Kyzylorda-news.kz. Жалағаш ауданында ҚР Президентінің сайлауы таңғы сағат 7.00-де басталды. Мемлекеттік әнұранмен жұмысын бастаған сайлау учаскелерінде тұрғындар белсенділік танытып, өз дауыстарын беруде. Саяси науқанға өз таңдауын жасауға келген сайлаушылардың қарасы қалың.
№246 орта мектеп ғимаратында орналасқан №132 сайлау учаскесінің төрайымы Айнұр Айбосынова күн шығысымен тұрғындардың өз таңдауын жасауға асыққанын олардың мемлекет болашағына бейжай қарамайтындығымен байланыстырады.
«Өзім ҚР Президенті сайлауында бірінші рет сайлау учаскесінің төрайымы болып отырмын. Алайда осыған дейінгі саяси науқандардың бірінен шет қалған емеспін. Себебі мен үшін де тәуелсіз Қазақстанның болашағы бәрінен маңызды. Өзім дауыс беруге бұған дейін ерте, түске таяу және кештеу барған кездер де болды. Қай уақытта халықтың белсенділігі қалай болады, маған ол жағы таңсық емес. Бүгінгі сайлауда мен жалағаштықтардың белсенділігін анық аңғардым. Таң атысымен ғимарат алдына жиналған халықты көріп, риза болғанымды да жасырмаймын. Әрбір сайлаушының өз таңдауын жасауы еркінде, бірақ осыны іштей әрбіріміз азаматтық міндет санаған дұрыс сияқты», – дейді Айнұр Шыңғысқызы.
Айта кетейік, Жалағаш кенті орталығындағы Шекер Ермағанбетова атындағы білім ошағында орналасқан №132 сайлау учаскесінде 1 810 сайлаушы дауыс бере алады. Сайлау учаскесінің комиссия құрамында 7 адам бар.