру көлемін арттырудың құралы ретінде пайдаланып келген газды өңдеу жұмыстарын жүргізу.

2022 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша Қызылорда облысының аумағында өңдеу өнеркәсібімен айналысатын 328 кәсіпорын жұмыс істеп, 3 289 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Осы жылдың 10 ай қорытындысымен өңдеу өнеркәсібі саласында 193,8 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8,3 пайызға артты (2021 ж. 10 айы – 141,7 млрд теңге).

Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібінің келесі салаларында өсім байқалған: 

- металлургия өнеркәсібі 12,2%-ға;

- резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру 25,8%-ға;

- жеңіл өнеркәсіп 53%-ға;

- құрылыс материалдарының өндірісі 3,2%-ға;

- тамақ өнімдерін өндіру 10,4%-ға;

- химия өнеркәсібі 2,3%-ға.

Соңғы 3 жылда өнеркәсіптік өндіріс құрылымындағы өңдеу өнеркәсібі үлесінің артуы байқалады, өсім 6,8%-ды құрады (2019 ж. – 17%; 2020 ж. – 23,2%; 2021 ж. – 23,8%).

Сондай-ақ осы жылдың қазан айынан бастап алғашқы шыны өнімі шығарыла бастады (610 млн теңгеге 4 558 тонна шыны). Бүгінде өнім Астана, Алматы, Шымкент қалаларына жіберілуде. Жыл соңына дейін шыны зауыты 40 мың тонна өнім өндіруді жоспарлап отыр.

Қызылорда облысында 2022 жылдың соңына дейін бес өндіріс ашу жоспарланып отыр. 

Өңірде агроөнеркәсіп кешенінде төрт нысан және құрылыс индустриясында бір нысан пайда болады. Бес өндіріске салынған инвестициялардың жалпы көлемі 9 млрд теңгені құрайды. Ақпаратқа сәйкес, өңірде осы жылдың соңына дейін сою пунктін жаңғырту жөніндегі жобаны іске асыруды аяқтау жоспарланып отыр.

Бұл жобаның құны 2 млрд теңгені құрайды, қуаты – жылына 5 мың тонна өнім.

Сондай-ақ биыл екі аяқталмаған құрылыс іске қосылады. Атап айтқанда, 5,2 млрд теңгеге құс фабрикасының ашылуы күтілуде. Кәсіпорында жылына 3,5 мың тонна құс етін шығару жолға қойылады. Мұнда 120 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Келесі инвестордың құс фабрикасы 2 млрд теңге тұрады. Бұл нысанның қуаты жылына 1,5 мың тонна өнімді құрайды. 60 адам жұмыспен қамтамасыз етіледі.

Өңірде 600 млн теңге тұратын балық өңдеу өндірісі іске қосылады. Қуаты – жылына 324 тонна, жұмыс орындары – 40.

Облыста 2022 жылдың соңына дейін ішкі және сыртқы есіктер өндірісін жолға қою керек. Жоба құны 100 млн теңгені құрайды. Жоба екі кезеңде жүзеге асырылып жатыр. Бірінші кезең аясында металл сыртқы есіктер, екінші кезеңде ішкі есіктер шығарылады.

301141892_368499612137956_6593471075380674963_n.jpg

Тағы да оқыңыз: